06 тамыз 2014 15:58

"Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" экспедициясы елге оралды

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Владимир Прокопенко ©Владимир Прокопенко

Қазақстан ұлттық география қоғамының қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" ғылыми-танымдық экспедициясы Қазақстанға оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Қазақстан ұлттық география қоғамының қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" ғылыми-танымдық экспедициясы Қазақстанға оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Тороғат өткелі арқылы Қырғызстан аумағына жеткеннен кейін қазақстандық саяхатшылар таудағы үлкен тұщы көл - Шадыркөлді көрді. Бұл жер туралы Уәлиханов 1859 жылдың 17 наурызында Қашғардан елге келе жатып, "Торғаттың шығысындағы Шадыркөл көлінен өттік. Бұл жер тым биік болуы керек, көлдің айналасын тау қоршап жатыр, қалың қармен көмкерілген, сондықтан бізге жол салып өтуге тура келді. Көлдің ені 10 құлашқа жуық, ұзындығы 20 құлаштан асады", - деп жазған болатын. 

Іңірде Таш-Рабат көне керуен сарайына жеткен экспедиция мүшелері оның маңындағы киіз үйлерге түнеді. Ертеңгісін топ Уәлиханов еңбектерінде айтылатын осы нысанды зерттеуге аттанды.

Шоқан: "Шығыстағы үлкен жолдың бойында саяхатшыларға пана ретінде тұрғызылған ғимарат Рабат деп аталады. Ол саз тақтатастардан соғылған, ұзындығы - 12 құлаш, ені - 4 құлаш. Ғимараттың ұзын дәлізі шартәрізді күмбезі бар залға апарады, дәліз қапталында кішкентай есіктер бар, оған тек еңкейіп қана кіруге болады. Мұндағы бөлек бөлмелер тауар сақтауға арналған дейді, ал ұзына бойындағы бөлмелер мал сақтауға арналған, сол себепті есіктері кішкентай. Таш-Рабат стилі жағынан қазіргі Қашғардағыдан әлдеқайда керемет сәулет дәуіріне жатады", - деп жазды.

Қазір бұл нысан - Қырғызстанның сәулет ескерткіші. Ол күрделі жөндеуден өтіп, қабырғалары қалпына келтірілген. Таш-Рабаттың ауданы бүгінде - 38х36 метр. Назарбаев Университетінің магистранты Жалия Жайдақбаеваның айтуынша, кейбір ғалымдар Таш-Рабат түрме болған, оның түпкі бөлмесінде зындан бар. "Бірақ Шоқан Уәлиханов пен басқа да ғалымдар бұл ғимараттың саяхатшылар үшін түнеме болғанын айтады", - дейді ол. Тарихшылардың айтуынша, Таш-Рабат Ұлы Жібек жолы бойынан 18 шақырымда тұр, сол себепті саудагерлер түнейтін орын болды деу талас туғызады, өйткені ол жолдан алыс орналасқан.

Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде Таш-Рабатта бір санағанда 40, қайта санағанда 39 бөлме бар болып шығатыны туралы аңызды келтіреді. Экспедиция мүшелері де ғимарат бөлмелерін санап шықты, біреулер мұнда 27 бөлме бар десе, кейбірі тек 23 бөлменің барына ғана көз жеткізді.

Экспедиция мүшелері Қырғызстанда келесі тарихи ескерткіш - Борана мұнарасында болды. Ол Тоқмақ қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнара X-XI ғасырларда Қарахан мемлекеті дәуірінде тұрғызылды. О баста оның биіктігі 40 метрден асқан, бірақ кейін жоғарғы жағы жер сілкінісі кезінде құлап қалған. Қазір оның биіктігі - 21,7 метр. Ғалымдардың бірі оны мешіттің мұнарасы болған десе, енді бірі Жібек жолы керуендеріне арналған шамшырақ болған дейді.

Бұдан соң "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" экспедициясының мәдени-зерттеушілік бөлігі аяқталды. Қазақстандықтар Бішкекке жетіп, одан әрі Алматы мен Астанаға қайтуы тиіс болды. 

Сапарды қорытындылаған географ Қадыр Мұса саяхат кезінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы ландшафтының өзгеруіне қатысты көп мәлімет жиналғанын айтты. "Бұл - бірегей маршрут. Біз қыраттармен, тауаралық алқаптармен, шатқалдармен жүрдік. Тұтастай алғанда, әрине, Уәлиханов жазған кезеңнен бері ландшафт айтарлықтай өзгерген. Шоқан саяхатынан 155 жыл өтті. Жаңа тектоникалық қозғалыстардың салдарынан таулар пайда болған", - деді Мұса.

"Экспедиция сәтті өтті деп ойлаймын. Шоқан Уәлиханов саяхаты бойымен жүріп, мен жолдың оған қаншалықты ауыр соққанын түсіндім. Біз биік тауға көтеріліп, өткелден асқан сәтте қар мен бұршақ жауды. Температура нөлден төмен болды. Шоқан бұл жолмен күз кезінде өтіп, наурызда қайтқан еді. Оның ғылым үшін қандай қиындықты бастан кешкенін көруге болады. Ол 23-24 жаста ғана болатын, жас жігіт болғанына қарамастан, ол шығыстану тарихында мәңгі қалған ұлы шығарманы өмірге әкелді", - деді "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" экспедициясының ғылыми жетекшісі Смайлжан Иминов.

Еске салайық, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" ғылыми-танымдық экспедициясы 25 шілдеде басталған еді. Жобаға Қазақстан ұлттық география қоғамының зерттеушілері қатысты. Саяхат бағытына 155 жыл бұрын Шоқан зерттеген Ұлы Жібек жолы қалалары енді. 12 күн ішінде экспедиция мүшелері алты мың шақырым жол жүрді, Қарашаһар, Қорла, Күшәр, Ақсу, Қашғар, Атұш, Янгисар, Жаркент, Қағалық, Хотан, Нарын, Таш-Рабат қалаларын аралап көрді. Экспедицияның соңғы нүктесі Қырғызстанның астанасы болды. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети