Ресейдің Амур облысында Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан Ан-24 жолаушылар ұшағы радарлардан жоғалып кетті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Ресей ТЖМ мәліметінше, ұшақ Тында қаласы әуежайынан бірнеше шақырым жерде радарлардан жоғалған.
Амур облысы губернаторының мәліметінше, "Ангара" әуекомпаниясына тиесілі ұшақ бортында 43 жолаушы (соның ішінде 5 бала) және 6 экипаж мүшесі болған. Оқиға орнына құтқарушылардың тікұшағы жіберіліп, ұшақтың жанып жатқан фюзеляжы табылған.
РБК деректеріне сүйенсек, ұшақ сынықтары Тындадан 16 шақырым жердегі тау баурайынан табылған. Mash басылымының жазуынша, іздеу тікұшағы маңайды қоршаған қалың орман салдарынан қона алмаған. Зардап шеккендерді іздеу үшін жаяу іздестіру-құтқару тобы жіберілген.
РИА Новости мәліметінше, Ан-24 ұшағы құлаған жерді әуеден шолу кезінде тірі қалғандар анықталмаған. Алайда, Амур облысының Азаматтық қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығының ақпараты бойынша, жерүсті тексерісі кезінде аман қалғандар табылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Mash басылымы апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының соңғы кадрлары болуы мүмкін бейнежазбаларды жариялады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!