29 қаңтар 2018 12:33

"Нұрлы жер" бағдарламасы: Жиі қойылатын 10 сұраққа жауап

ПОДЕЛИТЬСЯ

Tengrinews.kz тілшісі "Нұрлы жер" бағдарламасымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болғысы келетіндер жиі қоятын сұрақтарға жауап іздеп көрді. Ең көп қойылған 10 сұраққа ТҮҚЖБ мамандары жауап берді. 


Tengrinews.kz тілшісі "Нұрлы жер" бағдарламасымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болғысы келетіндер жиі қоятын сұрақтарға жауап іздеп көрді. Ең көп қойылған 10 сұраққа ТҮҚЖБ мамандары жауап берді. 

Мамандардың айтуынша, осыған дейінгі тұрғын үй саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың бір бөлігі "Нұрлы жер" бағдарламасына біріктіріліп отыр. Жобаның басты ерекшелігі - халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бір емес бірнеше бағытты қамтитын кешенді шаралардың қолға алынып отырғандығы. Олардың қатарында мемлекет субсидиясының көмегімен құрылыс компаниялары алатын несиелерді арзандату, ипотекалық несиелерді субсидиялау, әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салу жұмысын ары қарай жалғастыру, жекеменшік жер үйлер нарығының дамуына үлес қосу секілді мәселелер бар.

"Басты артықшылықтарына пайыздық мөлшерлеменің төмендігін, бағдарламаға кіретін тұрғын үйлердің шаршы метр бағасының нарықтық құннан арзанырақ болатынын, "Нұрлы жер" бойынша тек пәтер емес, жекеменшік жер үй алуға мүмкіндігінің бар екенін жатқызуға болады", - дейді ТҮҚЖБ өкілдері.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы "Нұрлы жер" бағдарламасына қалай қатысуға болады?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысудың үш жолы бар. Бірі - жекеменшік құрылыс компаниялары салған көппәтерлі үйден баспана алу, екіншісі - жергілікті атқарушы органдар арқылы сатылатын нысандардан пәтер алу, үшіншісі - әкімдік арқылы кезек бойынша берілген жер теліміндегі жекеменшік жер үй сатып алу.

Бірінші жолмен баспана аламын десеңіз, сізге біздің банктен депозит ашып, пәтер сатып алушылар пулына қатысу туралы өтінім беріп, тұрғын үй сатып алудан үміткер атану қажет. Осыдан кейін депозитіңізде үй құнының 30 пайызына тең соманы жинау керек болады. Уақытында қажет қаражат көлемін жинай алсаңыз, банктің алдында төлем қабілеттілігіңізді растап, заем ресімдейсіз. Жеке құрылыс компаниялары салған нысандардағы пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы Астана, Алматы қалаларында 260 мыңға дейін, ал басқа өңірлерде 220 мың теңгеге дейін.

Жергілікті атқарушы органдар арқылы сатылатын пәтер иесі атанамын десеңіз де сізге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, үй құнының 30 пайызына тең сома жинау керек. Мұнда да пәтер сатып алушылар пулына қатысу туралы өтінім беріп, тұрғын сатып алудан үміткер атану қажетсіз. Бірінші бағыттан ерекшелігі, мұнда шаршы метр бағасы арзанырақ, атап айтқанда Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында 180 мың теңгеге, ал басқа аймақтарда 140 мың теңгеге дейін сатылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтығының немесе оралман мәртебесінің болуы; Қазақстан Республикасы аумағында өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің жоқтығы, сонымен қатар оларда соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару немесе тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлатуы фактілерінің болмауы секілді бірқатар талаптар бар.

Бұл екі бағыттан бөлек азаматтар "Нұрлы жер" арқылы біздің банктен жекеменшік жер үйді де жеңілдетілген займмен сатып ала алады.

Ол үшін сізге:

·         әкімдікте жер телімін алу кезегінде тұру;

·         әкімдік берген бағыттаманы алу;

·         Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашу;

·         сол депозитке үй құнының кем дегенде 30 пайызына тең сома жинау

·         банк алдында төлем қабілеттілігіңізді растау керек.

Әкімдіктер (жергілікті атқарушы органдар) салған үйлердегі пәтерді кімдер ала алады?

"Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы" бағыты бойынша тұрғын үй салуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Пәтерлердің кем дегенде 50 пайызы жергілікті әкімдіктерде тұрғын үй алу үшін кезекте тұрған азаматтар арасында бөлістіріледі, ал қалған пәтерлер кезекте жоқ басқа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына беріледі. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін кезекте тұрған азаматтарға да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, ақша жинай бастау керек. Сондай-ақ барлық үміткерлер келесі талаптарға сай болуы тиіс:

- ҚР азаматығы немесе оралман мәртебесіне ие болуы;

- ҚР аумағында меншігінде тұрғын үй болмауы керек (үміткердің де, онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің де атында);

- соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату фактілерінің болмауы (үміткерде де, онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінде де); 

- Алматы және Астана қалаларында тұрғын үй сатып алудан үміткер азаматтар аталған қалаларда соңғы 2 жыл бойы тұрақты тіркеуде тұрулары қажет;

- төлем қабілеттілігін растау.

"Нұрлы жер" бағдарламасының аясында тұрғын үй алудан үміткерлерге қойылатын жас шектеулері бар ма?

Бағдарламаға қатысатын ТҮҚЖБ салымшысының жасы 65-тен аспауы тиіс.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шотты қалай ашуға болады?

ҚТҚЖБ-ден шот ашу үшін сіз Банктің жақын орналасқан бөлімшесіне бара аласыз, сондай-ақ үйге немесе жұмысқа кеңесші шақыртуға болады. Кеңесшілер үшін Банк жұмыс уақытын ұлғайтып отыр: бөлімшелер 18.00-ге дейін ғана жұмыс істесе және сенбі-жексенбі демалса, кеңесшінің көмегімен 21.00-ге дейін, сонымен қатар демалыс күндері де депозит ашуға болады.

ҚТҚЖБ-ден шот ашу үшін қанша ақша керек?

Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекітуді 15 000 теңгеден бастай аласыз, бұл сома келісім-шартты күшіне енгізу үшін керек. Ал жинақ туралы келісім-шарттың өзін ресімдеу үшін ақша алынбайды, бұл - тегін қызмет.


"Нұрлы жер" бағдарламасының аясындағы ТҮҚЖБ несиелендіруінің шарттары қандай?

"Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы" бағыты бойынша пәтер сатып алушылар пулына өткен Банк салымшылары келісім-шарт сомасының 30 пайызы көлеміндегі ең төменгі жинақ қаражаты болған жағдайда алдын-ала тұрғын үй займын ала алады. Несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызды. Қаражатты ҚТҚЖБ депозитінде біртіндеп жинауға да, бір сәтте бәрін бірақ құюға да болады.

Өз-өзін жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар ҚТҚЖБ-дан жеңілдетілген заем ала ала ма?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тек мемлекеттік қызметкерлерге арналған деген пікір бар. Шын мәнінде кез келген адам, тіпті ресми түрде жұмыс істемейтін жандар да депозитте ақша жинап, банктен заем ала алады. Салымшы үш жыл бойы тұрақты түрде ақша салып тұрып, керек қаражаттың жартысын жинап, қажетті бағалау көрсеткішіне қол жеткізсе, ол табысын аз ғана деректермен растап, жылдығы 5 пайыз болатын несие алу құқығына ие.

Қажет соманы тезірек жинаудың қандай тәсілдері бар?

Ақша жинап бастаған ҚТҚЖБ салымшысының шотына жыл сайын 2% көлеміндегі банк сыйақысы, сондай-ақ 200 айлық есептік көрсеткіштен (осы жылы 481 000 теңге болып отыр) аспайтын 20% көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақысы қосылып отырады. Яғни 2018 жылы әр салымшыда жыл қорытындысы бойынша 96 200 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы алу мүмкіндігі бар. Жинақ бұдан да тиімдірек болсын десеңіз, «Отбасылық пакетті» пайдаланып көрсеңіз болады. Бұл қызмет түрі бойынша сізге барлық отбасы мүшелерінің атына депозит ашу қажет. Сонда мемлекеттің сыйлықақысы әр шот бойынша бөлек-бөлек есептелетін болады, ал пәтер сатып алушылар пулына өткен жағдайда барлық отбасы депозиттерін оп-оңай біріктіре аласыз. Бұл тәсіл әлдеқайда тиімдірек.


Несиелендіру мерзімі қандай?

Бағдарлама аясындағы несиелендіру мерзімі 25 жылға дейін.


Салынып жатқан нысандар туралы біліп, өтінімді қалай беруге болады?

"Нұрлы жер" бағдарламасының аясында салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл портал тұрғын үйлерді таңдау ыңғайлы, ал бөлістіру ашық, айқын болсын деп арнайы жасалған. Мұнда қолжетімді үйден үміткер азамат өзі пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, аймақта қандай нысандар салынып жатқанын біліп, өтініп қабылданып жатқан-жатпағанын анықтап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінім бере алады. Нысан бойынша өтінімдер қабылдау құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше ай қалғанда басталады. Пулға барлық ТҮҚЖБ клиенттері қатыса алады, алайда мемлекеттік бағдарлама талаптарына толық сай келетін және ең көп балл жинаған салымшылар ғана баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Балл саны депозиттің қаншалықты тұрақты толықтырылып отырғандығы және шоттың әрекет ету мерзіміне байланысты. Осылайша депозит неғұрлым ерте ашылса және оған дер кезінде ақша салынып отырса, балл да соғұрлым жоғары болмақ. Балды арнайы бағдарлама есептейді, адам араласа алмайды, яғни процесс ашық автоматты түрде жүреді.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети