Халықаралық гандбол федерациясы кәсіпқой және әуесқой фототілшілер арасында бесінші рет бәйге жариялап, бас бәйгеге 5000 швейцар франкін тігіп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Халықаралық гандбол федерациясы кәсіпқой және әуесқой фототілшілер арасында бесінші рет бәйге жариялап, бас бәйгеге 5000 швейцар франкін тігіп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бәйгеге тек 2013 жылы түсірілген фотолар қабылданады. Соңғы өткізу мерзімі – 1 шілде, 2014 жыл. Кез-келген фототілші үш таңдаулы суретін Халықаралық гандбол федерациясының (IHF) Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы жібере алады.
Жіберілетін суреттер тек қол добы додасынан болуы керек. Бірақ әлем чемпионаты ма, мектептегі қарапайым дода ма, оған шектеу қойылмайды. Тек осы спорт түрінің тамаша көрінісі болуы керек.
Сезім, жігер, жанкештілік, қайсарлық, батылдық, жылдамдық, шапшаңдық, қозғалыс, ұмтылыс, серпін, эмоция, көз жасы, өкініш, команданың жұмыла әрекет етуі және оны басқару – бәрі-бәрі гандбол. Қысқасы, қол добының құдіретін паш ете алатын туынды керек.
Былтыр Австралия фототілшісі Бен Доусонның жағажай гандболындағы фотосы жеңімпаз атанған екен. Биыл да жылдағыдай жеңімпазға ақшалай сыйлық табыс етіліп, ең үздік фотолардың бәрі гандболдың бүкіләлемдік журналында және IHF басылымдарында жарыққа шығады.
Сонымен, іске сәт, фотоаппарат асынған әріптестер! Фотомұрағаттарыңызды ақтарып көріңіздер. Мүмкін сіздердің де тамаша фотоларыңыз бар шығар. Бірақ "бұл ақпаратты неге ертерек жарияламадыңыздар" деп бізді айыптай көрмеңіздер.