14 сәуір 2014 11:33

Капиталға рақымшылық жасау қаржының шетел асуын тежейді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Капиталға рақымшылық жасау шарасы елімізге тартылатын инвестиция көлемін екі еселеуге септігін тигізеді. Тengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осындай пікірде.


Капиталға рақымшылық жасау шарасы елімізге тартылатын инвестиция көлемін екі еселеуге септігін тигізеді. Тengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осындай пікірде.

Сарапшылардың пайымдауынша, қазір елімізге тартылатын жалпы инвестицияның көлемі шамамен 5,5 триллион теңгені құрайды. Оның 60%-ы шағын және орта бизнестің үлесіне тиесілі. Сарапшылар табысын шетелде сақтайтын азаматтардың қаржысын елге тарту арқылы бұл көрсеткішті екі еселеуге болатынын айтады. 

"Бұл - өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Нақ қазір капиталды амнистиялау арқылы өз экономикасына құйылатын инвестицияны бірнеше еселеп отырған елдің бірі - Италия. Еуропа елдерінде капиталды амнистиялау шаралары тұрақты жүргізіліп отырады. Бізде бұл шара 2001 жылы жүргізілді. Ол кездері ел экономикасының көлеңкелі айналымы шамамен 35%-ды құрады. 2001 жылғы амнистия барысында елге 367,8 млрд теңге қайтарылған болатын. Ал қазір елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің бәсекелестік аясы кеңейді. Бағдарламаларды, түрлі жобаларды жасау арқылы елдегі іскер азаматтардың басым бөлігі шетелдік нарыққа шыға бастады. Тіпті, олардың біразы қаржыларын шетелде сақтайтын болды. Осыны ескерсек, расымен де капиталға амнистия жарияланғаны дұрыс. Бұл үрдіс қаржыларын шетелде сақтайтын азаматтарға отандық экономиканы көтеруге ықпал етеді. Шетелде заңсыз қаржы сақтап, көлеңкелі экономика жол бергенше оны заңдастырып, елдегі тұралап жатқан салаларға инвестиция құйылса, оңды емес пе?! Сондықтан өз басым мұны қуаттау керек деп есептеймін", - дейді экономист Марал Төртенова. 

Соңғы жылдары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 17%-дық деңгейінде тоқтап тұр. Отандық сарапшылар капиталды амнистиялау арқылы осы межені де ілгерлетуге болатынын алға тартады. "Негізгі капиталға деген ішкі жеке инвестицияның өсу қарқыны ІЖӨ-нің өсу қарқынынан қалып келеді. Егер дағдарыс кезеңіне дейін олардың үлесі 18,4%-ды құраған болса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша, небәрі 13% деңгейінде. Шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 2013 жылы 9,7 миллиардты құрады. Ал бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 4 миллиардқа кем. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Елбасының капиталға амнистия жариялау керектігін ескеруі - өте дұрыс. Бұл шетелге елімізден кетіп жатқан қаржыға тосқауыл қояды. Мысалы, біздегі алпауыттар қазақ жерінің арқасында шылқыған байлыққа қол жеткізіп, қазақ жерінің байлығын игеру арқылы қыруар қаржыны айналымға салып жүрген іскер азаматтар осы амнистия арқылы елге қаржы әкелуі тиіс. Олар шетелден қомақты қаржыға сарай салады, үй алады. Ал неге сол қаржыны отандық инвестицияға салмасқа?! Сондықтан мұндай іскер азаматтар табыс декларациясын жариялау барысында шетелдік қаржыларын қоса заңдастырып, оны елге әкелуі керек. Мысалы, біз Тәуелсіздік алғалы ел экономикасына шамамен 130 млрд долларға жуық инвестиция тартылды деп қуанамыз. Бірақ деректерге жүгінсек, соңғы 10 жыл ішінде 140 млрд долларға жуық қаржы шетел асқан. Бізде жабайы кәсіпкерлік қалыптасып кеткен. Кәсіп иелері бірінші кезекте өз пайдасын ғана ойлап тұрады. Біздегі кәсіп иелері өз қарақан бастарын ойлайтын жабайылықтан арылуы керек", - дейді экономист ғалым Жұмаділда Баяхметов. 

Еске салайық, жуырда Ұлттық инвесторлар кеңесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Ол 2017 жылы өтетін жалпыға бірдей табыс көлемін жариялау науқанына дейін іске асырылуы қажет.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети