Бурабайда триатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтіп, жеткіншектер арасында Аян Бейсенбаев құрлық чемпионы атанды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бурабайда триатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтіп, жеткіншектер арасында Аян Бейсенбаев құрлық чемпионы атанды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Триатлоннан, яғни үшсайыстан Бурабайда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлық біріншілігіне Азияның 14 мемлекетінен 84 спортшы қатысты. "Жақсы" спорт кешенінде ашылу салтанаты өткен Азия чемпионатында қыздар да, жігіттер де суда 750 метрге жүзіп, велосипедпен 20 шақырымға жарысып, ең соңында бес шақырымға жүгірді.
Жасөспірімдер арасында Көкшетаудағы триатлоны мектебінің түлегі Аян Бейсенбаев жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөлеп, мәре сызығын бірінші болып қиды.
Ол жүзу мен веложарыста Гонконг және Корея бозбалаларына жете алмай қойса да, жүгіруге келгенде бар күш-жігерін салып, көмбеге жақындағанда бәсекелестерін басып озды. Мұндайды күтпеген, уысындағы алтыннан айырылып қалған Гонконг спортшысы көз жасына ерік беріп, өкініштен өзегі өртенгенін жасыра алмай егілді.
Жалпы, жасөспірімдер арасындағы сынға барлығы 27 спортшы қатысқан болатын. Аяннан бірге Темірлан Теміров те өз бағын сынап, бесінші орынға ие болды.
Қыздар арасында небәрі 12 спортшы ғана сынға түсіп, біздің елдің намысын қорғаған Оксана Грот 7-орынды, ал Кристина Нестеренко 9-орынды қанағат тұтты. Мұнда жүлделі орындардың бәрін Жапония қыздары "жаулап" алды.
Жастар арасындағы 23 спортшы бақ сынаған үшсайыста алтын мен күміс Жапония және Корея қырандарына бұйырды. Ал қола жүлдені Арман Қыдыртаев еншіледі. Арман да – Көкшетаудағы триатлоны мектебінің түлегі.
Екінші жігітіміз, яғни Виталий Реш 10-орынды иеленді.
Бойжеткендер арасында 20 спортшы бәйгеге түсіп, жүлделі орындарды Корея, Жапония және Қытай қыздары өзара бөлісті. Біздің Анастасия Бабина 10-орынға, ал Яна Морозова 18-орынға табан тіреді.