20 маусым 2014 19:40

Теңге депозитінің көлемі жыл соңында долларлық депозиттен асып түспек

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото allday.ru сайтынан алынды Фото allday.ru сайтынан алынды

Теңге депозитінің көлемі жыл соңында долларлық депозиттен асып түспек. "ФИНАМ" инвестициялық холдингінің сарапшысы Антон Сороко осындай болжам жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сарапшының пікірінше, жыл соңына қарай теңгемен салынған депозиттер көлемі валюталық салымдармен теңесіп, 50 де 50 пайыздық көрсеткішке жетпек. "Теңге депозиті тіптен 52 немесе 53 пайызға дейін ұлғаюы да мүмкін", - деді ол.


Теңге депозитінің көлемі жыл соңында долларлық депозиттен асып түспек. "ФИНАМ" инвестициялық холдингінің сарапшысы Антон Сороко осындай болжам жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сарапшының пікірінше, жыл соңына қарай теңгемен салынған депозиттер көлемі валюталық салымдармен теңесіп, 50 де 50 пайыздық көрсеткішке жетпек. "Теңге депозиті тіптен 52 немесе 53 пайызға дейін ұлғаюы да мүмкін", - деді ол.

Сороко сонымен қатар, пайыздық көрсеткіш осындай межеге жеткеннің өзінде 2014 жылдың басындағы мөлшерге жету оңайға түспейтін болады дейді. Алайда сарапшы елімізде нақты қадамдар жасалса ол межеге де жетіп қалуымыз мүмкін деп есептейді.

Еске саламыз, жыл басында доллардың теңгеге қатысты бағамы күрт өскен уақытта көптеген қазақстандықтар өздерінің теңгемен салынған депозиттерін долларға айырбастап банкке қайта салған болатын. Ал арада 4-5 ай өткенде, яғни осы жылдың мамыр айында тұрғындар теңгенің құнсызданбайтынын білген бойда депозиттегі ақшасын қайтадан теңгеге ауыстыра бастағаны байқалған. Бұл туралы бұған дейін "Халық Банкі" АҚ-ның басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова мен "Еуразиялық банкі" АҚ-ның басшысы Майкл Эгглтон да мәлім еткен болатын. Олардың сөзіне қарағанда, теңге бағамы тұрақталған бойда қазақстандықтар сол сәттен бастап, депозиттегі ақшаларын ауыстыра бастаған.

Кейбір сарапшылар қазақстандықтардың доллармен сақтаулы тұрған депозиттерін теңгеге қысқа мерзім ішінде қайта ауыстыруларына теңгемен сақталатын депозиттерге тиімді, әрі өсімі жоғары жағдайдың жасалуы айтарлықтай әсер еткенін айтып отыр. 

Еске саламыз, 1 наурыздан бастап, банктер теңгемен салынған депозиттердің жылдық өсімін 10 пайызға дейін өсірген болса, ал долларлық депозиттің өсімін сәуір айында 4,5-тен 4 пайызға дейін төмендеткен болатын. Сороконың пікірінше, депозиттерге қатысты осындай өзгерістерге байланысты алдағы күндері теңге бағамы қайта өзгереді деген болжам мүлде жойылмақ және теңге бағамы Қазақстан ұлттық банкінің тікелей қадағалауында болуы ұлттық валютамыздың кенеттен құнсызданып кетпеуіне кепіл болатындай.

Ол келтірген мәліметке қарағанда, 2013 жылы тұрғындар арасында теңгемен салған депозит көлемі шетелдік валюталарға қарағанда 56Х44-ке тең болған. "Ал 2014 жылы сәуір айының соңында ұлттық валютамыздағы депозит көлемі керісінше 46 пайызға дейін кеміп кеткен болса, шетелдік валюталармен сақталған депозит көлемі 54 пайыздық межеге дейін жеткен болатын", - деді Сороко.

MFX Broker инвестициялық компаниясының сарапшысы Сергей Некрасов болса, жыл соңына дейін теңгемен салынған депозит көлемі күрт артып, шетел валюталарымен сақтаулы депозиттерге қарағанда өсе түсетінін айтты. "Жыл соңына қарай, теңге депозиті долларлық депозиттермен салыстырғанда 60Х40 пайыздық межеге дейін көтерілмек. Мұның басты себебі теңге депозиті өсімінің жоғары болуы, оның үстіне жыл соңына дейін теңге бағамы әлсіремейді деген болжамдар да айтылуда", - деді ол.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети