08 қыркүйек 2014 17:19

"Майқайыңалтын" кеншілерінің ауыр еңбек жағдайы расталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Майқайыңалтын" АҚ жұмысшыларының ереуілі. ©Pavon.kz "Майқайыңалтын" АҚ жұмысшыларының ереуілі. ©Pavon.kz

"Майқайыңалтын" кеншілерінің ауыр еңбек жағдайына қатысты шағымы расталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық еңбек басқармасына сілтеме жасап.


"Майқайыңалтын" кеншілерінің ауыр еңбек жағдайына қатысты шағымы расталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық еңбек басқармасына сілтеме жасап.

Павлодарда "Майқайыңалтын" АҚ-ның "Алпыс" кенішінде жүргізілген тексерудің қорытындысы жарияланды. "Тексерудің нәтижесінде еңбекақы төлеу, еңбек шартына сай жұмыс пен демалыс уақытын сақтау саласында жұмысшылар құқығын бұзу деректері әшкереленді", - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша еңбек басқармасының еңбек қауіпсіздігін бақылау мен еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі Данияр Әкежанов.

Тексеру барысында өндіріс жабдықтарының бір бөлігінің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні де анықталды. Бұған қоса, қосымша жабдықтар болмай шықты. "Жұмыс уақытына тамақтануға арналған үзіліс қосылмаған, сонымен бірге, "Майқайыңалтын" кәсіпорнында жуыну бөлмесі жабдықталмаған. Ауысымға 80 шақты шахтер шығады, ал жуыну себезгілерінің саны - 13, оның жартысы жұмыс істемейді. Жылдың басынан бері жұмысшылар арнайы киіммен нашар қамтылған, киімдер әбден тозған", - деді Әкежанов.

Тексеру қорытындысы бойынша тиісті акт жасалды, кәсіпорын басшылығына анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқаулар беріліп, мерзімі белгіленді. "Қазір жұмыс беруші заңбұзушылықтарды жою жөнінде іс-шаралар жоспарын жасап, оны кәсіподақ өкілдерімен және бізбен келісіп алды. Жалақы бойынша қадағалау мерзімі 10 қыркүйектен басталады. Жалақы сәйкес келе ме, соны мұқият бақылаймыз. "Алпыс" кенішінде барлығы 80 адам жұмыс істейді, қазір олар басқа учаскелерге ауыстырылып, орташа жалақы алып жатыр", - деді Әкежанов.

Еске салайық, ауыр еңбек жағдайына байланысты шағымданған кеншілердің ереуілінен соң алтынды кеніштің жұмысы тексеруге жабылған еді. Тексеруге жергілікті мамандармен бірге ресейлік экономистер де араласатыны хабарланған болатын.

15 тамызда Баянауыл ауданындағы "Майқайыңалтын" АҚ кеншілері ереуіл ұйымдастырды. 8 шахтер "Алпыс" кенішінің 130 метр тереңдігіндегі ұңғымада отырып алды. Кейін наразылық білдірушілерге "Майқайыңалтынның" алтын өндіруші фабрикасының 20 жұмысшысы қосылды. Жұмысшылар еңбек зияндылығына байланысты қосымша төлем төлеуді және жалақыны көтеруді талап етті. Еңбек дауын шешу үшін кәсіпорынға Баянауыл ауданының басшылығы мен компанияның акционері - "Орыс мыс компаниясының" өкілі келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі облыс әкімдігінің жұмысшылардың талабын қолдап, жағдайды реттеу үшін ресейлік инвестормен бірге үшжақты келісімге қол қоюға дайындалып жатқанын хабарлады. 

"Майқайыңалтын" АҚ алтынды-колчеданды полиметалл кенін өндірумен және өңдеумен айналысады. Кәсіпорында 826 адам жұмыс істейді. 2014 жылдың наурыз айында Баянауыл ауданының прокурорлары өндіріс орнынан көп заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, жұмысшыларға демалыс пен тамақтану орындары, медициналық қобдишалар берілмеген, жұмысшыларды таситын көліктерде орындықтар болмай шықты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети