ҚР ҰОК мен Қазақстанның биатлонистер одағы Австриядағы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады

16 Ақпан 2017, 18:51
0
ҚР ҰОК мен Қазақстанның биатлонистер одағы Австриядағы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады -

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қазақстанның биатлонистер одағы қазақстандық спортшылардың Австрияның Хохфильцен қаласында өтетін әлем чемпионатының алдында туған допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел түрде өткізілген баспасөз конференциясы барысында спортшылардың тапсырған допинг-сынамаларының нәтижелері, сондай-ақ, биатлоннан Қазақстан құрамасымен 8 ақпанда болған даулы оқиғаcына қатысты мәлімдемелер жасалды. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қазақстанның биатлонистер одағы Австриядағы криминалды полицейлердің 8 ақпанда қазақстандық 10 биатлоншыны ұстағанын растады. Бірақ нәтижесінде 10 спортшы да босатылды. Оларға ешқандай айып тағылған жоқ. Сондай-ақ, WADA агенттігінің ережелеріне сәйкес, биатлоннан Қазақстан құрамасының барлық спортшысы допинг-сынамадан өтті. Қазақстандық спортшылардың допинг-сынамасы теріс нәтиже көрсетті", - делінген мәтінде.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қазақстанның биатлонистер одағы осы даулы оқиға барысында қазақстандық спортшылардың құқықтарының бұзылғанын айтты. "Биатлоннан Қазақстан құрамасының спортшыларынан таңғы сағат 5-ке дейін жауап алып, допинг-сынамадан өтуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ, дайындық жаттығулары барысында спортшылардың телефондарын, жеке мәліметтер сақталған компьютерлерді тінтіген. Қатты қысым көрсетілді және Австрияның құқық қорғау органдарының тарапынан спортшылар күйзеліске ұшырады. Біз Австрия билігінен және Халықаралық биатлонистер одағынан (IBU) осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуін сұраймыз. Сондай-ақ, болашақта қазақстандық спортшылар мұндай жағдайға ұшырамайды деп сенеміз", -делінген хабарламада.

Осыған дейін Австрия полицейлерінің қазақстандық биатлоншылардан тыйым салынған заттарды тапқаны хабарланған болатын. Осыған байланысты спортшылар допинг тексерісінен өткен еді.

Ал кеше қазақстандық биатлоншыларға жасалған допинг-сынамаларының қорытындысы шыққан болатын. "Достар, қазір ғана Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі (WADA) біздің биатлоншыларымызға жасалған допинг-сынамаларының қорытындысы бойынша спортшыларымыздың қанынан тыйым салынған заттар шықпағаны туралы ресми түрде қағаз алдық! Бұрындары айтқанымдай, біздің спортшылар таза!", - деген еді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай