Алматыда ағаштан құлаған 10 жастағы қыз жансақтау бөліміне жатқызылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Алматыда ағаштан құлаған 10 жастағы қыз жансақтау бөліміне жатқызылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ол шұғыл медициналық жәрдем балалар орталығындағы жансақтау бөлімінде жатыр. 10 жастағы қыз 2,5 метр биіктіктен құлаған. Компьютерлік томография баланың бас сүйегінің сынғанын, сол жақ төбе сүйегінде гематома пайда болғанын көрсеткен.
"Дәрігерлер шұғыл операция жасады. Себебі, науқастың өмірін аман сақтап қалу маңызды еді. Операция барысында бас сүйектің трепанациясы жасалды. Кейін дәрігер гематоманы алып тастап, ми қабықшасының қатты бөлігіне пластикалық операция жасады. Ота сәтті өтті. Бір аптаға жуық уақыт қыз жансақтау бөлімінде жатты", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Бүгінде науқас аурухананың нейрохирургиялық бөліміне ауыстырылыпған. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Бала есін жиған, тәбеті де жақсы.
"Ата-аналарға ескерту жасағым келеді. Олар балалары аулада ойнаған кезде қарап отыруы керек. Балалар ағашқа шықпауы қажет, ашық сымдарға жоламағаны жөн. Әткеншекте ойнағанда сақ болғаны абзал. Скейтбордқа, велосипедке, мотороллерге мінген кезде қауіпсіздік ережелерін сақтап, арнайы форма киюі керек. Осы мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн", - дейді балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев.