28 қараша 2014 19:52

Келер жылы Шымкентте ескекшілер базасы ашылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Никита Басов ©Никита Басов

2015 жылы Шымкентте ескек есу спорты түрлерінен жаңа спорттық база пайдаланылуға беріледі, деп хабарлайды Тengrinews.kz "Алаш айнасы" инернет-порталына сілтеме жасап.


2015 жылы Шымкентте ескек есу спорты түрлерінен жаңа спорттық база пайдаланылуға беріледі, деп хабарлайды Тengrinews.kz "Алаш айнасы" инернет-порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы ескек есу федерациясының биылғы маусымды қорытындылауға арнаған баспасөз жиынында ұлттық құраманың басшысы Денис Жәрменов мәлімдеді. 

Бүгінгі таңда байдарка мен каноэде ескек есу Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне айналып отыр. Бұған биылғы жылы отандық ескекшілеріміздің халықаралық аренада келелі табысқа қол жеткізгендері дәлел бола алады. Мысалы, жақында ғана Азия ойындарында ескекшілеріміз бес алтын олжалап, әлем кубоктарында да жоғары нәтиже көрсете бастады. Ескек есу түрлерінен "Қайық" федерациясының 2010 жылы құрылғанын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес.

"Қазақстандағы ескек есу спорты түрлерін дамытудағы басты қиындық пен мәселе – республикалық жарыстар мен жаттығу жұмыстарын өткізуге қолайлы базаның, спорт кешенінің, жағдайдың жоқтығы. Біз осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовты Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құрайтын шымкенттік спортшылардың қазіргі жағдайларымен жақынырақ танысуға шақырдық. Жағдай көңілге қонымды емес, әрине. Қарапайым тұрмыстық жағдайдың өзі – жоқтың қасы. Осы орайда бұл мәселеге бірден назар аударған Асқар Исабековке айтар алғысымыз мол", – дейді Денис Жәрменов.

Бүгінгі таңда жаңадан ашылатын инфрақұрылымның негізгі бөлігі салынып біткен. Қабырғалары тұрғызылып, ендігі кезекте құрылысшылар спорттық нысанды әрлеу үстінде көрінеді. Мердігерлік компания бұл нысанды 2015 жылдың шілде айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен.

"Ең бастысы – әрине, қаржыландыру. Ал біздің федерацияның бас демеушісі – "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры. 2010 жылға дейін байдарка мен каноэде есу федерациясы жұмыс істеді. Алайда ол көптеген мәселелерді толық көлемде шеше алмады. Содан ескек есу түрлерінен "Қайық" федерациясы құрылып, оның тізгінін Қайрат Әйтекенов ұстады. Содан кейін бұл спорттың тынысы ашылды деуге болады. Қаржылай көмектің нәтижесінде біз керекті құрал-жабдықтарымызды сатып алып, оқу-жаттығу жиындарын өткізе бастадық. Сондай-ақ, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, әрі спортшыларға стипендия төлеуді қолға алдық. Бүгінгі таңда бұл жұмыстардың нәтижесін өздеріңіз білесіздер", – дейді Федерация президентінің кеңесшісі Александр Давыдов.

Айта кетейік, федерация басшылары 2015 жылғы негізгі дайындық 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына бағытталатындығын баса айтып отыр.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети