11 қыркүйек 2014 16:03

Ресейдің ақпарат құралдары арандатып отыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин. ©РИА Новости Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин. ©РИА Новости

Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарда Қазақстан мен Ресей президенттерінің пікірлері жөніндегі қателіктердің кету себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарда Қазақстан мен Ресей президенттерінің пікірлері жөніндегі қателіктердің кету себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға құқы бары туралы пікірі жөнінде қателік жіберді. Мемлекет басшысы: "Егер келісімшартта жазылған ережелер орындалмайтын болса, Қазақстан ЕАЭО құрамынан шығуға құқылы. Мен бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын. Қазақстан біздің Тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін ұйымға мүше болмайды. Тәуелсіздік - ең басты байлығымыз" деген болатын. Бұл пікір оның "Хабар" телеарнасына берген қазақ тіліндегі сұхбатында айтылды, ол 24 тамыз күні жария етілді.

Бірнеше күннен соң, 29 тамыз күні Владимир Путин "Селигер" жастар форумында сөз сөйледі. БАҚ оның "Қазақстан Президенті ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды" деген пікіріне акцент қойды.

Назарбаевтың пікірі Путиннің мәлімдемесінен бұрын айтылса да, Ресейдің ақпарат құралдары "Назарбаевтың сөзі Путиннің пікіріне жауап ретінде айтылды" деген жаңсақ хабар таратты. Мысалы, "Ведомости" газетінде Путинге жауап ретінде Назарбаев "экономикалық одақтан шығатынын айтты" деген жаңалық пайда болды. Оның үстіне, материалда "Назарбаевтың мәлімдемесі Владимир Путин "Селигер" жастар форумында сөйлеген күннің ертесіне жасалды" деп көрсетілген. Басылым өз ақпаратында Tengrinews.kz-тегі 25 тамыз күні, яғни Путиннің сөйлегенінен төрт күн бұрынғы материалға сілтеме жасайды.

Tengrinews.kz редакциясы ресейлік әріптестерінен жағдайды түсіндіріп беруді сұрады. Материал авторы Николай Эппле редакцияға жауап қайтарды. Ол материалды ақпарат құралдары Назарбаевтың мәлімдемесін қызу талқылап жатқан кезде жазғанын түсіндірді. Журналистің айтуынша, бұл жайт оны шатастырған.

"Бірнеше жерде оқиғаның керісінше, яғни алдымен "Селигер", кейін Назарбаевтың сұхбаты болғаны туралы ақпарат берілді. "Хабар" агенттігінің сайтында сол сәтте сұхбат болмағандықтан, деректі тексеру қиынға түсті. (Расында, "Хабар" телеарнасының сайтында бұл видео Tengrinews.kz-тегі ақпараттан бір күн бұрын - 24 тамыз күні жарияланған болатын, оны мына жерден көруге болады - Авт.) Бұл сұхбатты "Хабар" арнасының сайтынан таба алмадым. Кейін мен 27 тамыз күні шыққан сіздердің ағылшын тіліндегі ақпараттарыңызды көрдім. Одан кейін YouTube-тен сұхбаттың "24.KZ" деген логотипі бар және 24 тамыз деген уақыт көрсетілген бейнежазбасын таптым. Сұхбат қазақ тілінде болды, ол аударылғанша, "жаңғырығы" жеткенше Путиннің мәлімдемесі естілді", - деп түсіндірді жаңалықтың авторы. Ол жаңалықты жазарда Ресейдің беделді ақпарат құралдарын негізге алғанын айтты. Эппле қателік жібергенін және кәсіпқойларға тән емес қасиетті байқатқанын мойындады. Tengrinews.kz-тің сауалынан кейін "Ведомости" сайтындағы ақпарат өзгертіліп, қателік түзетілді. Басылым ақпараттың дұрыс мәтіні газеттің баспа нұсқасынан да шығарылғанын хабарлады.

Кейін 1 қыркүйекте Ресей Сыртқы істер министрлігінің сайтында ведомство басшысы Сергей Лавровтың "Интерфакс" ақпарат агенттігіне қайтарған жауабы жарияланды. Министрге "Сіз Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "егер Ресей Украинаға қатысты өзінің саясатын жүргізе беретін болса, Астана Кеден одағынан шығу мүмкіндігін қарастырады" деген мәлімдемесін қалай бағалайсыз?" деген сұрақ қойылған. Шындығында, Қазақстан Президентінің мәлімдемесінде "Астана Кеден одағынан шығу мүмкіндігін қарастырады" деген пікір болмаған еді. Украинадағы оқиғалар туралы да айтылмаған-ды. Соған қарамастан, Лавров сұраққа жауап берді, оның жауабы Ресей билігінің ресми ұстанымына сәйкес, сауатты болды.

Tengrinews.kz редакциясы "Интерфакс" агенттігінен де жағдайды түсіндіруді сұрады. Олар ақпарат Ресей СІМ сайтында жарияланғандықтан, жағдай жөнінде түсіндіріп беруді министрліктен сұрауға кеңес берді. Ал сыртқы саясат ведомствосы министрліктің Ресей заңдарына сәйкес, БАҚ-тың редакциялық саясатына араласа алмайтынын айтты. Ақпарат агенттігіне қайтара хабарласқан кезде, ресейлік журналистер ресми түрде жазбаша сауал жолдауды талап етіп, түсінік беруден бас тартты. Айта кетейік, журналистердің ресми сауалы тек мемлекеттік органдарға ғана жолданатыны белгілі.

Ал бұл уақытта Ресейде әлгі ақпаратты Лавровтың жауабына сүйенген ірі басылымдар жарыса жариялады. BBC-тің орыс қызметі "Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев "егер Ресей өзінің Украинаға қатысты саясатын одан әрі жалғастыра берсе, Қазақстан Кеден одағынан шығуды қарастыратынын айтқан болатын" деп жазылған материалды жария етті.

Материалда "Кейбір сарапшылар Назарбаевтың бұл сөзі оның Владимир Путиннің "Селигер" жастар форумында айтқан пікіріне қайтарған жауабы деп есептейді. Путин "Назарбаев ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды" деп айтқан болатын" деген абзац бар. 

Tengrinews.kz порталы BBC редакциясымен байланысқа шыға алмады. Бірнеше электронды хат жауапсыз қалды. BBC-дегі жаңсақ ақпарат түзетілген жоқ, ол Интернетте әлі тұр

Путин мен Назарбаевтың пікіріне қатысты талқылаулар мұнымен шектелмейді. NEWSru.com порталы 3 қыркүйек күні "Ресей Қарулы күштерінің ауқымды оқу-жаттығуы қыркүйекте Алтайда, Қазақстан шекарасынан алыс емес жерде өтеді" деп хабарлаған. Ресей қорғаныс министрлігінің сайтында да оқу-жаттығу шарасының шынымен Қазақстанның солтүстік-шығыс шекарасына таяу маңда өтетіні жазылған. 

Бұл ақпараттың берілуі назар аудартып отыр. Мәтіннің әдетте тақырыбы байланысты жаңалықтар орналасатын "бэкграунд" аталатын бөлігінде NEWSru.com украин дағдарысы мен Путиннің "Селигердегі" мәлімдемесі туралы мәліметтерді көрсеткен. Басылым "Ресей басшысы өз сөзінде "Қазақстандағы русофобтар" туралы мәселе көтерді" деп жазады. Мәтінде ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновскийдің атышулы мәлімдемесі де келтіріледі. Дәйексөз: "Ресейдің елден ерек саясаткері Владимир Жириновский Қазақстанның солтүстік аумақтарының Ресейге тиесілі екені туралы бірнеше рет мәлімдеме жасағаннан кейін сарапшылар РФ Қазақстанның солтүстік облыстарына өз құқығы барын мәлімдей алады деп топшылайды".

Жалған ақпараттар ағынынан Lenta.ru сайты да тыс қалған жоқ. "Путин Назарбаевқа қарсы" деген материалдың авторы президенттер сөзінен алынған пікірлердің арандатушылық мәні жоқ екенін және елдер арасындағы тату қатынастарға салқынын тигізбейтінін атап өткен. Дегенмен Lenta.ru Ресейдің ақпарат құралдарында "ақпараттық толқынның" бар екенін мойындайды. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети