01 шілде 2014 14:58

Испанияның жас таланттары футбол мамандарын тәнті етті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ffk.kz сайтынан Фото ffk.kz сайтынан

Астанада футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында VII халықаралық "Қазақстан Президенті кубогы" тәмамдалып, Испания жеткіншектері жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Астанада футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында VII халықаралық "Қазақстан Президенті кубогы" тәмамдалып, Испания жеткіншектері жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сәті түсіп, Елбасы кубогының ақтық ойынын "Астана-Арена" стадионында отырып тамашаладық. Финалда Испания және Грузия жеткіншектері кездесті.

"Фурия роха" ("Қызыл фурия") жастары жасыл алаңда ойнақ салып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Стадионда көрермендер аз болып, негізінен теңбіл мамандары отырған еді. Солардың бәрі Испания жеткіншектерінің өнеріне тәнті болып, ауыздарының суы құрыды.

Құдды, алаңда бұғаналары бекімеген бозбалалар емес, шеберліктері толысқан теңбіл доп майталмандары жүргендей. Жылдамдықтары жоғары, қимылдары шапшаң, техникалық шеберліктері адам қызығарлықтай. Жасыл алаңда ойлау қабілетерімен де өзгелерден озық шықты.

Біреуі допты қабылдап алса, айналасындағылар дереу ашыла қойып, тыным таппайды. Әрдайым аяғында добы бар футболшының ойынды одан әрі өрбітуге екі-үш варианты бар.

Негізінен қысқа пастармен допты арлы-берлі қақпақылдап, қарсыластарының бастарын айналдырады. Грузия жеткіншектері аяқтарына доп тимей, жиі-жиі бос далбақтаумен болды.

Қысқасы, ойын 6:1 есебімен аяқталды. "Фурия роха" таланттары екінші таймда тізгіндерін тартыңқырап, Грузия U-17 құрамасының қақпасын доппен нығыздай беруге тырысқан жоқ. Әйтпесе, есеп бұдан да сорақы болар ма еді.

Негізі, Грузия жеткіншектері де осал емес болатын. Өз тобында Қырғызстан қырандарын 10:0 есебімен ойсырата ұтып, біздің бозбалаларымызбен 0:0 есебімен тең түскен-ді.

Финалдық ойыннан соң баспасөз мәжілісі өтті. Оған дәстүрлі додада бақ сынаған құрама командалардың аға жаттықтырушылары (бас бапкерлері) қатысты. Бәрі де Испания U-17 құрамасының өнеріне тәнті болғандарын жасыра алмай, сүйсінді.

Мысалы, Грузия U-17 құрамасының бас бапкері Гоча Ткебучава "нағыз футбол додасын бүгін ғана көрдік, шәкірттерім өздерін футболшы санап, кеуделерін кере бастап еді, бүгін сабаларына түсті, бізге сабақ үйреткен Испания жастарына орасан зор рахмет, келесі жылы осы Испания жеткіншектері сияқты деңгейі жоғары командаларды көбірек шақырсаңыздар екен", – деді тамсанып.

Ал Қазақстан U-17 құрамасының аға жаттықтырушысы Константин Фролов "біз әр ойыннан сабақ алып, тәжірибе жинақтап жүрміз, қателіктеріміз көп, әрине, бірақ дұрыс жолмен келеміз", – деп ашығын айтуға тырысты.

Журналистер болса, негізінен Испания жеткіншектерінің бас бапкеріне сұрақ қоюмен ғана болды. Бұл турнирде "Фурия роха" таланттарының ойындарына таңдай қақпаған жан жоқ.

Сөз соңында айта кетейік, Қазақстан U-17 құрамасы өз тобында Қырғызстан бозбалаларын 3:0 есебімен ұтып, ал Грузия жеткіншектерімен тең түсті. Ал үшінші орын үшін өткен матчта Тәжікстан таланттарымен 1:1 есебімен тең түсіп, пенальтиде 3:4 есебімен есе жіберіп алды. Сөйтіп, үздік үштікке ене алмай, төртінші орынды қанағат тұтты.

Ал VII халықаралық доп додасының қорытынды кестесінде алты елдің жеткіншектері төмендегі ретпен сап түзеді:

1-орын. Испания, 2. Грузия, 3. Тәжікстан, 4. Қазақстан, 5. Әзірбайжан, 6. Қырғызстан.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети