Еуропадағы аномальді ыстыққа байланысты мамандар жағажай суында қауіпті бактерияларды жұқтыру қаупі артып келе жатқанын ескертеді. Мәселе сирек жағдайларда ауыр инфекцияларды, соның ішінде "тін жейтін" бактерия деп аталып кеткен некроздаушы фасциит инфекициясын тудыруы мүмкін Vibrio vulnificus микроағзасы туралы болып отыр, деп хабарлайды Tengri Travel.
The Independent мәліметінше, қауіпті бактериялардың анықталуына байланысты Испанияда бірнеше жағажай жабылды. Сарапшылар Vibrio vulnificus-тың таралуын климаттың өзгеруімен және су температурасының көтерілуімен байланыстырады.
Неге бактерия қарқынды таралып жатыр?
Vibrio vulnificus теңіз және тұзды суларда, әсіресе өзендер теңізге құятын жерлерде тіршілік етеді. Сонымен қатар бактерия теңіз өнімдерінде болуы мүмкін.
Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық (ECDC) "жаз маусымы бойы", әсіресе аптап ыстық кезінде "вибриозды инфекциялар қаупінің артуы" туралы ескертті.
Мамандар жылы су бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Температураның көтерілуі мен экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне байланысты қауіпті аймақтар біртіндеп көбейіп келеді.
Инфекция қалай жұғады?
Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық агенттік (EFSA) мәліметінше, инфекция екі негізгі жолмен жұғуы мүмкін: шикі немесе шала пісірілген теңіз өнімдерін жеу арқылы, сондай-ақ ашық жараға ластанған су тиген кезде.
Сондықтан сарапшылар шикі теңіз өнімдерінен бас тартып, денеде кесілген жерлер, сырылу немесе терінің басқа да зақымдануы болса, теңіз суына түспеуді ұсынады.
Инфекция қаупі қандай?
Вакцинация және инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелерімен айналысатын Gavi ұйымы Vibrio тырысқақ тудыратын бактерияның жақын туысы екенін түсіндірді, дегенмен олар қоздыратын аурулардың айтарлықтай айырмашылығы бар.
"Ауыр жағдайларда инфекция некроздаушы фасциитке әкелуі мүмкін, бұл кезде жараның айналасындағы тіндер тез бұзылады", - деп атап өтті Gavi мамандары.
Бактерия қан айналымына еніп, сепсис тудыруға да қабілетті. Кейбір жағдайларда пациенттердің зақымдалған аяқ-қолын ампутациялауға тура келеді.
Некроздаушы фасциит - бұл бактериялар теріні, майлы жасушалар мен бұлшықеттерді қоршап тұрған тіндерді тез бұзатын өте ауыр инфекция. Дәл осы аурудың кесірінен Vibrio vulnificus бейресми түрде "тін жейтін" бактерия деген атауға ие болды.
Gavi мәліметтері бойынша, мұндай инфекция кезінде өлім көрсеткіші 20-дан 50 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Осы уақытқа дейін қанша жағдай тіркелді?
Ауыр инфекциялар санының артуын зерттеу нәтижелері де айғақтайды. Сәуірде өткен ESCMID Global 2026 конференциясында кейінгі онжылдықта ауру жағдайларының айтарлықтай көбейгенін көрсететін мәліметтер ұсынылды.
Зерттеу Дания мен Солтүстік Еуропа елдеріне шоғырланған. Жұмыс авторларының айтуынша, Данияда өте ыстық жаз айларында 200-ге жуық ауыр сырқаттану жағдайы тіркеледі.
Ұқсас үрдіс АҚШ-та да байқалады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) мәліметінше, елдің шығыс жағалауында Vibrio vulnificus инфекцияларының саны 1988 жылдан 2018 жылға дейін сегіз есе артқан, ал бактерияның таралу аумағы айтарлықтай кеңейген.
Мамандар қандай кеңес береді?
CDC екі негізгі сақтық шарасын атап көрсетті:
- шикі немесе шала пісірілген теңіз өнімдерін жемеу;
- теңіз суының ашық жараға тиюіне жол бермеу.
Сарапшылар ауыр инфекциялар сирек кездесетінін, алайда су температурасы әдеттегіден жоғары болатын ұзаққа созылған аптап ыстық кезінде қауіп артатынын баса айтты.