09 маусым 2016 13:02

Ақтөбедегі теракт: Күдіктілер қатарында суреті жүрген ауыл тұрғыны ұйқысы бұзылғанын айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

WhatsApp арқылы таралып жатқан сурет WhatsApp арқылы таралып жатқан сурет

Ақтөбе облысының ауыл тұрғыны өзінің жеке мәліметтері мен суреті бар "бағыттаманың" қателіктен жасалғанын айтып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Ақтөбе облысының ауыл тұрғыны өзінің жеке мәліметтері мен суреті бар "бағыттаманың" қателіктен жасалғанын айтып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

43 жастағы Самат Қожаниязов мектепте жұмыс істейді. Ол теракт жайында келесі күні бірақ білгенін айтты. Ал өз суретін Интернеттен көріп қалыпты. Ер адам 5 маусымда әкесінің садақасын бергенін, мұны ауыл тұрғындарының барлығы білетінін айтты.

"Маған облыс әкімінің өкілі келіп, жеке мәліметтерімді алып кетті. Олар әзірше ауылда болуым керек екенін айтты. Бұған дейін сотты болмағанмын. Сосын маған полицейлер келіп, жағдайды сұрастырып, түсініктеме жазғызды. Онда ауылда болғанымды жаздым, ауылдағылардың барлығы, ауыл әкімі де біледі ғой менің ауылда болғанымды. Үш баланың әкесі екенімді, бірінің балабақшада, бірінің оныншы сыныпты бітіріп жатқанын, бір баламның әскерде жүргенін жазып бердім. Өзім ауылда мектепте жұмыс істеймін, әйелім медбике болып жұмыс істейді", - дейді Қожаниязов.

Бірақ ол сотқа бере ме, жоқ па, мұны әлі шешпепті. Ал әйелі сотқа беруін сұрап отыр екен. Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктегілер оның Ақтөбедегі атысқа еш қатысы жоқ екенін және қателік болғанын БАҚ арқылы ресми түрде айтуға уәде беріпті. 

Сонымен қатар, ер адам бұл жайтқа қатты уайымдап жүргенін айтты. "Суретімді қайдан алғандарын да білмеймін, мұны кімнің неліктен таратқанын білмеймін. Ешкіммен ісім жоқ, қарапайым адаммын ғой. Біреулер аты-жөнім біреудің аты-жөнімен бірдей болды, сондықтан қателік кеткен болар деп айтып, болжам жасап отыр. Бұл оқиға мазамды алды, осымен төртінші күн тыныш ұйықтамадым", - дейді ауылдық азамат.

Еске салайық, ІІД әлеуметтік желіде таралып жатқан бағыттамадағы суреттерге қатысты түсінік берген болатын. Министрліктің ресми өкілі Алмас Сәдубаев бұл суреттерде Ақтөбедегі терактіге қатысы барлардың тізілгенін растаған еді. 

Кейін Ақтөбеде қылмыс жасады делінген күдіктілердің бағыттамалары таралды. Онда жеті адам болды.

Еске салайық, биыл 5 маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, оның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді. Шабуыл жасаған 13 адам өлтірілді, тағы төртеуі жараланды, енді алты адам іздеуде жүр.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети