Иранда шахматтан Азия кубогы аяқталды. Қазақстан шахматшылары намысты қолдан бермей, рапидте жігіттеріміз топ жарып, блицте қыздарымыз үшінші орынға ие болды, - деп сүйінші сұрайды Tengrinews.kz тілшісі.
Иранда шахматтан Азия кубогы аяқталды. Қазақстан шахматшылары намысты қолдан бермей, рапидте жігіттеріміз топ жарып, блицте қыздарымыз үшінші орынға ие болды, - деп сүйінші сұрайды Tengrinews.kz тілшісі.
Азия кубогы. Рапид
Әуелі Тебризеде (Иран) рапидтен Азия кубогы өтті. Ерлер арасында 10 елдің шахматшылары сынға түсті. Жартылай финалға Қазақстан, Қытай, Иран және Вьетнам құрамалары шықты.
Біздің жігіттер Вьетнамды ұтса, Қытай Ираннан басым түсті. Финалда Қазақстан шахматшылары Қытай құрамасын 2,5:1,5 есебімен ұтып, Азия кубогының жеңімпазы атанды.
Біздің елдің намысын Ринат Жұмабаев, Әнуар Исмағамбетов, Павел Коцур, Петр Костенко және Аян Ахметов сынды танымал шахматшыларымыз қорғады.
Азия кубогы. Классика
Классикалық шахматта жігіттеріміз де, қыздарымыз да жүлдеге бір қадам жетпей төртінші орындармен шектелді. Ерлер арасындағы біріншілік айналымдық жүйемен өткен болатын. Қазақстан құрамасы соңғы турға дейін қола жүлдеден үмітті еді. Алайда соңғы турда Вьетнам құрамасынан 1,5:2,5 есебімен ұтылып қалып, қола жүлдеден қағылды.
Ал әйелдер арасындағы біріншілікте айналымдық жүйеден кейін жартылай финалдық және финалдық кездесулер өтті. Біздің қыздар төртінші орынға ие болып, жартылай финалда Қытай қыздарына тап болды. Дәл қазір Азияда рапид пен классикадан топ жарып, ешбір құрамаға есе жібермей жүрген Қытай қыздары бұл жолы да дес бермеді.
Сөйтіп, сүйкімді аруларымыз қола жүлде үшін Иран құрамасымен кездескен еді. Алайда үшінші орын үшін өткен кездесуде де жеңіліске ұшырап (1:3), төртінші орынды қанағат қылды.
Азия кубогы. Блиц
Ең соңында Азия шахматшылары 64 тор көзді тақта үстінде жылдам ойнаудан сынға түсті. Блиц деп аталатын бұл сында қыздарымыздың бақтары жанды. Олар үшінші орынға ие болып, Азия кубогынан қола жүлде олжалады.
Қазақстан құрамасы сапында Мадина Дәулетбаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова, Гүлісхан Нақбаева сынды көпшілікке танымал қыздарымыз өнер көрсетті. Ал жігіттеріміз блицте 6-орынға ие болды.
Сонымен Ирандағы Азия ұлттары кубогы аяқталды. Бұл өз кезегінде 1-14 тамыз аралығында Норвегияның Тромсе қаласында өтетін Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы алдындағы дайындық сыны іспетті болды. Енді шахматшы қыз-жігіттеріміз Ирандағы өнерлерінен сабақ алып, Тромседе жылдағыдан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді деп үміттенеміз.