Жолаушыларға 18 және 19 қыркүйекте Франциядағы әуе қатынасында ақаулар болуы мүмкін екені ескертілді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Елдің ең ірі әуе диспетчерлері кәсіподағы SNCTA ұлттық деңгейде 24 сағаттық ереуіл өткізетінін жариялады. Ол 18 қыркүйек таңертең басталып, келесі күннің таңына дейін жалғасады.
Кәсіподақ мәліметінше, акция елдің барлық әуежайын, соның ішінде Париждің хаб әуежайы – Шарль-де-Голльді де қамтиды. Наразылыққа әуе қозғалысын бақылаушылар (ICNA және TSEEAC), сондай-ақ CDG әуежайындағы трафикті бақылау қызметкерлері қатысады.
Ереуілдің себептері
SNCTA инфляцияны ескеріп төлемдерді арттыруды және билікпен жыл сайын келіссөздер жүргізу форматын құруды талап етеді. Бұл – еуропалық нормаларда қарастырылған.
Сонымен қатар кәсіподақ француз диспетчерлерінің еңбекақысы еуропалық қорлардан төленетінін және мемлекеттік бюджеттен қаражат талап етпейтінін атап өтті.
"Инфляцияға байланысты түзету мемлекет бюджетіне де, салық төлеушілерге де салмақ салмайды. Бұл шығындар әуекомпаниялары тарапынан төленген және бюджет жобасында ескерілуі тиіс", – деді SNCTA өкілдері.
Жолаушылар үшін ықтимал салдар
Еуропадағы әуе қозғалысын үйлестіретін Eurocontrol деректері бойынша, ереуіл салдарынан жаппай кідірістер мен рейстердің тоқтатылуы күтіледі. Бұл Франция ішіндегі ұшуларға ғана емес, француз әуе кеңістігі арқылы өтетін бағыттарға да әсер етуі мүмкін. Бұл Ұлыбритания, Испания, Италия және басқа да Еуропа елдерінен келетін рейстерде де ақаулар болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Жолаушыларға сапарларын мүмкіндігінше басқа күндерге ауыстыруға кеңес беріледі.
Жолаушыларға кеңестер
- Рейс мәртебесін әуекомпания сайтынан және әуежайдан жолға шықпас бұрын тексеріңіз.
- Мүмкіндігіңіз болса, баламалы бағыттарды немесе теміржол қатынасын қарастырыңыз.
- Ұшудан басқа амал қалмаса, қосымша уақытты қосып жоспарлаңыз, әсіресе транзит пен тоғысатын рейстер үшін.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!