Ертең қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін төртінші рет «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық белдесулері өтеді, деп жазады Tengrinews.kz.
Ертең қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін төртінші рет «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық белдесулері өтеді, деп жазады Tengrinews.kz.
Ақтық сында белдесетін 28 балуанның ішінде "кім жеңіске жетіп, жеңімпаз атанады, кім бағы жанып, Қазақстан Барысы атанады" деген сұрақ қазір ұлттық күресіміздің жанашыр жанкүйерлерінің дегбірін алып, делебесін қоздыруда. Осы орайда біз "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметовке осы сауалды көлденең тартып едік:
– Менің ойымша, алдағы финалдық белдесулерде екі теңдессіз фаворит бар. Олар – 2012 жылғы жеңімпазымыз Бейбіт Ыстыбаев пен 2013 жылғы чемпионымыз Айбек Нұғымаров. Екеуі де шеберліктерін паш етіп, өздері қатысқан турнирлерде үнемі жеңіске жетіп жүр. Негізгі бәсекелестік осы екі балуанымыздың арасында өрбиді деп ойлаймын.
Жалпы, ақтық сынның өткізілуіне қатысты, "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораевқа да өз ұсынысымды айтып жүрмін. Финалға тек әр аймақтың жеңімпаздарын іріктеп ауымыз керек. Сонда олардың саны 17 болады (әрбір өткен жылғы жеңімпазды қосқанда). Сонда, нағыз мықты 17 балуан күресер еді.
Біріншіден, бәсекелестік шектен тыс жоғары болады. Екіншіден, қызығушылық артады, өйткені бірінші айналымда-ақ екі өңірдің (облыстың) чемпиондары белдеседі. Үшіншіден, бір аймақтың балуандары өз жерлестерінің финалға шығуына «кедергі» келтірмей, жолын жеңілдете алмайды. Әр белдесу соңына дейін тартысты өтіп, нағыз қызу бәсеке болады. Төртіншіден, теледидарға таратылатын уақыт қысқарады, – деп жауап берді бұрынғы танымал спортшы, қазіргі көрнекті спорт қайраткері.