Виктория (Аустралия) полициясының детективтері 17 жастағы жасөспірімге Мельбурн қаласындағы Авалон әуежайында болған оқиғаға байланысты айып тақты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі SkyNews-ке сілтеме жасап.
6 наурызда Виктория полициясы жасөспірімді Авалон әуежайының аумағына заңсыз кіріп, рейске шабуыл жасау әрекеті үшін ұстады.
Аустралиялық БАҚ мәліметінше, ол әуежай қызметкерінің формасына ұқсас жарық шағылыстыратын күртеше киіп, қоршаудағы тесіктен өткен. Ол Jetstar әуекомпаниясының JQ610 рейсіне мылтық және оқ-дәрілермен қаруланып, шабуыл ұйымдастырмақ болған.
Жолаушылар мен экипаждың жедел әрекеті арқасында жасөспірім ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
"Мұндай сәтте ойлануға уақыт болмайды – жай ғана әрекет етесің. Қажетті нәрсені жасау керек", – дейді оқиғаның куәгері әрі жасөспірімді ұстауға көмектескен жолаушы Барри Кларк.
Қазір жасөспірім әуе кемесін қылмыстық жолмен басып алу, бомба туралы жалған ақпарат тарату, атыс қаруын сақтау және жол ережесін бұзу бойынша айыпталып отыр. Жақын арада ол ювеналды соттың алдына шығады.
"Біз полиция және әуежай әкімшілігімен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біздің басты басымдығымыз – жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі. Біз ешкімнің зардап шекпегеніне қуаныштымыз. Сонымен қатар, жолаушылардың көмек көрсеткеніне шын жүректен алғысымызды білдіреміз," – деп мәлімдеді Jetstar өкілі.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!