26 сәуір 2014 20:50

Нұрсұлтан Тұрсынов – грек-рим күресінен Азия чемпионы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет wrestling.kz сайтынан Сурет wrestling.kz сайтынан

Боз кілем шеберлері арасындағы Азия чемпионатынан бүгін тағы бір алтын медаль олжаладық. Бұл жолы құрлық чемпионы атанған – Нұрсұлтан Тұрсынов, деп сүйінші сұрайды Tengrinews.kz.


Боз кілем шеберлері арасындағы Азия чемпионатынан бүгін тағы бір алтын медаль олжаладық. Бұл жолы құрлық чемпионы атанған – Нұрсұлтан Тұрсынов, деп сүйінші сұрайды Tengrinews.kz.

Грек-рим күресінен 85 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол финалда өзбек Рустам Асакаловты боз кілемге алып ұрып та, шыр айналдырып та, басымдық танытты.

Былтыр осы өзбек балуанынан ұтылып қалған екен, сол жолы кеткен есесін бүгін қайтарды. Көрермендерді риза қылып, құрлық чемпионы атанды. 23 жастағы Нұрсұлтан ширек финалда түркімен Куас Есеновтен, ал жартылай финалда үндіс Кумар Манождан айласын асырған болатын.

Өкінішке қарай, 71 келі салмақта бақ сынаған Мақсат Ережепов финалда Оңтүстік Корея оғланы Джихуион Жунгке есе жіберіп алды. Негізі, Мақсат жеңілген жоқ сияқты еді. Тәжірибелі қарсыласына дес берген жоқ-тын.

Бірақ біз төрешілердің ұпай беру ережелерін әлі түсіне алмай жатырмыз ба, әйтеуір байыбына бара алмай қалдық. Мақсатқа тағы екі ұпай берсе керек еді ғой деп, өкініп қала бердік.

Десек те, күміс медаль да жаман көрсеткіш емес. 24 жастағы Мақсаттың алар асулары әлі алда деп сенеміз. Бүгінгі белдесу оны жігерлендіре түседі деген ниеттеміз. Ол ширек финалда Қытай балуаны Ри Донг Жангты жолынан тайдырып, жартылай финалда қырғыз Қайрат Туголбаевты да тізе бүктірген болатын.

Сөйтіп, бүгін ел қоржынана екі алтын, бір күміс түсті. Бұған дейін Гузель Манюрованың құрлық жеңімпазы атанғанын жазғанбыз. Грек-рим күресі шеберлерінің бүгінгі жеңістері ертең боз кілемге шығатын жігіттерді жеңіске жетелейді деп үміттенеміз.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети