Францияда мәңгіге қалғандар: қазақ сарбаздарының қабірі табылды

22 Ақпан, 10:59
0

2018 жылдың мамырында Францияда қазақ сарбаздарының қабірі табылған еді. Олардың басқа да мыңдаған қабірден еш айырмашылығы жоқ - ақ крест және есімі жазылған тақтайша. Сарбаздардың қабірінде қашан да гүл жатады, ал жан-жағы қашан да тап-таза. Соған қарағанда, француздар өз азаткер батырларына сол қаһармандығы үшін осылай құрмет көрсетсе керек.

Қазақ сарбаздарының жерленгені туралы мәлімет қазақстандық зерттеушілер тобының ғылыми жұмысы нәтижесінде анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тарихи деректер бойынша, қазақтар Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Францияны азат ету шайқастарына қатысқан. Олар Францияға қалай жетті? Көптеген сарбаз немістердің тұтқынында болған. Немістер әскери тұтқындарды Еуропаға жеткізген. Кей сарбаздар қашып шығып, партизандарға қосылған.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Меңдіқұлова Франциядағы архивті зерттеген. Ақпарат түйір-түйірмен жиналған, оның ішінде "Мемориал" мәліметтер банкі беттеріндегі мәліметтер де көп көмектесті.

Қазақ сарбаздарының Валлеруа (Лотарингия) аймағында жерленуі

Валлеруа (Лотарингия) аймағындағы Мец қаласынан 33 шақырым жерде төрт қазақ сарбазының қабірлері жатыр. Бұл қабірлер Зейнолла Әлімғазиев, Қоныспек Жақиянов, Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев және Исин (Есен) Жұмағұловқа тиесілі екені анықталды.

"Мемориал" ақпараты бойынша, Зейнолла Әлімғазиев 1910 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. Әскерге Сталинград облысы (қазіргі Астрахан), Нариман ауданынан шақырылған. 1942 жылы мамырда Харьковте тұтқынға түскен. 1944 жылы ақпанда дүниеден өткен. Құжаттар бойынша, жарының есімі - Агливаш Әлімғазиева.

Францияда оның қабірінде былай деп жазылған: "Кеңес сарбазы. Отан үшін қаза тапты!". Бүгінде Әлімғазиевтің ұрпақтары Ресейдің Астрахан облысында тұрып жатқаны анықталды.

Қонысбек Жақиянов 1905 жылы 15 қаңтарда туған. "Мемориал" ақпаратына сүйенсек, Семей облысында дүниеге келген. Тұтқынға 1942 жылы 2 шілдеде түсті. 1943 жылы қазанда қаза тапқан. Қонысбек Жақияновты фашистер қашып кеткені үшін атып тастаған. Сарбаз Валлеруада жерленді.

Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев 1902 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы Жанбай ауылында тұрған. "Мемориал" мәліметі бойынша, тұтқынға 1942 жылы мамырда Харьковте түскен. 1944 жылы наурызда дүниеден өтті.

Исин Жамалұлы Жұмағұлов 1896 жылы Қаңбақты ауылында туған. 1942 жылдың мамырында тұтқынға түсіп, 1944 жылы ақпанда сонда қаза болды.

Парижден 22 шақырымдағы Банье-Паризьенде жерленгендер

Парижден 22 шақырымда тағы бір қабір бар. Мұнда қазақ сарбазы Нұрман Молдабеков жерленген.

Нұрман Молдабеков 1928 жылы дүниеге келді. "Мемориал" мәліметі бойынша, Алматы облысы, Іле ауданында әскерге шақырылған. Хабарсыз жоғалып кеткен. Кейін Нұрман 1945 жылы мамырда қаза болғаны анықталды. Сарбаз париждік госпитальде көз жұмған.

2018 жылдың мамырында оның жерленген жеріне тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова мен қазақстандық елшіліктің өкілдері Мұрагер Сауранбаев пен Ерлан Аманғаринов барып қайтты.

Солер, Парижден 53 шақырымдағы муниципалдық зират

Бұл зиратта Жәрдем Сапарғалиев (құжат бойынша Сапоргалиев) жерленген. Әскерге 1942 жылдың сәуірінде Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданынан шақырту алған. 1943 жылы ақпанда хабарсыз кеткендер тізіміне енді. Сапарғалиевтің жары - Жаным.

"Мен оның қабірін Франциядан таптым, тақтайшасында "Отан үшін қаза тапты!" деген жазуы бар. Оның жерленген жерін 2018 жылы елшіліктің кеңесшісі Мұрагер Сауранбаев және қызметкерлерге жауап беруші Ерлан Аманғариновпен бірге таптық", - дейді тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова. Сарбаздың ұрпақтары қазір Маңғыстау облысында тұрып жатыр.

Сонымен қатар, Парижден 130 шақырымда орналасқан Пикардияда кеңес әскерінің Нуайе Сен-Мартен зираты табылды. Мұндағы үш қабір Орта Азиядан келген сарбаздарға тиесілі болуы мүмкін.

Болжам бойынша, олардың бірі - Ерке Исақұлов. Әскерге Батыс Қазақстан облысынан шақырылған. Хабарсыз жоғалып кетті. Басқа қабірлер аты-жөндерінің бүлінуіне байланысты кімдерге тиесілі екені әзірше анықталған жоқ.

Қазақ сарбаздары туралы мәліметтер "Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік мұрағаттардағы құжаттар" деп аталатын жинақта жарияланды. Оның зерттеу жұмыстары ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттары арқасында жүзеге асты. Шетелдік мұрағаттарды зерттеуге еріктілер мен елшілік қызметкерлері көмектесті.

"Қазақстандықтар соғыста жоғалып кеткен жақындарын әлі де іздеп жүр. Ал ғылымда бұл тақырып әлі зерттелмеген. Біз ұмытылған есімдерді қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл құжаттар жинағы қазақстандық және әлемдік тарихта аз зерттелген кезеңдердің орнын толтыру жолында маңызды үлес болып отыр, ол маңызды ғылыми, әскери-патриоттық және қоғамдық мәнге ие", - дейді ғылыми еңбектің авторлары.

Автор: Айнаш Өндіріс

Аударған: Есет Төлеш

Получить короткую ссылку




  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай