06 маусым 2014 18:15

Спорт журналистикасы саласындағы екі ұйым бірікпек

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығынан алынды Фото Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығынан алынды

Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының президенті Ілияс Омаров осы саладағы журналистердің мүддесін қорғауда "бірлік – түбі тірлік" деген қағиданы ұстану керек екендігіне айрықша тоқталып өтті, - деп жазады Tengrinews.kz.


Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының президенті Ілияс Омаров осы саладағы журналистердің мүддесін қорғауда "бірлік – түбі тірлік" деген қағиданы ұстану керек екендігіне айрықша тоқталып өтті, - деп жазады Tengrinews.kz.

Негізі, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының құрылғанына біраз жыл болған. Былтыр осындай тағы бір ұйым, атап айтқанда, Қазақстан спорт журналистері федерациясы құрылды.

Биыл осы екі ұйым қосылып, бірлесе жұмыс жасауды жөн көріп, сөзден іске көшті. Бұл жөнінде Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының (ASPK) президенті Ілияс Омаров былай дейді:

Өткен аптада біздің Қауымдастықтың Атқару комитеті кезекті мәжілісін өткізді. Оған Қазақстан спорт журналистері федерациясының жаңа сайланған президенті Илья Уразаков пен бас хатшысы Римма Тәжібаева екеуі келіп қатысты.

Біз бірігу жайлы әу бастан ойлап, өткен жылғы күзден бері тізе қоса жұмыс жасау керек екендігін айтып келдік. Аталған федерация біздің ұсынысымызды қабыл алып, өз ұсыныстарын көлденең тартып отыр. Табиғат заңына сәйкес дейміз бе, әйтеуір енді, тоғыз айдан кейін біздің біріге армандаған "ұрпағымыз" дүниеге келмек. Енді Қазақстан спорт журналистері мүддесін бір ғана ұйым қорғап, ол тамырын тереңге тартады деп үміттенемін.

Әрі Қазақстан спорт журналистері федерациясын Илья Уразаковтың басқаруы көп пайда келтіреді деп сенеміз. Иә, ол – 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада дайындығы дирекциясының басшысы. Бірақ оның бұл қоғамдық қызметі негізгі лауазымды міндетіне еш кедергі болмайды, керісінше, оның сенімді тірегі болады деп ойлаймын.

Атқару комитеті отырысында біз екі ұйымның бірігуі туралы мәселелерді талқыладық. Федерация өкілдерін ASPK Атқару комитетінің құрамына енгізу мәселесі де қаралды. Әрі Қазақстан спорт журналистикасының жұмысын жандандыруға бағытталған, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсындық.

Енді тек құжаттарымызды реттеп, заңды түрде бірігу үшін шілде айының ортасында қайта кездесетін болып келістік.
Өз кезегімде тағы да қайталап айтқым келеді, біздің Қауымдастық аталған федерацияға өзінің бәсекелесі немесе бақталасы ретінде қарамайды. Тек бірлесе жұмыс жасауды қолдайды. Өйткені бәріміз де бір терінің пұшпағын илеп жатырмыз. Бәріміздің мүддеміз – бір.

ASPK президенті бұдан кейін аса маңызды мәселелерге тоқталып өтті. ҚР спорт және денешынықтыру агентігінің қолдауымен жақында Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) 77-ші Конгресіне қатысып келгендерін айтты.

Қазіргі таңдағы басты мақсаттары Олимпиада ойындарынан тікелей ақпарат тарату үшін ресми түрде ХОК-ке тіркелетін қазақстандық журналистердің санын арттыру екендігін де шегелеп өтті. Әзірше ұлан-байтақ қазақ елінен төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарына 4-5 журналист қана ресми түрде тіркеле алады...

Сондай-ақ жыл өткен сайын AIPS-тің халықаралық спорт саласында беделі қарыштап өсіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Осыдан Қазақстан спорт журналистері де шет қалмай, оның барлық маңызды шараларына қатысып отырса деген арман-тілегін де көсеп өтті.

Бүгінде 43 қазақстандық спорт журналисі AIPS-тің мүшесі екен. Ілияс Омаров ASPK Атқару комитеті осы халықаралық ұйымға мүше болғысы келетін журналистерге қол ұшын беретіндігін баса айтты.

Осы ретте айта кетейік, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығы – AIPS-тің құрамына кіретін, осы ұйым өзінің құрамдас бөлігі ретінде таныған біздің елдегі бірден-бір ұйым ғана.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети