Италияда туристер ағынының толассыз өсуіне байланысты танымал жағажайларда ерекше ереже енгізіле бастады: енді олардың кейбіріне тек алдын ала жазылу арқылы кіруге болады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Жағажайға енді тек жазылу арқылы кіруге болады
The Independent хабарлауынша, мұндай жүйе Сардинияның бірнеше танымал жағажайында қолданысқа енді. Онда билік табиғатқа түсетін салмақты азайту және жағалауды жаппай туризмнің зардаптарынан қорғау үшін келушілердің күнделікті санын шектеді.
Италияның Ұлттық статистика институтының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елге келген туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға, ал қонақүйлерде түнегендер саны 7,5 пайызға артқан. Италияда демалуға деген қызығушылықтың артуы аясында сұранысқа ие шағын шығанақтар мен жағажайлар адамның көптігі мәселесіне тап болды.
Қай жағажайлар жаңа ереже бойынша жұмыс істейді?
Бұған Сардиниядағы әйгілі Ла-Пелоза жағажайы айқын мысал бола алады. Қазір мұнда 15 қыркүйекке дейін брондау үшін бос орын жоқ. Жағажайға бару үшін алдын ала бронь рәсімдеу қажет, ол бір мезгілде ең көбі төрт адамға беріледі. Сондай-ақ бір адамға 3,5 еуро (шамамен 1900 теңге) мөлшерінде алым төлеп, кіруге құқық беретін QR-код алу керек.
Бұдан бөлек, жағажайға кіру шектелген: мамырдан қазанға дейін мұнда күніне 1500-ден аспайтын адам демала алады.
Осындай ережелер аралдың басқа да жағажайларында қолданылады. Мәселен, Сардинияның шығыс жағалауында орналасқан, ЮНЕСКО-ның қорғауындағы нысандар тізіміне енген Кала Голорице шығанағы да келушілерді тек алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Брондау наурыздан қарашаға дейін ашық, ересектер үшін кіру құны 7 еуро (шамамен 3750 теңге), ал күнделікті ең көп сыйымдылық - небәрі 250 адам. Орынды барудан кемінде үш күн бұрын резервтеуге болады, алайда жақын күндерге бос орындар қалмаған.
Сардинияның тағы екі танымал жағажайы - Кала Бригантина мен Су Сирбони де алдын ала жазылу жүйесімен жұмыс істейді. Бұл жерлерде күнделікті лимит тиісінше небәрі 60 және 786 келушіні құрайды.
Туристер ағынын шектеу туралы шешім неге қабылданды?
Legambiente экологиялық ұйымы мұндай шараларды қажеттілік деп санайды. Ұйымның туризм мәселелері жөніндегі өкілі Себастьяно Веннери әлемдік туризмнің өсуі табиғи аумақтарды сақтаудың жаңа тәсілдерін талап ететінін айтты.
"Бірдеңе істеу керек, өйткені әлемдегі туристер саны 2000 жылғы бір миллиардтан 2030 жылға қарай екі миллиардқа дейін өседі деп күтіледі", - деді Веннери.
Оның айтуынша, Сардинияның ең танымал жағажайларының бірі қазірдің өзінде үлкен салмақты бастан кешіріп жатыр.
"Сардиниядағы Ла-Пелоза жағажайы келушілердің құмды сүлгілеріне жабыстырып алып кетуінен-ақ жойылып кету қаупінде тұр", - деп атап өтті ол.
Жаңа ережелер қызу пікірталас тудырды
Сонымен қатар Италияда жағажайларға қолжетімділік мәселесі қоғамдық талқылауға ұласты. Бұған дейін оңтүстік Апулия аймағының губернаторы Антонио Декаро демалушыларға жеке жағажайларға өз тамағын алып келуге рұқсат беруді ұсынған болатын.
"Біз теңіз Апулия тұрғындары үшін де, осы аймақты тануға келетіндер үшін де барынша еркіндік кеңістігіне айналуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Теңіз - бәріне ортақ байлық, ол сәндік затқа айналмауы тиіс", - деді ол жарияланған видеода.
Алайда жағажай клубтары иелерінің өкілдері бұл бастамаға қарсы шығып, мұндай ұсыныстар "аймақтың жоғары деңгейлі демалыс орны ретіндегі имиджіне" нұқсан келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Танымал жағажайларда алдын ала брондау жүйесін енгізу - өсіп келе жатқан туристер ағыны мен табиғи аумақтарды сақтау арасындағы тепе-теңдікті табудың бір жолы болды. Енді Италияның ең әйгілі жағажайларының кейбіріне бару үшін теңіз жағасына жай ғана келу жеткіліксіз - орынды алдын ала брондау қажет.
Тағы оқыңыз: ChatGPT берген кеңестен кейін туристер тауда қалып қойды