Ұлыбританияда визаға қатысты маңызды өзгеріс енгізілді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ұлыбританияда визаға қатысты маңызды өзгеріс енгізілді Фото:depositphotos.com

Егер Лондонға саяхаттауды немесе ұлыбританиялық жоғары оқу орнында білім алуды жоспарлаған болсаңыз, сапар бюджетін қайта қарауға тура келеді. 8 сәуірден бастап Ұлыбритания визалар санаты үшін консулдық алым құнын көтерді, деп хабарлайды Tengri Travel.


Егер Лондонға саяхаттауды немесе ұлыбританиялық жоғары оқу орнында білім алуды жоспарлаған болсаңыз, сапар бюджетін қайта қарауға тура келеді. 8 сәуірден бастап Ұлыбритания визалар санаты үшін консулдық алым құнын көтерді, деп хабарлайды Tengri Travel.

Өзгерістер қарапайым туристерге де, студенттерге де, транзиттік жолаушылар мен тұрақты тұруға баратындарға да қатысты болды. Жаңа тарифтер ел үкіметінің ресми сайтында жарияланды. Тарифтер орта есеппен 6–8 пайыз өсті.

Ең танымал санат - жарты жылдық қысқа мерзімді виза енді саяхатшылар үшін 135 фунт стерлингке (шамамен 83 мың теңге) түседі. Бұған дейін оның құны 127 фунт болған еді.

Рұқсат қағаздарын ұзақ мерзімге рәсімдеуді жөн көретіндер үшін баға келесідей өзгерді:

  • 2 жылдық виза: 475-тен 506 фунт стерлингке дейін қымбаттады (шамамен 311 мың теңге);
  • 5 жылдық виза: 848-ден 903 фунт стерлингке дейін өсті (шамамен 556 мың теңге);
  • 10 жылдық виза: айтарлықтай қымбаттады. Бағасы 69 фунтқа артып, енді 1128 фунт стерлинг (шамамен 694 мың теңге) болды.

Жаңа ережелер туристерге ғана әсер еткен жоқ. Студенттік виза енді 558 фунт стерлинг тұрады (шамамен 344 мың теңге). Бүгінге дейін оның құны 524 фунт болатын.

Жұмыс визалары бойынша да баға өсті:

  • 3 жылға дейін - 769-дан 819 фунт стерлингке дейін (шамамен 504 мың теңге);
  • 3 жылдан аса - 1519-дан 1618 фунт стерлингке дейін (шамамен 996 мың теңге).

Транзиттік визалар да қымбаттады:

  • әуе жолымен транзиттік виза - 41,5 фунт стерлингке дейін (шамамен 26 мың теңге);
  • құрлықтағы транзит - 74,5 фунт стерлингке дейін (шамамен 46 мың теңге).

Жеңілдетілген кіру құқығы бар елдердің азаматтары үшін электронды рұқсат (ETA) құны да 4 фунтқа көтеріліп, енді 20 фунт стерлинг (шамамен 12 мың теңге) болады.

Өзгерістер ұзақ мерзімді көші-қон процедураларына да қатысты болды.

Мерзімсіз кіру рұқсаты үшін алым 3226 фунт стерлингке дейін (шамамен 1,99 миллион теңге) ұлғайды.

Натурализация арқылы азаматтық алу енді 1709 фунт стерлингке (шамамен 1,05 миллион теңге) түседі.

Еске сала кетейік, былтыр күзде Ұлыбритания көші-қон саясатын айтарлықтай күшейтетіні белгілі болған. Ұлыбританиядағы босқындар енді елде 20 жыл тұрғаннан кейін ғана тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.

TengriTravel
;