19 қараша 2015 18:38

"Жұлдыз FM" бір жылдығына орай ерекше радиомарафон өткізеді

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Жұлдыз FM © Жұлдыз FM

"Жұлдыз FM" радиостанциясының бір жылдығына орай 20 қарашада ерекше радиомарафон өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


"Жұлдыз FM" радиостанциясының бір жылдығына орай 20 қарашада ерекше радиомарафон өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Радиостанция жүргізушілері таңның атысынан кештің батысына дейін тікелей эфирде нон-стоп режимінде өз тыңдармандарына қуаныш сыйлайды. "Жұлдыз FM" радиостанциясының ерекше форматы радионың туған күніне орайластырылып отыр. Осыдан тура бір жыл бұрын, 20 қарашада, радиотолқынның таралымына ресми старт берілді.

"Таңғы сағат 08.00-ден бастап қонақтар келіп, жүргізушілермен бірге бағдарламаны жүргізеді. Бірінші болып келетін қонақтардың арасында атақты спортшылар да бар, себебі тыңдармандарға сергек болу ауадай қажет. Осыдан кейін музыканттар, ал кешке қарай әзіл-оспаққа уақыт беріледі деп жоспарланып отыр. Әртістер сол күнге арнап әзілдерін әзірлеп қойды. Сонымен қатар, бұл эйфория түнгі сағат 12-де дейін жалғасады", - деді риостанция директоры Мәдина Өмірбекова.

Сонымен қатар, тыңдармандарды бірқатар тосын сый күтіп тұр. Олардың арасында - әншілердің тікелей эфирде жанды дауыста ән салуы бар. Оларға арнайы шақыртылған live-бенд музыканттары көмектеседі. Жанды дауыста Ғалымжан Молданазар мен "МузАрт" тобы ән салады деп жоспарланған.

"Мұндай онлайн-марафонды біз биыл жазда Алматыда сел жүргенде, зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында өткізген едік. Ол өзін тек жақсы жағынан танытты, себебі тыңдармандармен арада жақсы байланыс орнады. Біздің команда оқиға орнынан хабар таратып, өзге аймақтардан келіп, аулалар мен көшелерді тазалауға көмектескен еріктілер мен қайырымдылық түскі астарын ұйымдастырушыларды тікелей эфирге шығарды. Біз сол кезде бұл тәжірибені жақсы оқиғалар үшін де қолданамыз деп шештік, сондықтан радионың бір жылдығына арнайы нон-стоп режимінде жұмыс істеп, тыңдармандарымызға мереке сыйламақпыз. Қызықты сыйлықтар болады және олар тыңдармандарымыздың көңілінен шығады деп ойлаймын. Сондықтан, 20 қарашада күні бойы бізбен бірге болуға кеңес беремін, ол үшін өкінбейсіздер", - деді "Жұлдыз FM" жүргізушісі Жасұлан Қали.

Айта кетейік, радионың жиілігінде жастарға арналған қазақ тіліндегі әндер орындалады. "Мұндай идея әріптестерімізбен, музыканттармен әңгімелесу барысында келді. Біз Қазақстанның медиакеңістігінде жастарға арналған қазақ радиостанциясының жетіспейтінін түсіндік. Бұл жайт біз үшін нонсенс болып көрінді. Идеяның пайда болған сәтінен оның іске асуына дейін екі жылдай уақыт кетті", - дейді радиостанция директоры Мәдина Өмірбекова.

Қазіргі таңда "Жұлдыз FM" радиосында еліміздің өзге радиотолқындарында жоқ, тың бағдарламалар жетерлік. Олардың бірі қазақ эстрадасының тек сапалы әуенін таңдайтын "Жұлдыз TOP" ән шеруі. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың белгілі әншілері сынға түсетін "Жұлдыз TOP International" тыңдармандардың сүйіп тыңдайтын бағдарламасына айналып үлгерді.

Сонымен қатар, отандық радиода "Жұлдыз Dance" бағдарламасы бар. Бағдарламада қазақстандық сұранысқа ие DJ-лер радиостанцияға арнап эксклюзивті желі дайындайды. Ол жұма, сенбі және жексенбі күндері сағат 21.00-ден 00.00-ге дейін эфирге шығады. "Жұлдыз FM" ерекшелігінің бірі ретінде "Сарбаздан Сәлем!" жобасын атауға болады. "Бұл бағдарламада сарбаздар аналарына, туыстарына, ал ата-аналар ұлдарына сәлем жолдайды. Бұл бағдарлама отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз бен олардың туыстарының арасындағы жылы қарым-қатынасты орнатқан алаңға айналды, бұл қазір аса маңызды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты жас жауынгерлерді, отан қорғаушыларды қолдау. Бұл бағдарламада біз атақты әртістердің әскерде жүріп бастарынан кешкен қызықты оқиғаларын баяндап беріп, әскери борышты өтеуге қатысты оң көзқарасты орнатуға тырысамыз", - деп сөзін аяқтады радиостанцияның басшысы.

Еске сала кетейік, "Жұлдыз FM" радиостанциясы 20 қазанда Қазақстанның 18 қаласында техникалық эфирге шығып, қараша айында ресми түрде іске қосылды. "Жұлдыз FM" тыңдармандарға қазақша сапалы контент ұсынуды, жастардың биік құндылықтарын қалыптастыруды және олардың қомақты ақпарат ағыны арасынан дұрыс бағытты таңдауына көмектесуді көздейді. Жастар радио эфирінен өмірдегі, музыка мен мәдениеттегі ең маңызды, қызықты, қажетті дүниелерді таба алады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети