24 желтоқсан 2017 09:02

Қазақстандық Арман Оспанов осымен екінші рет жеңілді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов Мәскеуде өткен АСВ 77 турнирінде ресейлік спортшы Александр Полпудниковке төрешілер шешімі бойынша жеңілді, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.


Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов Мәскеуде өткен АСВ 77 турнирінде ресейлік спортшы Александр Полпудниковке төрешілер шешімі бойынша жеңілді, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Жартылай жеңіл салмақта өткен жекпе-жек 3 раундқа жоспарланған болатын. Бірінші раунд аяқталар тұста Арман бірнеше ауыр соққы алып, есін жиып үлгерді. Нәтижесінде уақыт дабылы қос спортшының дем алуына мүмкіндік берді. Ал екінші раунд аса тартысты өтті. Ресейлік спортшы алға ұмтыла түссе, аңдысын тапқан Арман соққының астына алған. "Сұңқардың" соққылары дөп тиюімен ерекшеленді. Әйтсе де екі спортшының да осы сәтте шаршағаны анық байқалды. Бір-бірінің жойқын соққыларын көтеріп қана қоймай, жұдырық сілтеп, тығырықтан шығар жол іздеді. Бұл жолы да спортшыларды екінші раундтың уақыт дабылы тыныстап алуларына мұрша берді.

Үшінші раундта екеуі де шабуылға асықпады. "Сұңқар" әдіске салуға асыққанмен, қарсыласы мүмкіндік бермеді. Бұл раундта Арман қарсыласына есе жібере қойған жоқ. Нәтижесінде уақыт та аяқталып, жеңімпазды төрешілер анықтады. Олар 4:1 есебімен Александр Полпудниковты жеңімпаз ретінде таныды. Ал жиналған көрермен төрешілер шешімімен келіспейтінін білдіріп, ресейлік спортшыға сөз бергенде ысқырыққа басты.

 

Арман Оспанов пен Александр Полпудников осыған дейін де бір-бірімен кездескен. 2013 жылы League S-70 турнирінде өткен жекпе-жекте отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ жеңіп шыққан болатын. Бүгінгі жекпе-жек қорытындысы бойынша бір-бірін жеңіп, нәтижелері теңесті. Ал келесі кездесуге ресейлік спортшы қарсы емес екенін айта кетті.

- Егер төрешілер шешімі ұнамай жатса, үшінші жекпе-жекке шығуға дайынмын. Әрине, Арман келіссе. Сөйтіп нүктесін қоятын боламыз, - деді Александр.

Арман АСВ промоушні аясында үш жекпе-жек өткізуге келісімшарт жасасқан еді. Алғашқы кездесуінде жапон спортшысы Таичи Накажиманы екінші раундта нокаутпен жеңді. Екінші жекпе-жегін Алматыдағы АСВ 69 турнирінің басты жекпе-жегінде бразилиялық спортшы Тиаго Сильваға қарсы өткізіп, қарсыласына есе жіберіп алған. Бұл - отандасымыздың спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісі еді. Бүгін екінші рет жеңілді.

Айта кетейік, АСВ 77 турнирінде қазақ спортшысы Асылжан Бақытжанұлы да қатысып, ресейлік Муслим Махмудовты екінші раундта нокаутпен жеңді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети