Өткен жексенбіде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Спорт кешенінде "Олжас Сүлейменов жүлдесі" үшін волейболдан ардагер командалар арасында өткен VIII Халықаралық турнир табысты аяқталды.
Өткен жексенбіде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Спорт кешенінде "Олжас Сүлейменов жүлдесі" үшін волейболдан ардагер командалар арасында өткен VIII Халықаралық турнир табысты аяқталды.
"Иншалла, қолымнан қаламымды да, добымды да түсірген емеспін. Әлі күнге дейін волейбол ойнаймын. Меніңше, жақсы дүниелер тудыру үшін, денсаулықты күтіп, дене мен ойды сергек ұстаған жөн. Дені сау ұрпақ пен рухы мықты қоғамның ғана болашағы зор. Бұл ретте, Құдайға шүкір, еліміз біршама өсіп келеді", – деп өз ойымен бөліскен Олжас Омарұлы, 78 жасқа келсе де бабында екенін көрсетті. "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының 25 жылдығына арналған осынау қол добы додасына еліміздің әр өңірінен жиналған оншақты команда сынға түсті.
Жарыс басталар күні алдымен мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов университет жанындағы өз атымен аталатын "Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтында" болып, жастармен кездесті. Студенттер ұсынған әдеби музыкалық композиция Сүлейменов шығармашылығын қамтыған екен.
Аталған шараны ұйымдастырушы, университет ректоры, академик Т.И.Есполов турнирдің жабылу салтанатында, құттықтау сөз сөйлеп, Олжас Омарұлының тұлғасына қатысты ойларымен бөлісті:
– Заманымыздың айтулы тұлғасы Олжас Омарұлының жыл сайын туған күні қарсаңында бірінші кезекте міндетті түрде Қазақ ұлттық аграрлық университеті шаңырағына арнайы бас сұғатын жақсы дағдысы бар. Олай болатын себебі, оқу ордамызда тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері "Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты" жұмыс істейді. Бұл институтқа ақынның есімі жай беріле салған жоқ. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі-жиі кездесіп тұрады. Студенттермен кездесулерде ол бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады. Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Университеттің үлкен спорт кешенінде биыл да волейбол спорты ардагерлері арасында дәстүрлі "Олжас Сүлейменов жүлдесі" табысты өтті. Қалыптасқан дәстүрді бұзбай, ақсақалдық жасына қарамастан бұл жарыстарда, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ардагер волейболшылары құрамында әрі команда капитаны ретінде Олжекеңнің өзі де қатысып, шебер ойын көрсетті.
Тартысты турнирге төмендегідей командалар қатысты:
• "Низами ТМПУ", Өзбекстан, Ташкент қаласы
• "Есіл", Петропавл қаласы
• "Павлодар ВК", Павлодар қаласы
• "Казхром", Ақтөбе ферроқырытпа зауыты
• "Ардагер", Шымкент қаласы
• "Ардагер", Тараз қаласы
• "Дихан", Қызылорда қаласы
• "Талдықорған жолдары", Алматы облысы
• "Евразиялық технология университеті", Алматы қаласы
• "Қазақ ұлттық аграрлық университеті".
Осылардың арасынан жүлдегерлер реті төмендегідей түзілді:
Бірінші орын – "Евразиялық технология университеті";
Екінші орын – "Қазақ ұлттық аграрлық университеті";
Үшінші орын – "Есіл".
Турнир соңында жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншыларға арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.