02 қазан 2014 08:00

Азиада-2014: Сәрсенбінің сәтінде 10 медаль, бес алтын олжаладық

ПОДЕЛИТЬСЯ

Су добынан Қазақстан құрамасы. Фотоны түсірген – Никита Басов. Су добынан Қазақстан құрамасы. Фотоны түсірген – Никита Басов.

 Бүгін ХVІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына 10 жүлде түсті, оның бесеуі – алтын. Ең бастысы, өкшемізді басқан Ираннан құйрық үздік, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.


 Бүгін ХVІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына 10 жүлде түсті, оның бесеуі – алтын. Ең бастысы, өкшемізді басқан Ираннан құйрық үздік, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.

Балуандарымыздың екі медаль (алтын және қола) еншілегендері туралы қысқа да, болса жаздық. Енді жүлде алған басқа спортшыларымызға атүсті тоқтала кетсек деп едік.

Дәл бүгін ел қоржынан түскен бірінші жүлде күміс болды. Боксшы Жайна Шекербекова финалда екі дүркін әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, үнді қызы Ч.Хмангтеден ұтылып, екінші орынды иеленді.

Одан соң қол добынан әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды. Олар үшінші орын үшін өткен тартысты матчта 27:26 есебімен Қытай қыздарын тізе бүктірді.

Ал су добынан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы финалда Жапония ватерполшыларын 7:6 есебімен ұтып, ХVІІ жазғы Азия ойындарының чемпиондары атанды.

Бұдан кейін жеңіл атлетикадан үш алтын, бір қола олжаладық. Әйелдер арасындағы 800 метрлік бәйгеде Маргарита Мұқашева топ жарды. Ол сөреденн шыққан бетте суырылып алға шыққан үнді қызының ізіне түсіп алды да, көмбеге жақындағанда оны басып озды.

Әйелдер арасындағы 200 метрлік жарыста Ольга Сафронова алдына жан салмады. Осы қашықтықтың тең жартысына дейін біраз бәсекелесімен үзеңгі қағыстыра жүгірді де, содан соң қарқынын үдетіп, өзгелерден қара үзіп кетті.

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысында Ольга Рыпакова аса қиналмай жеңімпаз атанды (14,32 м). Бұл жолы Рыпаковаға лайықты деңгейде бәсекелес бола алатын ешкімді көре алмадық десек, артық айтқандығымыз емес.

Ал дәл осы сайыста бақ сынаған Ирина Эктова болса, көпке дейін жетінші орыннан жоғары көтеріле алмай тұрған-ды. Бірақ соңғы мүмкіндігінде 13,77 метрді еңсеріп, қола жүлдені жұлып әкетті де, Қытай қыздарын тақырға отырғызып кетті.

Ал көпшілікке танымал онсайысшымыз, яғни Дмитрий Карпов жүлдеден тыс қалып, төртінші орынмен шектелді.

Көркем гимнастикадағы мың бұралған жас қыздарымыз (Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Виктория Горбунова, Екатерина Скорикова) командалық сында қола жүлдеге ие болды.

Таэквондошы қызымыз Ғания Әлзақ (57 келі) ширек финалдан аса алмады.

Көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасының қыздары алтыншы орынды қанағат тұтса, волейболдан Қазақстан құрамасының қыздары 10-орынға тұрақтады.

Регбиден әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты.

Баскетболдан Қазақстан құрамасының қыздары бесінші орынға ие болса, жігіттеріміз қола жүлде үшін таласу құқығына ие болды.

Жалпы, ел қоржынындағы жүлделер саны – 66 медаль (20 алтын, 17 күміс, 29 қола). Ал кеше ізімізге түскен Иран спортшыларына бүгін бір ғана алтын бұйырды. Қазір олардың алтындарының саны – 15.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети