28 қаңтар 2017 10:16

БЖЗҚ миллиардтаған шығынға ұшырағанын мойындады - БАҚ

ПОДЕЛИТЬСЯ

БЖЗҚ миллиардтаған шығынға ұшырағанын мойындады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.


БЖЗҚ миллиардтаған шығынға ұшырағанын мойындады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 9 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Қордағылар мұны әдеттегідей теңгенің құнсыздануымен түсіндірген.

Басшылары 5 миллиард теңгені талан-таражға салды деген күдікпен ұсталған Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры сеніп тапсырылған қаржыны тағы да ұқсата алмады. Елдегі ең маңызды активке ие болып отырғандар жұрттың жиып-тергенін ұлғайтудың орнына бір айда ғана миллиардтап шығын көрген. Ал сәтсіз инвестициялар компанияның жеке шотынан емес, зейнетақы есебінен жасалыпты.           

"Яғни, зейнетақыны инвестициялаймыз деп мекеме желтоқсанда 33 миллиардқа және тағы 2 миллиардқа шығынға батқан. Артынша 26 миллиард теңге инвестициялық табыс тапқанымен, шығын 9 миллиард теңгеге бір-ақ жеткен", дейді телеарна тілшісі.

ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрғазиннің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында зейнетақы активтерін инвестициялаудың нәтижесі аса табысты болмады. "9 млрд теңге шығын болды. Бұл құнды қағаздардың құнсыздануы мен доллар бағамының бақандай 8 теңгеге қымбатауы салдарынан болып отыр. Десе де, жалпы жылдық инвестициялық табыс бұдан азайып қалған жоқ. Ол бүгінде 531 миллиард теңгені құрайды", - деді ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары.

Телеарна мәліметінше, осы айдың ортасында ғана алматылық салымшылар зейнетақы жинақтарындағы ақшаның азайғанын айтып дабыл қаққан. Алайда Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағылар инвестициялық табыс бірде көбейіп, бірде кеміп отырады деп оған көп мән бермеуге шақырған болатын. (Дереккөз: КТК телеарнасы)

Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Сол кезде тексерістің БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылған еді. "БЖЗҚ" АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады екен. "БЖЗҚ" АҚ меншікті активтерді дербес басқарады", - деген еді банктегілер.

Ал 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылығы қамауға алынған болатын."Олар Жаңа жылдың алдында қамауға алынған. Аты-жөндерін білмеймін, біз оларды атамадық. Жетекші мен орынбасарларының бірі қамауға алынған", - деген еді ҚР Ұлттық банкінің қаржы қызметтері тұтынушыларының құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.

Сондай-ақ, кейінірек БЖЗҚ ісі бойынша қамауға алынғандардың тізімі жарияланған болатын.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети