16 қазан 2017 10:18

Бабанов пен Атамбаевтың текетіресі: Кім не деді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев шетелдік олигархтың "Омурбек Бабановты қолдасаң 20 миллион доллар беремін дегенін" айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев шетелдік олигархтың "Омурбек Бабановты қолдасаң 20 миллион доллар беремін дегенін" айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бірақ президенттікке үміткер Бабановтың өзі бұл туралы мүлде білмедім дейді.

"Мен Бабановты 2005 жылдан бері білемін, - деді Алмазбек Атамбаев сайлау учаскесінде дауыс берген соң журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып. Бір оқиға айтып берейін. Біздің әйелдеріміз апалы-сіңілі сияқты қарым-қатынаста болды. Мен 2007 жылы премьер-министр болғанымда Бабанов менің үйімнен шықпайтын. Ал қызметімнен кеткен кезде ол бірден жоқ болып кетті. 2010 жылы қайта пайда болды. Ол адамды әдемі көздерімен және әдемі сөздермен баурап алуды біледі. 2010 жылдан бастап мен оған көмектесе бастадым. Бабановтың өзінің цемент зауыты бойынша Ресейге қарызын жабуға көмектесуін сұрағанда мен бұл мәселені Медведев арқылы шешкен болатынмын. Сосын мен одан "Сен неге сауда орталығын салып бітірмедің?" дегенде ол менен тағы көмек сұрады. Сол кезде мен оған 2 миллиард сом ақша алуға көмектестім".

Алмазбек Атамбаевтың айтуынша, Омурбек Бабанов апта сайын оның үйінде болатын.

"Біз отбасыларымызбен бірге Бабановтың шаруашылығындағы құлпынайларды жеп жүретінміз. Содан бір жарым айдан кейін "аби, үлкен аға" деп қадірлеп жүрген адам мені жамандай бастайды. Сол кезде маған бір шетелдік олигарх келіп қайтты. Ол Бабановты қолдауым үшін 20 миллион доллар ұсынды. Мен оған сатылмайтын дүниелердің бар екенін айттым. Ал кейін мен елде жаппай тәртіпсіздік жасамақшы болғандар жайлы және оларды кімдердің қаржыландыратыны жайлы білдім. Құдайға шүкір, мен Бабановтың кім екенін дер кезінде түсіндім. Сол кезде маған айтушы еді: "Айдар Ақаев, Максим Бәкиевті қалай лақтырып кетті, сізді де солай лақтырып кетеді". Мен ешкімге өзімді, елімді таптатқызып, оны сатуға жол бермеймін. Адамдар кімді таңдағысы келеді, соны таңдасын. Әрбір сөзім үшін сот алдында, Құдай алдында да жауап беруге дайынмын. Осы уақыт бойы Бабановты жауып келдім. Күш құрылымдары да Бабановтың орны басқа жақта екенін айтатын. Бірақ мен сенгіш, аңқау адаммын. Бірақ не дегенмен адамдарды кешіре білу керек. Сатылатын оппозицияны да", - деді Алмазбек Атамбаев.

Ал кейінірек президенттіктен үміткер болған Омурбек Бабанов өз штабында баспасөз конференциясын өткізіп, Алмазбек Атамбаев айтқан айыптауларға жауап берді.

"Мен президенттікке сайланудың алдында тек командаммен емес, сондай-ақ, Атамбаевпен де ақылдасқан болатынмын, - деді Омурбек Бабанов. - Одан жеке батасын да алдым. (...) Ол маған сайлаудың әділ болатынына кепіл берді, куәгерлер де болады деп айтты. Бірақ соңғы аптада мен Алмазбек Атамбаевқа жалған мәліметтер айтылғанына сенімдімін. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен милиция тарапынан айтылған мәліметтердің бәрі оны шатастырып жіберді".

Сондай-ақ, Омурбек Бабанов Атамбаевтың мәлімдемесінің оның көңілін қалдырғанын айтты.

"Мен ел алдында жүрген саясаткермін. Саясат пен бизнестегі өмірімді біреудің арқасында жасаған жоқпын. Барлығын өз бетімше жасадым. 2005 жылы Қарабұлы округінде өзім сайлауға түсіп, ел бойынша екінші орын алдым, 87 пайыз дауыс жинадым. Ол кезде Атамбаев жайлы білмейтін де едім. Революция болған кезде Атамбаев штаб басшысы болды, міне, сол кезде таныстық. Еске салып өткім келетіні, Атамбаев ол кезде премьер-министр болған жоқ. Ол оппозицияда болды", - деді Омурбек Бабанов.

"2006 жылы барлығымен бірге Бәкиевке қарсы шықтым. Ол кезде Алмазбек Атамбаев премьер-министр болған жоқ, мен жеті күн митингте болдым, - деп еске алды Омурбек Бабанов. Митингте тұрғаным аз болғандай, оны қаржыландырдым да. Басты қаржыландыру менің тарапымнан болды. Солардан сұрасаңыздар болады. Штабты басқардым, бүкіл командам сол жақта жүрді. Социал-демократтарды шақырдым. Роза Отынбаеваны, Эдиль Байсаловты, Дамир Ниязалиевты шақырдым. Соңына дейін күрестім, социал-демократтардың партиясын қаржыландырдым. Азаматтығымнан айырды, бірақ мен социал-демократтардың қатарынан кетіп қалған жоқпын, соңына дейін болдым. Бакиевтер менің компаниямды тексеріп, есепшілерімді қамауға алып жатқанда проблемаларымды өзім ғана шештім. Атамбаев Бакиев кезінде премьер-министр болғанда мен оның жаңында жүрдім. Ешкімді де сатып кеткен жоқпын".

Сонымен қатар, Омурбек Бабанов Атамбаев айтып кеткен сауда орталығы жайлы айтып өтті.

"Барлығы да Бабановтың стадиондарды және саябақтарды бұзбайтынын не оларды сатып алмайтынын біледі. "Инструментальщик" стадионы болатын. Оны Бакиев кезінде түріктің "Ямпаш" компаниясы сатып алған еді. Олар сол кезде сауда орталығын салып бастады, бірақ сол күйі аяқтамағанеді. Біздегі компаниялардың бірі оларға көмектескендіктен олар бізден тағы ақша сұрады. Біз стадионның құрылысын тоқтатқан жоқпыз, сатып алған да жоқпыз. Ресейлік қордан көмек болды. Олар миллиард доллар ақша бөлді. 500 миллионын 1-2 жылда игеру керек болды. Өкінішке қарай, біз олай істей алмадық. 500 миллион игерілмей қалды. Ал қалған 500 миллионның 300 миллионы ресейлік банктерде 0,1 пайызбен тұр. Осы сауда орталығын салғанымыздың несі жаман?"

Омурбек Бабановтың айтуынша, Алмазбек Атамбаев одан ресми түрде кешірім сұрап, 2012 жылы премьер-министр қызметінен кетуін "қателік" деп атаған.

"Менің мұнда түсінбейтінім, шетелдік олигархтың Атамбаевға 20 миллион доллар ұсынғаны жайлы. Мұндайды бірінші рет естіп отырмын. Оның таныстары, олигархтары көп. Бұл сұрақты соған қою керек. Мен ешкімге ешқашан ештеңе ұсынған емеспін", - деді Бабанов.

Еске сала кетейік, социал-демократиялық партияның атынан шыққан Сооронбай Жээнбеков Қырғызстандағы президент сайлауында 54,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.

Ал Қырғыз Республикасының экс-премьер-министрі Омурбек Бабанов 33,8 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Үшінші орында "Бутун Қырғызстан" партиясының басшысы Адахан Мадумаров - 6,47 пайыз дауыс жинаған.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети