18 мамыр 2014 19:00

"Команда-лифт" тербеліс ырғағына сай төмен түсті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото hcbarys.kz сайтынан Фото hcbarys.kz сайтынан

Шайбалы хоккейден Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатының аяқталуына сегіз күн қалғанда, бірінші топқа түсетін екі команданың бірі белгілі болды. Ол – Қазақстан ұлттық құрамасы, деп күйзеледі Tengrinews.kz тілшісі.


Шайбалы хоккейден Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатының аяқталуына сегіз күн қалғанда, бірінші топқа түсетін екі команданың бірі белгілі болды. Ол – Қазақстан ұлттық құрамасы, деп күйзеледі Tengrinews.kz тілшісі.

Шетелдік (әсіресе ресейлік) басылымдар біраздан бері Қазақстан құрамасын "команда-лифт" деп атап кеткен. Кеше түнде ұлттық құрамамыз Швейцария хоккейшілерінен 2:6 есебімен ұтылып, жоғары дивизионда қалмайтындығы белгілі болғанда, IIHF (Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының) ресми сайтындағы осы ойын туралы жазылған мақалада "команда-лифт" деген сөз тағы да қылаң берді...

Негізі, бұл термин ең алғаш футболда қолдана бастаған секілді. Екі дивизионның (топтың) арасында тербеліп жүретін командалар осылай аталады (немісше - fahrstuhlmannschaft, испанша – equipo ascensor, ағылшынша – yo-yo club).

Ал біздің құрама 2009 жылдан бері жоғары дивизион мен бірінші дивизион арасында синусоида сұлбасындай тербеліп жүр. Тербеліс ырғағын бұзбай, бір жыл жоғары дивизионда, бір жыл бірінші дивизионда:

2009 жыл, бірінші дивизион, Вильнюс (Литва), 1-орын;

2010 жыл, жоғары дивизион, Кельн/Мангейм (Германия), 16-орын;

2011 жыл, бірінші дивизион, Киев (Украина), 1-орын;

2012 жыл, жоғары дивизион, Хельсинки (Финляндия), 16-орын;

2013 жыл, бірінші дивизион, Будапешт (Венгрия), 1-орын;

2014 жыл, жоғары дивизион, Минск (Беларусь), 16-орын;

2015 жыл, бірінші дивизион, ?


Биылғы әлем чемпионаты әлі аяқталған жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасы ертең финдермен кездеседі. Азуы алты қарыс Финляндия құрамасын жеңіп кетсе де, енді «В» тобындағы ең соңғы орыннан жоғары көтеріле алмайды.

Дәл қазір біздің құраманың еншісінде екі-ақ ұпай бар. Ал бізден жоғары орналасқан Германия құрамасының қоржынында – 5 ұпай. Германия хоккейшілерінің енді екі ойыны бар. Олар осы екі матчта да ұтылып қалып, ертең біздің құрама жеңіске жетсе де, енді біз олардың алдын орай алмаймыз. Екеуара кездесуде ұтылып қалғанбыз (овертаймда). Ал қалғандары біздің құрамадан қара үзіп кеткен.

Бірінші дивизионға жөнелтілетін екінші команда «А» тобының аутсайдері болады. Әзірше бұл топта Италия құрамасы үш ұпаймен соңғы орында тұр.

Болар іс болды. Енді осы тербеліс ырғағы бұзылмай, 2015 жылы жоғары дивизион жолдамасын қайтадан жеңіп алсақ дейміз. Кім біледі, бәлкім, 2016 жылы жоғары дивизионға тұрақтап, кіл мықтылар арасындағы орнымызды сақтап қалармыз. Алда екі жыл болса да, үмітімізді үзбейміз...

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети