Зумерлер туристік индустриядағы трендтерді біртіндеп өзгертіп жатыр. Саяхатшылардың жаңа сұраныстарына байланысты әлем бойынша қонақүйлер швед үстелі мен all inclusive жүйесінен гөрі велнес-бағдарламаларға, фитнеске және денсаулық күтіміне көбірек басымдық бере бастады, - деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Hospitalitynet-ке сілтеме жасап.
Велнес-туристер деген кімдер?
Алдымен бұл тұжырымдама мәнін түсініп алған жөн.
Велнес-туристер (ағылшын тіліндегі wellness - әл-ауқат және жақсы көңіл-күй) - бұл сапарға демалу үшін ғана емес, физикалық және эмоционалдық жағдайын жақсарту үшін шығатын адамдар.
Егер бұрын демалыс экскурсиялар, жағажай және ойын-сауықпен байланыстырылса, бүгінде саяхатшылардың көбі үйіне демалған, қуатты және сапарға шыққанға дейінгі кезеңнен жақсы қалыпта оралғысы келеді.
Зерттеулер не дейді?
Сарапшылар мәліметінше, сауықтыру туризміне деген қызығушылық артып келеді. Миллениалдар мен зумерлер үшін физикалық және менталды денсаулыққа күтім жасау әлдеқашан күнделікті өмір салтына айналған, енді олар бұл тәсілді саяхаттарында да қолданады.
Global Wellness Institute бағалауы бойынша, әлемдік сауықтыру туризмі нарығы қазірдің өзінде 894 миллиард долларға жетті. 2029 жылға қарай ол жыл сайын 9,1 пайыз өсіп отырады.
McKinsey сарапшылары бүкіл әлем бойынша жастардың шамамен 30 пайызы алдағы жылы қаражатын тек велнес-ретриттер мен бутиктік фитнес-турларға жұмсауды жоспарлап отырғанын анықтады.
Қонақүй бизнесі үшін бұл жаңа өсу көзіне айналды. Трендке дер кезінде бейімделіп, қалпына келтіру бағдарламаларын, фитнес пен биохакинг элементтерін ұсына бастаған қонақ үйлер маусымнан тыс уақытта да тұрақты сұранысқа ие болып отыр.
Зумер туристер нені қалайды?
Сарапшылардың айтуынша, жас ұрпақтің көпшілігі демалыс немесе іссапар кезінде үйреншікті өмір салтынан бас тартуға дайын емес.
Сондықтан бүгінде толыққанды спорттық инфрақұрылымы бар қонақ үйлерге сұраныс артып келеді. Қонақтар шағын фитнес-залды ғана емес, заманауи жабдықтарды, жеке жаттықтырушымен дайындалу мүмкіндігін және ақуыз, май мен көмірсулар ескерілген арнайы мәзірді көргісі келеді.
Тағы бір маңызды сұраныс - сапалы ұйқы.
Қонақтардың үмітін ақтау үшін көптеген қонақ үй адамның биоритміне бейімделетін арнайы жарықтандыру жүйелерін енгізіп, релаксация құрылғыларын қолданады және бөлмелерді барынша қараңғылау үшін blackout перделерімен жабдықтап жатыр.
Іс жүзінде қазіргі саяхатшылардың бір бөлігі үшін демалыс күн тәртібін ұмытатын уақыт болудан қалды. Керісінше, сапар күш жинауға, денсаулықты түзеуге және пайдалы әдеттерді сақтап қалуға мүмкіндік беретін кезеңге айналып келеді.
Тағы оқыңыз: Артық төлемеу үшін билеттерді қай күндері сатып алу керек: сарапшылар кеңесі
Қазақстандықтарға тур сатып алу кезінде жиі кететін қателік ескертілді