Шенген аймағы елдерінде паспорттағы мөрді алмастыратын EES автоматтандырылған кіру және шығу жүйесі іске қосылды. Қазақстандықтар үшін енгізілген өзгерістер туралы СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтып берді, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, 10 сәуірден бастап Шенген аймағының 29 елінде Еуропалық комиссия енгізіп жатқан EES жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады.
Жүйе үшінші ел азаматтарының Шенген аймағының сыртқы шекараларынан өтуін цифрлық есепке алуға арналған. Іс жүзінде ол паспортқа мөр басу рәсімін алмастырады.
Жаңа ережелер саяхатшылардың барлық санатына, соның ішінде туристерге, іскерлік сапармен жүрген адамдарға, сондай-ақ транзиттік жолаушыларға қатысты қолданылады.
Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш рет кірген кезде шетелдік азаматтардың жол жүру құжаты туралы мәліметтері, биометриялық деректері жиналып, сонымен қатар келу және кету күні мен орны тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардың саусақ іздері алынбайды.
Деректерді сақтау мерзімі дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, 3 жылға дейін болады. Сондай-ақ жүйеде елге кіруден бас тарту жағдайлары да тіркеледі.
Кейінгі сапарлар кезінде шекарадан өту рәсімі, әдеттегідей, жеңілдеуі тиіс және бет-әлпет бейнесі бойынша тұлғаны растауды қарастырады.
"Биометриялық деректерді беруден бас тартқан жағдайда Шенген аймағының аумағына кіруге тыйым салынады", - деп хабарлады СІМ өкілдері.
Сондай-ақ жүйе жұмысының бастапқы кезеңінде шекаралық бақылаудан өту уақыты, әсіресе алғашқы кіру пунктінде ұзаруы мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты транзитпен жүретін азаматтарға рейстер арасындағы ауысып міну үшін қосымша уақыт қарастыру ұсынылады.
Рәсімді жеңілдету үшін Еуропалық Одақ мобильді қосымша әзірледі, ол келуге дейін 72 сағаттан кешіктірмей паспорттық деректер мен биометриялық суретті жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды.
Мән-жайы
Бұған дейін EES жүйесі паспорттағы үйреншікті мөрлерді дерекқордағы электрон жазбалармен алмастыруы тиіс екендігі туралы жазған болатынбыз. Ол үшінші ел азаматтарының Шенген аймағына кіруі және шығуы кезінде биометриялық деректерін - суреті мен саусақ іздерін тіркейді. EES жүйесін барлық өткізу пункттерінде толық енгізу 2026 жылдың 10 сәуіріне қарай күтілген болатын.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін визалық режим өзгеріссіз қалатыны хабарланған болатын: EES шенген визасын алу қажеттілігін жоймайды. Бұл ретте жүйе Шенген аймағында рұқсат етілген болу мерзімінен асып кету жағдайларын автоматты түрде тіркейді.
Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін еуропалық әуежайларда кезектер пайда болуы мүмкін екені ескертілді. Туристерге әуежайға алдын ала келуге, биометрия тапсыруға дайын болуға және бақылаудан өту уақытының ұзаруы мүмкін екенін ескеруге кеңес берілді.