АҚШ билігі визаның үш санаты бойынша қолданылу мерзімін шектейді. Студенттер мен алмасу бағдарламалары бойынша келген шетелдік елде төрт жылдан аспайтын уақыт, ал журналистер 240 күннен аспайтын мерзімде бола алады, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігінің (МВБ) Федералдық тізілімде – Америка үкіметінің ресми құжаттар жинағында жарияланған хабарламасында айтылған.
Сөз визаның үш санаты туралы болып отыр: студенттік (F), алмасу бағдарламаларына қатысушыларға арналған (J) және журналистерге арналған (I) визалар. Студенттер мен алмасу бағдарламалары бойынша келгендер үшін кіру құжаттарының мерзімі төрт жылмен, ал журналистер үшін 240 күнмен (Қытай азаматтары үшін – 90 күнмен) шектеледі.
Қазіргі уақытта бұл визалар бағдарламаның немесе АҚШ-тағы жұмыстың бүкіл кезеңіне беріледі.
Құжат авторлары бұл шаралар "қосымша қорғаныс пен бақылауды күшейтуді" қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартады. Олардың пікірінше, осылайша билік виза иелерінің елде болу мерзімі ішінде өзінің заңды мәртебесін сақтап тұрғанын мұқият қадағалай алады.
Вашингтон бұл шешімді аталған санаттағы визалардың күрт көбеюімен түсіндіреді. Мәселен, 2024 қаржы жылында 1,8 миллионнан астам студенттік виза ресімделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Алмасу бағдарламасына қатысушылар сол кезеңде 500 000-нан астам виза, ал БАҚ өкілдері 37 000-нан астам виза алған. Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, мұндай өсім шетелдіктердің ел аумағында болуын бақылауды қиындатады.
АҚШ-та белгіленген мерзімнен артық қалғысы келетіндер министрлікке мерзімді ұзарту туралы өтініш беруі керек немесе елден шығып, қайта кіруі тиіс.
Түзетулер федералдық тізілімде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.