07 сәуір 2022 | 09:30

"200 жылға дейін өмір сүреміз". АҚШ микробиологының қартаю гені туралы сұхбаты

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

Адам 200 жылға дейін өмір сүре ала ма? Ол үшін не керек? Заманауи ғылым адамзаттың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін көптеген зерттеу жүргізіп келеді. Америкалық микробиолог, медицина ғылымдарының докторы Натан Вудсың пікірінше, гендік инженерия көмегімен орташа өмір сүру мерзімін 95 пайызға дейін көбейтуге болады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында адам өмірін ұзартуға байланысты зерттеу қалай жүріп жатқанын айтып берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Адам 200 жылға дейін өмір сүре ала ма? Ол үшін не керек? Заманауи ғылым адамзаттың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін көптеген зерттеу жүргізіп келеді. Америкалық микробиолог, медицина ғылымдарының докторы Натан Вудсың пікірінше, гендік инженерия көмегімен орташа өмір сүру мерзімін 95 пайызға дейін көбейтуге болады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында адам өмірін ұзартуға байланысты зерттеу қалай жүріп жатқанын айтып берді. 

Медицина докторы Натан Вудс 2014 жылдан бастап Гарвард университетінде микробиологиядан дәріс оқиды. Сонымен қатар, америкалық дәрігер Хопкинс клиникасына қарасты зерттеу орталығында адам өмір сүру ұзақтығын молекулалық деңгейде зерттеп, медициналық генетикаға кешенді талдау жасап жүр.

Натан Вудс, микробиолог, медицина ғылымдарының докторы

Реклама
Реклама

Ол әңгімені өмір сүру мерзімін көбейтуге бағытталған ғылыми зерттеулерден бастады.  

"Бұған дейін адам өмірін ұзарту тек фармакологиялық және дәрілік мақсатта мүмкін болса, қазіргі уақытта нақты ғылыми анықтамамен дәлелденген генетикалық жолы да пайда болды. Ғылым бір орында тежеліп қалған жоқ, күн сайын бір деректің орнын жаңа теория басып жатыр. Мысалы, бүгінде жануарлардың өмір сүру ұзақтығын арттырудың 30-ға жуық әдісі анықталды. Бұл тек жануарларға қатысты емес, зерттеуге флорадан бастап көзге көрінбейтін микробактериялардың өзі ілікті", - дейді ол.

Микробиолог гендік инженерия арқылы адамның өмір сүру ұзақтығын қалай созуға болатынын түсіндірді.

"Бұл адам өмірінің ұзақтығына не қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Кез келген тіршілік иесінің соматотропині, яғни өсу гормоны және қартаю гені болады. Егер осы қартаю генін сәтті мутациялай алсақ, өмір сүру ұзақтығын созамыз. Осы тұста геннің өзгеріске белсенділігін де ескерген жөн. Бұл жауап өте қарапайым болуы мүмкін, дегенмен бұл генетикалық трансформация оңай шаруа екенін аңғартпайды. Қазір адамға негізделген генді өзгерту процесінің тиімділігі өте төмен, биоалмасу көрсеткіші тұрақты емес", - дейді Вудс.

Сонымен қатар, ол генді мутациялауға не кедергі екенін айтты. 

"Қарапайым тілмен айтқанда, қажетті генді анықтап, оны ары қарай түрлендіру керегін білсек те, олардың басым көпшілігі бірдей жасушалық процестерге қатысады. Мысалы, өсу гормонын арттыратын гендер иммунды жүйенің қорғанысына жауап беруі мүмкін, яғни бір мезетте екі операцияны қатар алып жүре алмайды. Осындай ньюанстар бар. Сол себепті де бұл трансформация жолы тек зерттеу шеңберінде қалып отыр", - дейді медицина докторы. 

Натан Вудстың айтуынша, бұл проблема қашан шешілетінін дөп басып айту қиын. 

"Заманауи биоинформатика жан-жақты зерттеуді талап етеді. Біз адам өмірін ұзартудың механизмін толық зерттей алдық па? Әрине, жоқ. Әзірге тек бірнеше жолын ғана қарастырып үлгердік, бірақ олардың өзі сенімді мәлімдеме жасауымызға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі зерттеудің нәтижелеріне сүйенетін болсақ, адам өмірін 130-140 жылға дейін ұзартуға болады. Бұл үшін адам өміріне кері әсері жоқ әдістерді де қолдануға болады. Ал қашан 200 жыл не мәңгі өмір сүреміз деген сұраққа жауап беру өте қиын. Бұл әзірге риторика сияқты болып тұр", - дейді ол.

Дегенмен, америкалық ғалым гендік трансформация уақыт еншісіндегі мәселе екенін алға тартты.

"Менің пайымдауымша, болашақта қартаю дегеніміз кез келген вирус сияқты аурудың бір түріне айналады. Өйткені ғылым, әсіресе, генетикалық жүйеге негізделген зерттеулер 20 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 440 пайызға артты. Атап өту керек, бұл биоэтика және БҰҰ-ның клондауға қарсы нормативін есепке алған жағдайдың өзінде жеткен жетістігіміз. Сондықтан да гендік трансформация сәтті аяқталатынына еш күмәнім жоқ", - деді Натан.  

Сондай-ақ, ол қолданыста бар тәсілдер арқылы адам өмірін қалай ұзартуға болатынын айтты. 

"Адам өмірін дәрі-дәрмек және диета арқылы ұзартуға болады. Бұл бүгінде қолданыста бар әрі ең оңтайлы әдіс екенін айтқым келеді. Дәрінің көмегімен адам өмірін 25 пайызға дейін ұзартуға болса, диета және спорттың көмегімен 30-35 пайызға дейін арттыра аламыз. Ең тиімді жолы - генетикалық манипуляция. Айтып өткенімдей, бұл әдісті әлі де күту керек, сондықтан көпшілікті диета ұстауға шақырамын. Адамдар ұзақ өмір сүргісі келсе, өзінің не жеп жүргенін жақсы білуі керек. Мысалы, бір бургер қозғалысы аз адамның өмірінің 40 минутын ұрлайды. Мәселе тек фаст-фудта емес, күнделікті тұтынып жүрген тамақтарымыздың басым көпшілігін қалай жеу керек екенін білмейміз. Оның салдарынан түрлі ауру пайда болып жатады. Ал ауру ағзаның қартаю гені белсенді болады", - дейді Натан Вудс.

Микробиолог адам өмірін ұзартудағы басты мақсатын жеткізіп, оның ерекшелігін атап өтті.

"Бізге ең көп қойылатын сұрақтың бірі осы болды. Қартаю дегеніміз - ағзаның дұрыс жұмыс істемеуі, оның құрылымының регенерацияға ұшырауы. Енді ойланып көріңіздерші, біздің мақсат қандай? Ең алдымен, адамның денсаулығында уақытымен келетін проблемаларды жойғымыз келеді, ал өмір сүру узақтығы жай сан болып қала береді. Осы тұста атап өтейін, қартаю генін тежегенде адамның ақыл-ойы мен физикалық мүмкіндігі де қартаймайды. Демек, 130 жаста да сау адамның тіршілігімен айналысуға болады", - деп қорытындылады ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram