The Economist журналының зерттеу бөлімшесі - Economist Intelligence Unit (EIU) - әлемнің 173 қаласындағы өмір сүруге жайлылық деңгейін бағалаған Global Liveability Index 2026 жыл сайынғы рейтингін жариялады, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Сарапшылар бес негізгі санатқа біріктірілген 30-ға жуық көрсеткішті талдады: тұрақтылық, денсаулық сақтау, мәдениет және қоршаған орта, білім беру және инфрақұрылым.
Өмір сүруге ең қолайлы қала
Зерттеу қорытындысы бойынша, осымен екінші жыл қатарынан Копенгаген әлемдегі ең жайлы қала болып танылды. Осының арқасында Дания өмір сүруге ең қолайлы жағдай жасалған елдердің қатарынан тағы да көрінді. Ел астанасы бірден үш бағыт - қауіпсіздік, инфрақұрылым және білім беру бойынша ең жоғары ұпай жинады.
Зерттеу авторлары сөзінше, қала мемлекеттік қызметтердің жоғары деңгейі, дамыған көлік және қалалық инфрақұрылымы, қауіпсіздігі және мазмұнды мәдени өмірімен ерекшеленеді.
Екінші орынға бұған дейін үш жыл қатарынан рейтингтің көшін бастаған Вена жайғасты. Үшінші орын Мельбурнге бұйырса, одан кейінгі орындарды Сидней, Цюрих, Женева, Осака, Аделаида, Ванкувер және Токио алды.
2026 жылы әлемдегі өмір сүруге ең жайлы 10 қала
Осылайша, алғашқы ондыққа алты елдің - Дания, Австрия, Аустралия, Швейцария, Жапония және Канаданың қалалары енді. Бұл ретте Аустралия бірден үш қаласы (Мельбурн, Сидней және Аделаида) үздік ондыққа кірген жалғыз ел болды.
2026 жылы әлемдегі өмір сүруге ең жайлы 10 қала:
- Копенгаген (Дания);
- Вена (Австрия);
- Мельбурн (Аустралия);
- Сидней (Аустралия);
- Цюрих (Швейцария);
- Женева (Швейцария);
- Осака (Жапония);
- Аделаида (Аустралия);
- Ванкувер (Канада);
- Токио (Жапония).
Азия - ең жылдам дамып келе жатқан аймақ
EIU 2026 жылы әлемдегі өмір сүру деңгейі жалпы алғанда тұрақты екенін атап өтті. Дегенмен, жалпы көріністің артында айтарлықтай аймақтық айырмашылықтар жатыр.
Ең айтарлықтай ілгерілеуді Азия көрсетті. Аймақ қалаларының орташа көрсеткіші денсаулық сақтау саласына жасалған көпжылдық инвестициялардың арқасында өсті. Әсіресе Қытай қалалары өз позицияларын жақсартты. Өсу қарқыны бойынша Фучжоу көш бастап, бірден жеті сатыға көтерілді. Сондай-ақ ең қарқынды өсім көрсеткен қалалар қатарына Уси, Нанкин, Чжухай, Циндао, Шэньян, Далянь, Сиань және Чунцин енді.
Рейтинг қатысушыларының арасында Нью-Йорк те ерекшеленіп, үш сатыға ілгеріледі. Жақсару, ең алдымен, тұрақтылық критерийі бойынша жоғары бағамен байланысты - сарапшылар мұны қылмыс деңгейінің төмендеуі және террористік қауіптердің азаюымен түсіндірді.
Лиссабон да өз позициясын айтарлықтай нығайтты, мұнда денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіштері жоғарылады, ал Токио мәдениет және қоршаған орта санаты бойынша жоғары баға алды.
Қай жерде өмір сүру жайлылығы төмендеді?
Сонымен қатар, кейбір аймақтарда көрсеткіштер нашарлады. EIU мәліметінше, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің орташа бағасы Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың салдарынан бір балға төмендеді, бұл тұрақтылық деңгейіне кері әсерін тигізді. Рейтингте ең көп құлдыраған қалалар - Маскат, Эль-Кувейт, Амман, Манама, Доха, сондай-ақ Абу-Даби мен Дубай.
Осыған қарамастан, зерттеушілер аймақтағы бірқатар қалалар медициналық инфрақұрылымның дамуы арқасында денсаулық сақтау көрсеткіштерін жақсартуды жалғастырып жатқанын атап өтті.
Батыс Еуропа әлі де әлемдегі ең жайлы аймақ болып қала береді, оның орташа көрсеткіші 100-ден 91,7 балды құрады. Екінші орында 90,4 балл нәтижесімен Солтүстік Америка тұр.
Рейтингтің ең соңғы сатысына Дамаск тұрақтады, дегенмен сарапшылар жергілікті денсаулық сақтау жүйесіндегі айтарлықтай өсімді атап өтті. Оның алдындағы орын Триполиге бұйырды, ол да медициналық көрсеткіштерін жақсартқан.
Бұлардан бөлек, өмір сүруге ең қолайсыз он қаланың қатарына Тегеран, Хараре, Киев, Порт-Морсби, Лагос, Алжир, Карачи және Дакка енді. Аутсайдерлердің көпшілігі, EIU бағалауы бойынша, тұрақтылық критерийі бойынша төмен ұпай алған - дәл осы фактор жалпы индексті есептеуде негізгі көрсеткіш болып қала береді.