Ұшақта қоңырау шалуға тыйым салынуы мүмкін: күтпеген себебі аталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:depositphotos.com

АҚШ-та ұшақ бортында телефонмен сөйлесуге және бейнеқоңырау шалуға ресми түрде тыйым салу мәселесі қайта талқыланып жатыр. Бұған ұшу кезінде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділіктің кеңеюі себеп болды: спутниктік байланыс, соның ішінде Starlink жүйесі енгізілген сайын, қоңырау шалудың техникалық мүмкіндігіне ие әуекомпаниялар саны артып келеді, деп хабарлайды Tengri Travel.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Business Insider мәліметінше, өткен айда АҚШ Өкілдер палатасына Quiet Skies Act ("Тыныш аспан туралы заң") заң жобасы ұсынылды. Ол Федералдық авиация әкімшілігіне (FAA) 180 күн ішінде әуеде телефон және бейнеқоңырауларға тыйым салуды бекітуді міндеттейді. Бастама авторлары - қос партия өкілдері: демократтар Грег Стэнтон мен Хиллари Шолтен, сондай-ақ республикашылдар Рик Кроуфорд пен Роб Бреснахан.

Тыйым салу себебі неде?

Жарнама
Жарнама

Бұл мәселе, ең алдымен, жолаушылардың жайлылығына қатысты болып көрінгенімен, бұрынғы бортсеріктер басты себеп ұшу қауіпсіздігінде екенін айтады.

"Біз 38 мың фут биіктікте аспанда зулап бара жатқан темір қораптың ішіндеміз. Бұл қалыпты жағдай емес. Егер сіз басқа адаммен иық тіресіп отырып, қатты сөйлеуге мәжбүр болсаңыз, айналаңыздағы жолаушыларға расында кедергі келтіресіз", - дейді Virgin Atlantic әуекомпаниясының бұрынғы бортсерігі әрі жолаушыларға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Элли Мерфи.

Оның айтуынша, авиацияда шешім қабылдау кезінде қауіпсіздік әрқашан басты басымдық болып қала береді.

"Авиация саласында болып жатқанның бәрі, ең алдымен, оның ұшақ қауіпсіздігіне және борттағы адамдарға қалай әсер ететіні тұрғысынан бағаланады", - деп атап өтті ол.

Сарапшылардың түсіндіруінше, телефонмен дауыстап сөйлесу немесе бейнеқоңырау экипаж назарын аударуы мүмкін, әсіресе басқа жолаушылар тәртіпбұзушыларға шағымдана бастағанда. Сонымен қатар шу бортсеріктердің хабарландыруын естуге кедергі келтіреді, бұл кейбір жағдайда қауіпсіздік үшін өте маңызды болуы мүмкін.

Неге тыйым әлі күшіне енген жоқ?

Тыйым салу идеясы бірінші рет талқыланып жатқан жоқ. Сонау 2018 жылы АҚШ Конгресі FAA-ға ұшу кезінде телефонмен сөйлесуге тыйым салуды міндеттеуге дауыс берген болатын. Алайда ол кезде тиісті ережелерді қабылдау мерзімі белгіленбегендіктен, шешім сол күйі күшіне енбеді.

Енді жаңа заң жобасында нақты дедлайн қарастырылған: егер ол қабылданса, Федералдық авиация әкімшілігі 180 күн ішінде тыйымды бекітуі тиіс.

Қазіргі ережелер әр әуекомпанияда әртүрлі

Әзірге бірыңғай талап жоқ, сондықтан әр әуекомпания өз саясатын дербес айқындайды.

Мәселен, америкалық United Airlines, American Airlines және Southwest Airlines ұшу кезінде телефонмен сөйлесуге қазірдің өзінде тыйым салған. Сонымен қатар British Airways бұған дейін Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған ұшақтарда телефон және бейнеқоңырауларға рұқсат беретінін мәлімдеген болатын. Virgin Atlantic те Starlink бар рейстерде дауыстық қоңырауға рұқсат береді, бірақ жолаушылардан қысқа қайыруды сұрайды және бейнеқоңырауға тыйым салады.

Бұрынғы бортсерік әрі туристік сала сарапшысы Бобби Лоридің пікірінше, тасымалдаушылардағы әртүрлі ереже жолаушыларға да, экипажға да қосымша қиындықтар туғызады.

"Адамдардан айналасындағыларға ілтипатты болуды сұрағанда, әркім оны өзінше түсінеді", - дейді ол.

Лори бірыңғай тыйым бортсеріктерді қай сөйлесуге рұқсат беруге болатынын, ал қайсы айналасындағыларға кедергі келтіретінін өз бетінше шешуден арылтатынын атап өтті. Оның ойынша, бұл жолаушылар мен экипаж арасындағы жанжалдардың алдын алуға да көмектеседі.

Ымыраға келу мүмкін бе?

FlyerRights әуежолаушылар құқықтарын қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйым президенті Пол Хадсон тыйым салу идеясын жалпы қолдады, бірақ мүмкін болатын ымыралы нұсқаны ұсынды.

Оның пікірінше, әуекомпаниялар қоңырау шалуға рұқсат етілген арнайы аймақтарды немесе телефон кабиналарын жабдықтай алады, бұл қызметті қосымша ақыға ұсынуға болады.

"Бұл әсіресе ұзақ ұшу кезінде жұмыс мәселелерін немесе отбасылық шаруаларын шешуі керек адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар басқа жолаушыларды қорғайтын еді", - деді Хадсон. Ол Amtrak пойыздарында "тыныш" вагондармен қатар телефонмен сөйлесуге рұқсат етілген вагондар барын еске салды.

Сарапшылар: мәселе тек қауіпсіздікте емес, басқа жолаушыларға деген құрметте

Барлық маман бұл мәселені тек қауіпсіздікпен байланыстырмайды. Бұрынғы бортсерік әрі әдеп бойынша сарапшы Жаклин Уитмордың айтуынша, бұл жерде айналасындағыларға деген құрмет туралы да сөз болып отыр.

"Сіз көршіңізден бір қол созым қашықтықта отырасыз, сондықтан ол сіздің әрбір сөзіңізді естиді. Ешкім өзгенің әңгімесін тыңдағысы келмейді", - деп атап өтті ол.

Бұл ретте бұрынғы экипаж мүшелері авиациядағы ережелер, әдетте, көпшілік жолаушылардың мінсіз тәртібіне емес, күрделі жағдайларға есептеліп жасалатынын айтып өтті.

"Ережелер мен талаптарды әрқашан борттағы ең қиын жолаушыға бейімдеп жасауға тура келеді", - деп түйіндеді Элли Мерфи.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Әзірге қазақстандық жолаушылар үшін ұшақта телефонмен сөйлесу мәселесі теориялық деңгейде қалып отыр. Бүгінде отандық әуекомпаниялар ұшу кезінде дауыстық қоңырау шалу мүмкіндігін ұсынбайды, өйткені борттарда спутниктік интернет әлі енгізілмеген.

Бұған дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Starlink немесе басқа спутниктік байланыс жүйесін орнату туралы шешімді әуекомпаниялардың өздері қабылдайтынын хабарлаған болатын. Реттеуші тасымалдаушылар мен жабдық жеткізушілер арасындағы келіссөздерге қатыспайды.

Егер әуекомпания мұндай жүйені орнатуды ұйғарса, ол сертификаттау рәсімінен өтуі тиіс. Жабдықты монтаждау әуе кемесінің конструкциясына өзгеріс енгізу болып саналғандықтан, тасымалдаушы техникалық құжаттаманы, жүйенің ұшақ конструкциясына әсерін бағалауды, электр қуатына, байланыс пен навигацияға ықпалы туралы мәліметтерді, сондай-ақ ұшуға жарамдылық пен ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуы керек.

Авиациялық әкімшілік қауіпсіздіктің бардық талабы орындалған жағдайда, келісу рәсімі мұндай технологияларды енгізуге кедергі болмайтынын атап өтті. Дегенмен, жобаны іске асыру мерзімі әуекомпания дайындығына, әуе кемесі түріне, жабдық жеткізушіге және қажетті жаңғырту жұмыстары көлеміне байланысты.

Сондай-ақ интернеттің тегін болуын, оның құны билет бағасына қосылуын немесе қолжетімділіктің жеке қызмет ретінде сатылуын тасымалдаушылардың өздері шешеді.

Бұл ретте ведомство жабдық құны, оған қызмет көрсету шығыны, сертификаттау күрделілігі, нақты ұшақтармен техникалық үйлесімділігі және жолаушылар тарапынан болатын нақты сұраныс маңызды фактор екенін айтты.

Осылайша, әзірге Қазақстанда бортта телефонмен сөйлесу мүмкіндігі жоқ. Алайда спутниктік интернеттің пайда болуына қарай, бұл мәселе АҚШ-тағыдай талқылау тақырыбына айналуы мүмкін.


Жарнама
Жарнама