26 мамыр 2014 16:22

Су добындағы сұлуларымыз жетінші орынмен шектелді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото fina.org сайтынан Фото fina.org сайтынан

Cу добынан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Әлемдік лиганың Америкада өткен електік додасында жетінші орынмен шектелді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Cу добынан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Әлемдік лиганың Америкада өткен електік додасында жетінші орынмен шектелді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Риверсайдте (АҚШ-та) Қазақстан қыздары АҚШ, Канада және Жапония құрамаларымен "А" тобында сынға түскен болатын. Топтық кезеңде Канада қыздарынан 7:21 есебімен, ал АҚШ аруларынан 5:16 есебімен ойсырай ұтылып, Жапония құрамасына 10:11 есебімен есе жіберіп алғанын жазғанбыз.

Бұдан кейін плей-офф ойындары өтіп, ширек финалдық кезеңде Қазақстан қыздары «В» тобында бірінші орынға ие болған Австралия аруларымен кездесті. Қазақстан ұлттық құрамасы "Жасыл құрлықтың" қыздарына да төтеп бере алмай, 6:12 есебімен жеңіліске ұшырады.

Бұдан соң, ширек финалда Канада қыздарынан 6:10 есебімен ұтылған Бразилия құрамасымен кездесті. Шектен тыс тартысты ойында біздің қыздардың бақтары жанбай, 11:12 есебімен бесінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Ал соңғы ойында бұған дейінгі кездесулерінің бәрінде ойсырай ұтылған Венесуэла қыздарына 17:9 есебімен басымдық танытып, Әлемдік лиганың Құрлықаралық додасында 7-орынды қанағат тұтты.

Бұл додада Австралия арулары топ жарып, АҚШ қыздары екінші орынға ие болды. Бұдан кейінгі 3-6 орындарға жазылу ретімен Қытай, Канада, Бразилия және Жапония қыздары орналасты. Сөйтіп, әйелдер арасындағы Әлемдік лиганың суперфиналына Австралия, АҚШ, Қытай, Канада және Бразилия құрамалары қатысатын болды.

Суперфинал Қытайда өтетіндіктен, бұл елдің қыздары қай орынға ие болса да, ақтық сынға міндетті түрде қатысуы керек-тін. Сондықтан Құрлықаралық доданың төртінші жолдамасы Бразилия қыздарына бұйырды. Егер біздің қыздар дәл осы Бразилия құрамасынан ұтылып қалмағанда, төртінші жолдаманы өздерімен деңгейлес Жапония аруларымен сарапқа салар еді.

Айтпақшы, суперфиналға бұған дейін Еуропадан Испания, Италия және Ресей қыздары шыққан болатын. Енді әлемнің сегіз үздік құрамасы арасындағы суперфиналдық дода 10-15 маусым аралығында Қытайда өтеді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети