Мәртебесі барлық велобәйгелерден жоғары "Тур де Франс" көпкүндігі биыл 101-ші рет өтеді. "Астана" осы дүбірлі додада бәйгеге түсетін саңлақтарын жариялап та қойған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz еліміздің аталған велоклубының ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәртебесі барлық велобәйгелерден жоғары "Тур де Франс" көпкүндігі биыл 101-ші рет өтеді. "Астана" осы дүбірлі додада бәйгеге түсетін саңлақтарын жариялап та қойған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz еліміздің аталған велоклубының ресми сайтына сілтеме жасап.
Биыл 101-ші "Тур де Франс" көпкүндігі 5-27 шілде аралығында өтеді. Әдеттегідей 21 кезеңдік жарыстан тұрады. Жалпы ұзақтығы – 3664 шақырым.
23 күнде велошабандоздар 21 рет жарыс жолына шығады. Оның тоғызы жазық жолдарда өтіп, таулы-қыратты жолдардағы алтауында бес биік шоқыға көтеріліп-түсуге тура келеді. Бесеуінің көмбесі биік таудың басына тігілген. Бір рет велоспортшыларды сөреден жеке-жеке жіберетін бәйге өткізіледі. Осылардың арасында екі күн ғана демалыс болады.
Биылғы "Тур де Франс" көпкүндігі Ұлыбританияның Лидс қаласынан басталады. Жалпы, биыл алғашқы үш кезеңдік жарыс Англия жерінде өтеді. Бесінші кезеңдік жарыс Бельгияда ұйымдастырылатын болып белгіленген. Сондай-ақ көпкүндіктің бекітілген жолдары Испания жерін де басып өтеді.
Бас бәйгені сарапқа салатын 22 команданың сапында қазақтың "Астанасы" да бар. Қазақстан велоклубы биыл мына саңлақтарға сенім артып отыр:
1. Винченцо Нибали (Италия),
2. Алессандро Ванотти (Италия),
3. Микеле Скарпони (Италия),
4. Якоб Фульсанг (Дания)
5. Танел Кангерт (Эстония)
6. Андрей Гривко (Украина)
7. Льюве Вестра (Нидерланды)
8. Максим Иглинский (Қазақстан),
9. Дмитрий Груздев (Қазақстан).
"Астананың" биылғы "Тур де Франс" көпкүндігіндегі басты мақсаты – қорытынды есепте Винченцо Нибалидің жеңіске жетуіне жағдай жасау.
Бұл рете Нибалиға таулы-қыратты жолдарда негізінен Кангерт, Фульсанг және Скарпони сынды тарланбоздар көмектеседі.
Ал желге қарсы жолдарда Гривко мен Груздев, ал тас төселген жодарда Вестра мен Иглинский бар күш-жігерін салып, көмектесуі керек.
Ванотти болса, Нибалидің "оққағары" секілді қасынан бір елі қалмауы керек. "Астананың" ұстанған тактикасы – осы.