ПОДЕЛИТЬСЯ
27 қаңтар 2021 | 15:31
Депутат қандастар мәселесін көтерді
Депутат Ғазиз Құлахметов тарихи отанына оралған қандастар мәселесін көтерді. Ол мемлекеттен Қазақстанда туу туралы куәлігі және ресми тіркеуі жоқ адамдардың нақты санын анықтауды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Депутат Ғазиз Құлахметов тарихи отанына оралған қандастар мәселесін көтерді. Ол мемлекеттен Қазақстанда туу туралы куәлігі және ресми тіркеуі жоқ адамдардың нақты санын анықтауды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжілісмен ел президентінің бастамасымен тарихи отанына оралған этникалық қазақтар "қандастар" деп атала бастағанын айтты.
Оның айтуынша, 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 070 300 қазақ оралған. Былтыр 13 мың адам келді. Олардың 53,1 пайызы Қытайдан, 31,3 пайызы Өзбекстаннан, 8,7 пайызы
Түрікменстаннан, 3,7 пайызы Моңғолиядан және 3,3 пайызы басқа елдерден келген.
Ең жиі қоныстанған өңірлер: Алматы - 51,3 пайыз, Маңғыстау - 13,3 пайыз, Түркістан - 5,6 пайыз, Нұр-Сұлтан - 4,1 пайыз және Шымкент - 3,9 пайыз.
Депутат қандастар мәселесінде әлі де кемшіліктер бар екенін атап өтті.
"Мысал ретінде бір жағдайды алайық. Бұл 2006 жылы Түрікменстанның Чарджоу облысы Дарған-ата ауданы Газ-Ачак ауылынан Қазақстанға қоныс аударған Қыраубаевтар отбасының көп жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемасы. Түрікменстандағы қазақ-орыс мектептері жабылған жылдары олар балаларын қазақ тілінде оқыту мақсатында Қазақстанға көшуді ұйғарған. Алдымен отбасы Өзбекстанға барып, кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Алмалы ауылына көшті. Біздің елде өздерін делдал ретінде таныстырған алаяқтардың құрбаны болды. Олар Қазақстан азаматтығын алуға көмектесуге уәде берген. Ерлі-зайыпты оларға өзінің және балаларының құжаттарын тапсырған.
Нәтижесінде олар ақшасыз, құжатсыз және азаматтық мәртебесіз қалды. Қазіргі уақытта олардың ресми жұмысқа орналасуға, медициналық көмек алуға, мамандық игеруге және еркін жүруге мүмкіндігі жоқ. Осы уақыт ішінде отбасында тағы үш бала дүниеге келді, олардың да туу туралы куәліктері жоқ", - деді мәжілісмен.
Ол қандастарымыздың көбі осындай проблемаларға тап болғанын атап өтті.
"Халықаралық және геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге көшіп келген әр адамның құжаттары тиісті мекемелерде мұқият тексеруден өтетіні орынды. Алайда ұлты жеке құжатында көрсетілмеген отандастарымыздың бірнеше жыл бойы азаматтық ала алмай жүретінін түсіну қиын. Олардың бәрі балаларын мектепке дейінгі мекемелерге беруге, мектепке тіркеуге, медициналық мекемелерге жүгінуге байланысты көптеген проблемаларының барын айтады.
Сонымен қатар, тарихи отанына оралған және оралғысы келетін азаматтар өз отбасыларынан бөлініп, екі-үш елде тұруға мәжбүр. Мұндай отбасылар республиканың әр аймағында бар. Олардың саны біреу немесе екіеу емес, жүздеген. Ал егер, Қазақстанда туылғанын және құжаттары рәсімделмеген балалардың бар екенін ескерсек, онда есепте тұрмаған балалардың нақты санын кім айта алады?" - деді Ғазиз Құлахметов.
Депутат премьер-министрден туу және ресми тіркеу туралы куәліктері жоқ азаматтардың нақты санын анықтау үшін ішкі істер, сыртқы істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қатысуымен ведомствоаралық комиссия құру туралы мәселені қарауды сұрады. Сондай-ақ, парламент мүшесі азаматтарды құжаттандыру мәселесін қарастыруға шақырды.
Айта кетейік, Қазақстанда "оралман" термині "қандас" терминімен ауыстырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также