Мальтаның Салина ауданындағы отшашу шығаратын фабрикада жойқын жарылыс болды. Оқиға сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Times of Malta мәліметінше, оқиға 1 маусымда таңертең Lourdes Fireworks Factory кәсіпорнында болған. Полиция мәліметінше, кәсіпорын қызметкерлері мен маңайдағы үйлердің тұрғындары зардап шекпеген, десе де жарақат алғандар бар.
Не болды?
Жарылыс таңғы сағат 6:30 шамасында болған. Алғашқы дүмпуден кейін бірнеше ұсақ жарылыс болған. Куәгерлер соққы толқыны кәсіпорын маңында ғана емес, аралдың орталық және солтүстік аудандарында да сезілгенін айтты.
"Бұл жай ғана дыбыс емес, соққы болды. Мен үш бірдей қуатты дүмпуден кейін оянып кеттім. Толқын үй, кеңсе және үй кинотеатрының құлыптаулы есігін жұлып әкетті. Қабырғаны бар пәрменімен ұрғандай әсер қалдырды. Ал түтін шамамен мың фут (300 метрдей) биіктікке көтерілді", - деді көршілес Магтаб ауданының тұрғыны Эдвард Мерчека.
Парламенттің бұрынғы депутаты Клодетт Буттиджидж де өз көргенін бөлісті.
"Асыра айтқаным емес: терезелеріміздің алюминий жақтаулары ішке қарай майысып, сосын орнына келгенін өз көзіммен көрдім. Бір сәтке үй қирап, өзіміз ауаға ұшып кететіндей көріндік", - деді ол.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көбі басында бұл дыбысты мерекелік отшашу деп ойлаған, бірақ көп ұзамай ауыр апат болғаны белгілі болды.
Зардап шеккендер бар ма?
Жарылыс салдарынан көршілес ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмыс істеп жатқан 47 және 67 жастағы екі ер адам зардап шеккен. Олар жеңіл жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қираған терезелер мен жолдағы тастар
Жарылыс толқыны Салина маңындағы ондаған ғимаратқа зақым келтірді. Аралдың әртүрлі ауданының тұрғындары терезелердің шағылғаны, үйлердің бүлінгені туралы хабарлады. Фабрикадан бірнеше шақырым радиуста тұратын адамдар да үйлеріндегі әйнектердің сынғанын айтып жатыр.
Салина мен Наксарды жалғайтын Triq is-Salini жолына ірі тастар құлаған. Жүргізушілерге бұл учаскені айналып өту ұсынылды.
Зауыт аумағындағы ұсақ жарылыстар бірнеше сағатқа созылғандықтан, полиция адамдарды шұғыл эвакуациялап, ауданды қоршауға алды. Осы себепті фермерлер өз шаруашылықтарына ұзақ уақыт бойы жіберілмеді.
MaYA Foundation бейіндік қорының өкілдері жергілікті аграршыларға үлкен шығын келгенін мәлімдеді. Ұйымның мәліметінше, фермерлер құрылыстардың бүлінгенін, малдың қырылғанын айтып жатыр.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, осы фабрикада 2018 жылғы мамырда да жарылыс болған. Ол кезде екі адам ауыр жарақат алған. Бұл жолғы жарылыстың себебі әзірге белгісіз. Оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.