16 ақпан 2015 14:04

Кезектен тыс президент сайлауын өткізуді Мәжіліс депутаттары қолдайды

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Тұрар Қазанғапов ©Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаттары кезектен тыс президент сайлауын өткізу идеясын қолдайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Мәжіліс депутаттары кезектен тыс президент сайлауын өткізу идеясын қолдайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

"Толық құптаймын. Бірнеше объективті себеп бар. Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы назар аударуға тұрарлық деп ойлаймын", - деп жауап берді "Нұр Отан" фракциясының депутаты Зағипа Бәлиева Мәжілістегі Үкімет сағатынан соң журналистердің сұрағына. 

Ол сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің себептерін атады. "Біріншіден, бұл, әрине - құқықтық. 2011 жылы Президент сайлауы да, Парламент сайлауы да кезектен тыс өтті. Сондықтан "Сайлау туралы" заңның 51-бабына сәйкес, Президент және Парламент сайлаулары бір жылда өтпеуі тиіс деп ойлаймын. Екіншіден, бұл - таза экономикалық себеп. Құдайға шүкір, мемлекетімізде дағдарыс жоқ, бірақ сыртқы факторлар мен қауіп-қатерлер әсер етіп жатыр. "Нұрлы жол" бағдарламасын 2020 жылға дейін бірнеше жыл бойы жалғастыру керек. Бағдарламаны іске асырып, орта жолда аяқсыз қалдырмау үшін мұның бәрі қисынды деп ойлаймын. Егер біз биыл сайлауды өткізсек, бұл бағдарламаны 2020 жылға қарай бес жыл бойы тұрақты аяқтаймыз", - деді депутат. 

Бәлиеваның пікірін оның фракциядағы әріптесі Мәулен Әшімбаев қолдады. "Қазір әлемде, соның ішінде еліміздің төңірегінде қандай экономикалық және геосаяси трендтер болып жатқанын білесіздер. Бұл жағдайларда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы - тұрақтылық, тыныштық факторы. Сондықтан мен бұл дұрыс ұсыныс деп ойлаймын және оны жеке басым қолдаймын", - деді Әшімбаев. 

Халық коммунистері де ҚХА бастамасына қолдау білдірді. "Барлық саяси партия кез келген өзгеріске, соның ішінде сайлау процестеріне де дайын болуы керек. Олар барлық сайлау процесіне қатысуға міндетті. Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасы Конституция мен заң талаптарына қайшы келмейді. Біздің партия мұны тұтастай әрі толығымен қолдайды және қазіргі уақытта сайлауды мерзімінен бұрын өткізу барлық жағынан дұрыс деп есептейді", - деді Жамбыл Ахметбеков. Оның айтуынша, коммунистер партиясы атынан кандидаттар ұсыну туралы айтуға әлі ерте. 

"Ақ жол" фракциясының депутаты Меруерт Қазбекова Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасы бүгін фракция деңгейінде талқыланатынын айтты. Ал тілшіге телефон арқылы берген сұхбатында "Ақ жол" жетекшісі Азат Перуашев бұл ұсыныста қисынды негіз бар екенін атады. "Бұл ұсыныс бастамашыларының экономикалық әрі саяси дәйектері бар екені анық. Экономикалық себептер бойынша біз бүгінде экономикадан жағдайдың шыңға жетіп отырғанын көріп тұрған жоқпыз, 2007-2008 жылдардағы тәжірибеге қарағанда, экономикадағы өрлеу келесі жылдың еншісінде болуы мүмкін. Сондықтан мұндай шараларды оған шынайы экономикалық қажеттілік болған кезде өткізу керек. Бұл - бір. Екінші жайт - егер саяси ахуал туралы айтсақ, бүгінде айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Мемлекеттің саясаты тұрақты әрі сыртқы қатерлерге үн қатуға қауқарлы болғаны дұрыс. Мұны біз бүгін талқылаймыз, бізде алқа органы бар", - деді ол. 

ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшысы Ерлан Ыдырысов Мәжілістегі Үкімет сағатында Қазақстан халқы ассамблеясының осы ұсынысы туралы да айтты. "Бұл біздің халықаралық беделімізге әсер етпейді деп ойлаймын. Бұл - біздің өз таңдауымыз. Бұл - Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы, ҚХА атынан Парламентке мүше болғандар тиісті ұсынысты енгізеді деп ойлаймын. Бұл - біздің халықтың таңдауы. Сондықтан шет мемлекеттердің бұған қатысы жоқ. Біз шетелдік қоғамдастықтармен қарым-қатынасымызды қолдап, дамыта береміз. Шетелдік қоғамдастықтар біздің халықтың таңдауын қолдайды деп ойлаймын, егер біздің халық сайлауды өзіне қолайлы уақытта өткізуге ниет білдірсе, бұл біздің шетелдермен арадағы қарым-қатынасымызға еш әсер етпейді деп ойлаймын. Керісінше, меніңше, одан сайын, анықтық, нақтылық пайда болады. Әрине, ол үшін бұл сайлауды барлық халықаралық стандарт бойынша өткізу керек", - деді министр. 

"Бұл шешім түпкілікті рәсімделіп жатса, біз одан кейін дипломатия ведомствосы ретінде халықаралық ұйымдармен, бірінші кезекте, ЕҚЫҰ-мен жұмыс істейтін боламыз, сондықтан бізге халықаралық қоғамдастық тарапынан сайлауды бақылауға ашық процесс орнату керек", - деді Ыдырысов. 

Еске салайық, 14 ақпан күні Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңесі азаматтардың Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы өтініштерін бірауыздан қолдаған еді. Ассамблея Кеңесі мүшелерінің пікірінше, әлем экономикасындағы дағдарыстың өршіп тұрған жағдайында кезектен тыс президент сайлауын өткізу республикаға "Нұрлы жол" бағдарламасы мен ел дамуының ұзақмерзімді даму басымдықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. 

"Осы бір күрделі жағдайда қазақстандықтарды біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына жиналуға шақырамыз. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономиканың өсуін, өткізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын нығайту маңызды. Бұл бастама іс жүзінде - баламасыз. Бұған қоса, келесі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлау бір уақытта келеді. Конституция нормаларын мүлтіксіз орындау мақсатында бұл сайлауларды әртүрлі уақытта өткізген жөн", - деді ҚХА өкілдері.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети