21 сәуір 2014 10:51

Капитал амнистиясы кезінде де табысын жасырушылар аз болмайды - пікір

ПОДЕЛИТЬСЯ

 ©Тengrinews.kz ©Тengrinews.kz

Саясаттанушылар капиталға рақымшылық жасау шарасы кезінде де көлеңкедегі табысын жасырып қалатындар болады деп есептейді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.


Саясаттанушылар капиталға рақымшылық жасау шарасы кезінде де көлеңкедегі табысын жасырып қалатындар болады деп есептейді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Бұған дейін елімізде 2014-2015 жылдары капиталға рақымшылық жасау науқанының жүргізілетіні хабарланған болатын. Саясаттанушы Құбаш Меңдіғалиев 2001 жылы өткен капитал амнистиясынан соң да шетелге миллиардтаған капиталдың сытылуы мен көлеңкелі экономиканың ұлғаюы тоқтамағанына назар аударады. "Капиталдың келуі мен кетуінің басты факторы – сенімділік пен оған кепілдік. Сенімділік болмаса, қанша жерден амнистия жарияласаң да көлеңкелі капиталдың сыртқа ағылуына тоқтау салу қиын. Көлеңкелі экономикамен күресудің қатты жолы сыбайлас жемқорлығы үшін жаппай жазалау болса, жұмсақ жолы – қалтарыстағы капиталға рақымшылық жасау. Бұл жолы мәжбүрлі түрде жұмсақ жолы таңдалды. Жалпы халыққа бағытталғанымен бұл науқанға санаулы топ өкілдері: контрабандамен байығандар, өте ірі бизнес иелері, негізгі иесі шенеуніктер болып саналатын компаниялардың акция пакеттері, банктегі үлкен сомадағы салымдар, офшордағы қаржы иелері қатысуы мүмкін, - дейді ол.

Саясаттанушы бұл науқанның билік пен заңды-заңсыз жолмен байлыққа кенелген ірі қаржы топтары арасындағы өзараымыраластық форматында өтетінін айтады. Бірақ мұның өзінің айтарлықтай нәтиже бере қоюы екіталай. "Тасадағы біршама қаржыға рақымшылық жасалады. Сөйтіп, іштегі-сырттағы қаржының елге қарай ағылуын жоққа шығаруға болмайды. Науқан 100%-дан 20-25%-дай нәтиже беретін шығар. Егер 20-25 миллиард доллар ақша елге қарай құйылса, бұл науқан нәтижелі болар еді. Өкінішке, қарай, оған сену қиын", - дейді Құбаш Меңдіғалиев.

Спикер 2006 жылғы мүлікті заңдастыру шарасының да айтарлықтай нәтиже бермегенін айтады. "Бір қызығы, 2006 жылғы науқанға өте ауқатты топтар емес, орташа, қарапайым тұратын азаматтар үлкен үмітпен қарады. Қолындағы жылжымайтын мүліктерін заңдастыруға тырысты. Бірақ қағазбастылықтың кесірінен азын-аулақ мүлкін заңдастыра алмағандар көп болды. Аса ауқатты топ бұл науқанға белсене араласқан жоқ. Қазақстан үшін заңдастырылған дүние-мүлік көлемі аз көрінді", - дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, бұл жолы да табысын көлеңкеден шығармай қалатындар көп болады. "Көлеңкелі экономикада, оффшорда елдің ондаған миллиард доллары айналымда жүр. Біздің нарық шағын болғандықтан миллиардтаған ақшаның жұмыс істейтін инвестиция ретінде кері қайтуы күмәнділеу. Артында шенеуніктер тұратын ірі бизнес тәуекелшіл емес. Елге келген ақша бұрын да бір топқа жұмыс істеп келсе, солай болып қала береді. Кейбір шенеуніктер өз беделіне нұқсан келтірмейтін көлемдегі ақшаны ғана көлеңкеден шығаруы мүмкін", - дейді сарапшы.

Дегенмен саясаттанушы кейбір сарапшылардың "Жалпыға бірдей табыс декларациясын біршама мерзімге кейінге қалдыру керек" деген ұсынысын қолдамайды. Оның пікірінше, шартты түрде есеп беруге жол бермей, өз уақытында заңнан жалтартпаудың мықты тетіктерін енгізсе жеткілікті. "Осыған дейінгі шенеуніктердің табыс декларациясы жасанды болып қалды. 2017 жылғы жалпыға бірдей табыс декларациясы соның кебін киюі мүмкін. Сондықтан мен заңнан бұлтартпайтын мықты механизмін жасап, бәріне бірдей табыс декларациясын жариялауды қолдаймын. Бірақ оның саяси салдары да бар. Егер шын мәнінде жалпыға бірдей табыс декларациясын жариялауды енгізсек, әлеуметтік топтардың алшақтығы анық байқалып, одан сайын түсініспеушілікке ұласуы мүмкін. Соған қарамастан, науқанды 2017 жылы-ақ дұрыстап енгізгеннің артықтығы жоқ. Болмашы себептер үшін оны шегере беруге болмайды", - дейді Меңдіғалиев.

Саясаттанушы, "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының кеңесшісі Мақсат Жақау да капиталды заңдастыру шарасы кезінде ресми және бейресми, құжат жүзіндегі және іс жүзіндегі мәліметтер арасында алшақтық болатынына күмән келтірмейді. "Көбіне табыс декларациясының жүргізілуіне орта не ірі мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы мен жылжымалы не жылжымайтын меншіктерінің арақайшылықтары себеп болады. Екінші мәселе, кейбір әкім-қаралардың зәулім сарайлары мен қымбат автокөліктері, фирма-зауыттары бар екендігі бейресми деңгейде белгілі бола тұра, ресми мәлімдемелерде "бастарында үйі жоқ, жалдамалы пәтерде тұратындығының" жарияланып жатуы - табыс декларацияларының обьективтілігі жөнінде үлкен күдік ұялатады. Сол себепті табыс декларациясының дұрыс жүргізілуі үшін соған лайық азаматтық қоғам қалыптасуы керек және орта тап өкілдері басым орта орнауы тиіс", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов капиталға рақымшылық жасау науқанының биыл басталатынын, нақты уақыты кейінірек жарияланатынын хабарлаған болатын. "Біріншіден, бұл науқан 2006-2007 жылдары болған мүлікті заңдастыру сияқты өтеді. Осы іспетті заң жобасы даярланып жатыр. Оның негізгі шарттарына тоқталсақ, жарияланатын ақша табыс болып саналмайды. Сондықтан оған салық салынбайды. Екіншіден, сол ақшаны жария еткен азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен босатылады", - деген болатын Сұлтанов. Ал ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов бұл науқаннан ел экономикасына миллиардтаған доллар түсетінін мәлімдеді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети