11 шілде 2019 16:09

Бие сүтінен жасалған "Қазақ шоколадының" пайдасы

ПОДЕЛИТЬСЯ


Салауатты өнімдер туралы қалыптасқан түсінігіміз қаншалықты орынды? Мысалы, қант қосылған сүт өнімдерін - түрлі йогурттерді қалыптасқан дағдымызға сай балаларға ұсынған кезде олардың денсаулығына қаншалықты пайда немесе зиян әкелетіндігі туралы ойлана бермейміз. Сондықтан, осы "тәтті" қанттың "ащы" зардабын татамыз. Бұл туралы Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов өз пікірімен бөлісті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Жалпы, "тәтті" деген түсінікті қанттың дәмінен ажырату қажет, себебі, қант - зиянды және уытты заттек, химия өнеркәсібі заманының жанама әсері мол, жасанды туындысы. Демек, "қант - халық денсаулығының жауы" деп айтуға толық негіз бар. Бұрынғы заманда қазақтар құртты, ірімшікті қант қоспай әзірлеген ғой, қазақтың дәстүрлі ұлттық тағам өнімінде қант болмаған.

Әр тағамның өзінің ұнамды табиғи дәмі болады. Мысалы, бие сүтінде лактозаның мөлшері сиыр сүтіндегіге қарағанда 1,5 есе көп болғандықтан, одан жасалған өнімдердің ұнамды тәттілеу дәмі бар. Сондай-ақ, бие сүті - құрамында зиянды трансмай қышқылдары болмайтын, табиғатта кездесетін жалғыз сүт көзі.

Салыстыру үшін: сиыр сүтінде 8 пайызға дейін трансмай қышқылдары кездеседі. Ал сұйық майды технологиялық  өңдеу барысында аталған зиянды трансмай қышқылдары одан да көп мөлшерде - 11 пайызға дейін түзіледі. Сонымен қатар, бие сүтінің ақуыздары нәзік альбуминді тектес келеді, бұл дегеніміз оның сиыр сүтіне қарағанда (оның ақуыздары - казеинді тектес - ауырлау) жеңіл сіңімділігін көрсетеді.

"Біздің Қазақ тағамтану академиясы осы тұжырымдарды ғылыми  дәлелдеуін жалғастыра отырып, бие сүтінен салауатты тағам өнімдерін әзірлеп шығарды. Атап айтқанда, әлемде тұңғыш рет бие сүті негізіндегі шоколадты әзірлеп, бүгінде академияның ғимаратында орналасқан кондитерлік цехта оның өнеркәсіптік шығарылымы іске асырылып жатыр. Бие сүті негізіндегі "Қазақ шоколады" дәстүрлі ұлттық тағам өнімдерінің қатарын молайтуымен қатар денсаулыққа пайдалы екендігін ескеру қажет. Бұл - көптеген тамақтануға тәуелді аурулар кезінде, мысалы, жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары ауруларында, қант диабетінде, артық дене салмағы болуында, аллергия кезінде, иммунитеттің әлсіреуінде, т.б., сондай-ақ, балалар тағамында  емдәмдік профилактикалық мақсатта тұтынуда пайдасы дәлелденген өнім", - дейді Төрегелді Шарманов.

2017 жылы бие сүті негізіндегі шоколадты өндіру ісі мемлекет тарапынан қолдау тауып, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым Қоры арқылы арнайы грант бөлініп, өнім "Қазақстан ғылымының өнімі" белгісінің аясында шығарылады. Өндіріс туралы ақпаратты мына жерден көруге болады. 

Биыл мамыр соңында Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар делегациясы Алматы қаласына жұмыс сапарының аясында Қазақ тағамтану академиясына арнайы барып, бие сүті негізіндегі шоколадты өндіру ісімен танысып, оған жоғары бағасын берді.

"Бұл - бүкіл әлем диетологтарының арманы" - деп тұжырымдады Дариға Назарбаева.

Маусым айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында Білім және ғылым министрлігінің Ғылым Қоры ғимаратында бие сүті негізіндегі шоколадты әзірлеуге арналған жобаны іске асыру шеңберінде семинар өтті. Оның  аясында жиналған тұтынушылар қауымы шоколадтың дәмін сынап, оның пайдалы қасиеттерімен қатар дәмінің ұнамды екендігін де атады.

"Бүгінгі таңда ғылыми-теориялық тұжырымдарды іс жүзінде дәлелдеп, нәтижесінде пайдалы өнім шығарып, халық денсаулығын нығайтуға үлес қосу арқылы берекелі болашақтың негізін қалау үстіндеміз", - деп түйіндеді Қазақ тағамтану академиясының президенті.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети