27 сәуір 2017 16:33

СҚО-дағы су шайып кеткен ауыл: Су терезеге дейін көтеріліп, көліктерді алып кеткен

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz © Tengrinews.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су басу қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Аудан орталығы маңындағы Тепличное ауылында үйлердің жартысын су басқан. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су басу қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Аудан орталығы маңындағы Тепличное ауылында үйлердің жартысын су басқан. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Тепличное ауылында 230 үйдің жартысын су басқан. Тұрғындар ауыл ішінде қайықпен жүруге мәжбүр. Ауыл ішінде су деңгейі әр түрлі, бір жерде еден ғана су болса, бір жерде су терезеге дейін көтерілген. 

"Су аздап көтерілген, кеше су ана көліктің терезесіне ғана жетіп тұрған. Бүгін төбесі ғана көрініп тұр", - деді ІІМ ТЖК Аймақтық орталық аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушысы Марат Сыздықов. Ауылда жалпы 25 құтқарушы жүр. Марат Астанадан келген екен. Бірнеше күн жуынып, қырынбағандықтан сұхбат беруге аса ықыласты емес, дегенмен, жағдайға шағымданып отырған жоқ. 

"Жеп-ішер бар, демалып алу қиын. Мектеп-интернатқа тоқтадық. Кезекпен демаламыз, қатты шаршағанда ғана, қалғанымыз жұмыс істейміз. Кеше таңғы 4-те арғы беттегі Пребрежное ауылында жұмыс істедік, су бөгеті жарылып, үйлерді су алып кетті. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, қап тасып, бекіттік. Жағдай тұрақталғанда осында келдік. Таңғы 7-ден бері су бөгетін нығайтып жатырмыз, судың бұзып кету қаупі бар", - дейді Марат Сыздықов. 

Ал полицейлер әр үйге кіріп, ауылдан кету керектігін ескертіп жүр. Валентина Сорока Тепличное ауылында 1958 жылдан бері тұрып келеді. Құжаттары мен заттарын жиып, ол алдын ала дайындалғанын айтады. 

"Біздің көшеде су болған емес, ал ана көшеде 1974 жылы бірінші қабаттың терезесіне дейін су көтерілген. Бізді ешқашан су басқан емес. Кетуін кетеміз, тонаудан қорқамыз. 3 күн бұрын құжаттарды, бәрін жиып қойғанбыз", - дейді 77 жастағы әжей. 

26 сәуірде Есіл өзенінде судың көтерілуіне байланысты ауылдарды су алған еді. Алқапқа жайылған кезде Есіл суы Пестрое көлінің суымен қосылған. 

"Көлдегі су деңгейі көтеріліп, жағалауға таралды. Су ауылға қоршалмаған жақтан келген. Барлық күш тартылды. 1200 метр бөгет жасалды", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев.

Дегенмен су әлі толастамайды. 

"Сергеев су қоймасында тағы да су көтерілді. Қазір су бөгеттен 224 сантиметр асып отыр, 28 сәуірде шегіне жетеді. Оның суын келесі су бөгеттері арқылы тосамыз", - дейді Антон Федяев.

Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное ауылында 500-дей адам тұрады. Тұрғындардың жартысы үйлерін тастап, Петропавлға кеткен. Аудан орталығы да судан зардап шеккен. Кожзавод ауданында 100-ден астам үйді су алған. Заречный ауылының тұрғындары аудан орталығынан ажырап, аралда отырғандай күйде. 

Өңірге бүгін Астанадан гуманитарлық көмек келген. Оны шығын мәліметтеріне сәйкес үлестіреді. 

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзеніндегі су деңгейі соңғы 23 жылдағы көрсеткіштен асып отыр.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети