10 шілде 2019 12:18

Сырым Датұлы бастаған азаттық көтерілістің кейбір мәселелері

ПОДЕЛИТЬСЯ

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяси оқиғалар қазақ елінің ұлттық тұтастық жолындағы күрестерге толы кезең болғандығы өткен тарихымыздан белгілі. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашыла түсуде. Себебі кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған. Оның үстіне әр кезеңде тарихи тағдырлары бұрмаланып келген жеке тұлғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін де аса қажет. Өйткені тарихи тұлғаларға ұлттық көзқарас ұстану жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны белгілі.


ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяси оқиғалар қазақ елінің ұлттық тұтастық жолындағы күрестерге толы кезең болғандығы өткен тарихымыздан белгілі. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашыла түсуде. Себебі кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған. Оның үстіне әр кезеңде тарихи тағдырлары бұрмаланып келген жеке тұлғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін де аса қажет. Өйткені тарихи тұлғаларға ұлттық көзқарас ұстану жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны белгілі.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев "Тарих толқынында" атты еңбегінде Сырым Датов, Кенесары Қасымов және басқалар бастаған көтерілістер қазақтың ұлттық рухын орнықтыруға, ортақ жау Ресей патшалығына қарсы күресте қазақтардың барлық күшін біріктіруге талпынған әрекеттер еді" [1, 285-б.] - деп Сырым мен Кенесары бастаған көтерілістерді ұлттық мемелекеттікті сақтау жолындағы күрес екендігін орынды көрсетеді. Ресейдің отаршылдық саясатына байланысты М. Тынышбаев "Орыс бодандығын қабылдағаннан бері қазақтардың бірде-бір жарқын қуанышты күні, бірде-бір бақытты минуты болған емес" [2, с.24.] деп жазды.

Ресейдің қазақ даласын отарлауына қарсы күрес ХVIII ғасырдың сексенінші жылдары Сырым күресімен басталып, 1916 жылғы ұлт-азаттық күреске дейін бір сәт толастамай, Кеңес заманында да өз жалғасын тауып отырды.

Қазақ басқарушы тобы үшін ХVIII-ғасырдан бастап-ақ орыс әкімшілігіне, оның реформаларына деген қатынас ең өзекті мәселердің біріне айналды. Аталған мәселеге қатысты өзара қайшы екі ағымның қалыптасуы басқарушы элитаның бөлініп-жарылуымен аяқталды. Олардың арасында ымырасыз қарсылық тіптен адам өлімімен аяқталып отырды. Өз ретінде патшалық әкімшілік осы кезеңде хандық билікке өзіне қызмет жасауға әзір немесе қызметімен көзге түсіп үлгерген сұлтандарды өткізуге тырысып, ал өзін еркін ұстап, мемлекеттік тәуелсіздік жөнінде ойлайтын жігерлі билеушілерді тежеп, кейінге ысырып отырды. Қазақ хандарын патша үкіметі айтқанын орындайтын жауапкершілігі жоқ, ордадағы саясаттың қолшоқпары міндетін атқарушылар ретінде көргісі келді. Ал Қаратай немесе Арынғазы сияқты дербес ұлттық саясат жүргізе алатын ықпалды да қуатты сұлтандар орыс үкіметіне тиімсіз еді, сондықтан да олар хандық билікке жіберілмеді.

ХVIII ғасырдың аяғына қарай Ресей империясының отаршылдық саясатының күшеюі халықтың əлеуметтік-шаруашылық жағдайының нашарлауына алып келді. Қазақтар өздерінің ежелгі қоныстарынан ығыстырылып шығарылды. Аймақтағы саяси жəне экономикалық билік барған сайын Ресей əкімшілігінің қолына шоғырлана берді. "Бөліп ал, билей бер" саясаты бойынша құрылған жүйе аймақтағы барлық қайшылықтарды шегіне жеткізе шиеленістірді. Сырым Датовтың қолбасшылығымен болған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1783 - 1797 жж.) болды. Аталған көтерілісті алғаш зертеуші ғалымдардың бірі А.Ф. Рязанов XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты бірнеше еңбек жазды. Оның 1924 жылы "Советская Киргизия" журналының №10 санында "Батыр Сырым Датов" деген зерттеу мақаласын жариялады. Сырым батыр мақаласында зерттеуші шекті старшындарының басқаруындағы халық Қайыпты хан ретінде мойындағанына және Сырым батырдың Қайып хан ұлдары Әбілғазы, Бұрқан сұлтандармен байланыста болғанын көрсетті. Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды отарлауға бағытталғанын дәлелдегенімен зерттеуші өзіне дейінгі орыс зерттеушілерінің қателіктерін қайталады. Ғалымның 1926 жылы Қызылордада "Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа" (1797-1838) деген еңбегі мұрағат деректеріне негізделген алғашқы сүбелі зерттеу еді. Орынбордың мұрағатындағы тарихи материалдары алғаш айналымға енгізді [3.].

М.П. Вяткиннің "Сырым батыр" монографиясы Ресейдің Қазақстанды отарлауын, оның зардабын, Сырым бастаған қозғалыстың тәуелсіздік үшін жүргізілгендігін нақтылады. Ғалым Кіші жүздегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты өз ой-пікірін білдірді. Батыр, Қайып хандарды Кіші жүздегі Жәдік ұрпақтарының көрнекті өкілдері деп анықтаған зерттеуші орыс бағытын қабылдамаған ру ақсүйектері мен Ресеймен жақындасу Қазақстан үшін күйреу деп есептеген старшындар Батыр сұлтан төңірегіне біріккенін және Сыр бойын мекендеген саны жағынан басым, ықпалды Шекті руының ақсүйектері Батырды хан сайлағанын, Кіші жүздің оңтүстігінде, Сыр бойында Батыр хан әулеті билігінің мықтап орныққанын баяндады. Ресей мойындамаса да Қайып дұрысында Кіші жүздің бір бөлігінің ханы болып табылды, Кіші жүздің оңтүстігінде Қайыптың беделі ерекше зор болды деу арқылы зерттеуші Қайып ханның жүздегі ықпал-беделін мойындады. Нұралы орнына Қайыптың хан сайлануы Нұралының ел басқару жылдарындағы іргесі шайқалған қазақ мемлекеттігінің әжептәуір нығаюы мен Кіші жүздің саяси жағынан бірігуі болар еді деген әділ түйін жасады. Кіші жүзде расправалар бекітілгеннен кейін де Әлімұлы бірлестігі руларының басым бөлігінде Қайыптың хандық билігін сақтау жалғасқандығын, оның 1789 жылы қайтыс болғанын және орнына ұлы Әбілғазының хан сайланғанын жазды. Орынбор мұрағатындағы құжаттарды толықтай тарихи талдау жасамай сол күйінде жариялауына байланысты кейін тарихшы М.П.Вяткин А.Ф.Рязанов еңбегіне орынды сын айтқанды [4.].

М.П. Вяткиннің пікірінше Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар Ресейге бағынған емес. Сонымен бірге Әбілғазы ханның Сырым батырды қолдағанын және қазақ-орыс қатынастарын реттеу үшін 1793 жылы күзде сұлтан Шерғазы Қайыпұлының Петербургтен Кіші жүзге келгенін баяндады. 1815 жылы Әбілғазы қайтыс болғаннан кейін шектілер Арынғазыны хан сайлағанына тоқталған зерттеуші оңтүстікте Хиуадан қыспақ көрген Арынғазы бүкіл жүздің қазақтарын біріктіріп, біртұтас хандық құруға ұмтылды, ал оның Ресеймен байланысын Кіші жүздің халықаралық жағдайының күрделілігін Арынғазының жақсы түсінуінен деп тұжырымдады. Дегенмен, ғалым деректерді пайдалануда кейбір қателіктер жіберді.

Сырым батыр қозғалысын әдебиетте зерттеген Сәбит Мұқанов 1942 жылы шыққан "Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер" дейтін кітабында Сырым есімін әдебиет тарихына неліктен кіргізіп отырғанын айта келіп: "Сырымнан ілгеріректе өткен Бұқар жырау патша үкіметінің отаршылдық саясатынан соққан ызғардың алыстағы демінен қалтыраса, Сырым батыр сол ызғардың түтеген боранына тұншықты, аязынан үсіді. Бұқар жырау отаршылдық өртіне алыстан байбалам салып, оның арты неге соғарын данышпандықпен болжаса, Сырым батыр сол өртке шарпылып, оны сөндіруге жанталасты. Сырым көтерілісі Бұқар жыраудың жырында айтылатын қауіптің расқа шыққанын іс жүзінде дәлелдеді", – деп көрсетеді [5, 35-б.].

Академик Ə.Марғұлан Сырым бастаған көтеріліске "Əбілқайыр ханның ұрпақтары мен патшаға қарсы бағытталаған көтерілістердің ішіндегі ең ірісі жəне белгілісі" деп баға берді. С.Е.Толыбеков Арынғазы бастаған қозғалысты Сырым, Қаратай, Жоламан, Саржан, Кенесары қозғалыстарымен бірге өздерінің мақсат, міндеттері жағынан бір-бірінен еш айырмасы жоқ "реакциялық қозғалыстар" деп бағалады. Сөйтіп зерттеуші тұжырымдары сол кезеңдегі ресми идеология шеңберінен аса алмады [6,31-32 бб.].

Кіші жүз қазақтарының көтерілуіне патша өкіметінің қазақтарды "ішкі жаққа", Жайық сыртына өткізбей, оған тыйым салуы басты себептердің бірі болды. Сонымен қатар, империяның өлкедегі отаршылдық үстемдігін нығайту мақсатында жаңа актілер қабылданды. Мəселен, казактарға қазақтардан адамдары мен малын өз бетімен тартып алуға, күдік тудыратын кез-келген қазақты ұстауға ресми түрде рұқсат етілді. Ал казактар ретінде тақ қызметінде жүрген қалмақтардың, башқұрттардың, татар-мещеряктардың қолымен ұлтаралық араздық саясаты жүзеге асырылды. Хан, сұлтан, жайық казак əскері мен патша əкімшілігі тарапынан ашықтан-ашық талап-тонау мен халыққа зорлық-зомбылық жасалды. Қазақ қоғамының өз ішінде феодалдану үрдісі тереңдей түсті, феодалдық аристократия мен ру шонжарларының мүдделері барған сайын алшақтай берді. Хандар мен сұлтандардың үстем тобы дəстүрлі шонжарлар – ақсақалдармен, билермен, батырлармен барған сайын азырақ санасып, олардың құқықтарына қысым көрсетті. Олар барған сайын патша өкіметінің дала өңіріндегі тірегіне айналды. Ұзаққа созылған саяси алауыздықтардың нəтижесінде байбақты руынан шыққан батыр Сырым Датов бастаған топ бөлініп шықты. Қазақтың дəстүрлі мəдениетінде Сырым атақты би жəне шешен ретінде белгілі. Ол ішкі өмірдің көптеген мəселелерін шешкен, ал оның шешендік өнері талай ұрпақтарға үлгі болған. Жеке басының ержүректілігі, ерлігі, табандылығы жəне сирек кездесетін қайрат-күші оған батыр даңқын əперді. Өзі басшы болған осы көтерілісте Сырым Датов осы жақсы қасиеттерінің бəрін танытты. ХVIII ғасырдың 80-жылдарының басында даладағы жағдай əбден шиеленісіп кетті.

1782-1783 жылдың қысындағы жұт қазақ шаруашылықтарына қатты соққы болып тиді, мал қырғынға ұшырады. Жағдайды пайдаланып казак əскерлері ішкі жаққа көшіп барған қазақтардың малын тартып алса, өкімет орындары қазақтарды үлкен көлемде айып төлеуге мəжбүрледі. Осы əрекеттерге жауап ретінде қазақтар Орал бекініс шебінің бойындағы редуттарға, бекіністер мен қамалдарға толассыз шабуыл жасай бастады. Сырым батырдың алғашқы соққылары қазақ ауылдарын шапқан казак-орыстарға қарсы бағытталды. Осы тұста А.Ф. Рязанов пен М.П. Вяткиннің анықтауынша Сырым қазаққа озбырлығымен аты шыққан казак-орыс Чагановты қолға түсіріп Хиуаға сатып жіберген [7, с. 96. с. 198.]. 1783 жылғы шапқыншылықтардың бірінде С. Датов орал казактарының қолына түсіп қалып, оны босату үшін Нұралы хан үлкен көлемде өтем төлеуге мəжбүр болды. Өйткені Сырым ханның қарындасына үйленген болатын. С.Датовтың ел ішіндегі беделі де ханды осы əрекетке мəжбүр етті. 1786 жылы жаз айында Кіші жүз қазақтарының қоғамдық-саяси өміріне жаңаша сілкініс әкелді. Нұралының Орынборға кетуі, оның кейін елге қайтпауы, Әбілқайыр тегіне қатты соққы болды. Өз дегені мен патшаның саясатын жүзеге аса бастағанына мол үміт артқан О.А. Игельстром қазақ ордасын көп ұзамай отарлаған өзге халықтар сияқты біржолата еркі мен бостандығынан айырып, дәстүрлі хандық басқаруынсыз-ақ жік-жікке бөліп, тікелей орыс шенеуніктеріне билетуді көздеді.

1784 жылы А.И. Апухтин қолға алған шекаралық сот, оған қосымша ретінде старшындар басқаратын распавалар құру қажеттігін алға тартты. Патшаның қазақтардың дәстүрлі басқару жүйесін реформалауында татар молдаларына бірден-бір сенім көрсетілді. О.А. Игельстромның түсінігінше Кіші жүзге барар молдалардың алдымен орыс үкіметіне адалдығын білуі тиіс еді. Сондықтан да, шекаралық сот пен расправаларға қазақтардан қолдау табу үшін 1-2 орыс шенеунігінен гөрі, молдалардың көбірек Ордаға кетуіне жағдай жасады. Олар арқылы алдымен дайындалып жатқан реформаның тиімділігін дәлелдеп, қазақтардың ішінен қолдау табуды ойлады. 1784 жылғы қарашаға қарай Сырым батыр Сағыз өзенінде 1000 адамнан тұратын ірі жасақ жинады, оның маңызды міндеті патшалық өкімет орындарына қарсы қимылдау болатын. Сырымның өз бетімен іс-əрекет етуі оның Нұралы ханмен ара-қатынастарының алшақтауына себеп болды. 1784 жылы Сырымның ең үлкен соққысы Орынбордан жоғары Танальыцк қорғанында болды. Казак-орыстардың мойындауынша 176 адам қазақтар қолына тұтқынға түскен [8, 137-б.]

1785 жылдың ақпан-наурызында Орынбордан Елек өзені жоғарғы жағына көтерілісті басып-жаншуға генерал-майор Смирнов бастаған 2669 әскер, екі зеңберекпен шықты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты басты мақсатына жете алмаған жазалаушы отряд қайтар жолда бейбіт қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратып, малдарын айдап əкетті. Жазалаушылардың көрсеткен жəбірі халықтың ашу-ызасын күшейтті. Сол кезге дейін көтеріліске қатыспаған көптеген ауылдар көтерілісшілерге қосылды. Көтерілісшілердің негізгі күші Сағыз өзені бойында шоғырландырылды. Сырым Датовтың қоластына 2700 адам бірікті, ал жалпы көтерілісшілердің саны 6000 жетті. 1785 жылдың көктемінде көтерілісшілер Антонов форпостына, кейіннен Сахарна бекінісіне шабуыл жасады. Алайда гарнизондар алдын-ала дайындалып отырғандықтан бұл шабуылдар сəтсіз аяқталды. Кейін шегінуге мəжбүр болған көтерілісшілер алысқа кетпей, орыс бекіністеріне жиі-жиі шабуылдар жасап тұрды. Көтерілісшілер саны күннен-күнге көбейіп отырды, ал отаршылдық билік аппаратымен тығыз байланыста болған Кіші жүз ханы Нұралының беделі төмендеді. Халық ханнан сырт айналып кетті, ал патшалық өкімет орындары ханның дəрменсіздігіне көз жеткізді. Осындай жағдайда патша əкімшілігі ханның қатысуынсыз көтерілісшілермен тікелей келіссөз жүргізе бастады. Нəтижесінде Кіші жүзді үш бөлікке бөліп, оларды старшындар басқаруына беру туралы шешім қабылданды. Сырым Датов оларға кеңесші болып тағайындалды.

1786 жылғы 3 маусымда II Екатерина Нұралыны хан билігінен шеттету туралы рескриптіге қол қойды. Нұралы Орынборға шақырып алынып, ол жерден Уфаға жөнелтілді. Осы тұста зерттеуші Ә. Мұқтар Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде үш бағыт айқын көзге түскендігін орынды көрсетеді. Алдымен, старшындардың басым көпшілігі қолдаған, Қайыпты хан сайлау арқылы Әбілқайыр тегін халық сенімін ақтамаған негізінде биліктен айыру; екінші, Ералы сұлтан бастаған қазақтар. Олар Нұралы ханды Ордаға қайтарып, хандықты қайта қалыпқа келтіру; үшінші, Ресей мүмкіндігінше хандық басқаруды мүлдем жою бағытында жүмыс жасады [8, 150-б.].

Аталған үш бағыттың ішінде Ресей империясы үшін кіші жүзде хандық билікті жою бағытының үстем болғандығы анық болатын. Патша үкіметі қалыптасқан жағдайды пайдаланып, хан билігін жоймақшы болып шешті. Сыртқы істер алқасы Орынбор генерел-губернаторы Игельстромға Кіші жүзді басқару жобасын əзірлеуді тапсырды. "Игельстром реформасы" деп аталған бұл жоба 1786 жылдың көктемінде мақұлданып, бекітілді. "Реформаның" мəні Кіші жүзде хан билігін жоюға əрекет жасауда болатын.

Саяси билік Орынбор əкімшілігінің қолында шоғырланды. Генерал-губернатордың жанынан жүздерді басқарудың жаңа органы - феодал шонжарлар мен патша əкімшілігінің өкілдерінен - Орынборда Шекаралық сот құрылды. Əкімшілік органдар - ру ақсақалдары кіруге тиіс болған "расправалар" осы сотқа бағынды. Сөйтіп, патшалық өкімет орындары сол кездегі дəстүрлі билік иелері шонжарларға сүйенуге үміттенді. Ең ықпалды ақсақалдарға "бас ақсақал" атағы енгізілді, оларға барлық руларды қадағалап отыру міндеті жүктелді. Басқару жүйесіндегі төменгі буын ру ақсақалдары болды, оларға айлық тағайындалды. Алайда беделді ақсақалдар мен билердің көпшілігі "реформаға" қарсы шықты. Олар ақсақалдардың пайдасына ханның құқықтарын шектей отырып, хан билігін сақтап қалғысы келді.

"Реформаны" жүргізу барысында Игельстром Орал казак əскерінің қазақ ауылдарына шабуыл жасауына тыйым салды. Қазақ малшыларына қыстыгүні Жайық пен Еділ арасындағы жерге көшіп бару мүмкіндігі берілді. Орынбор айырбас сарайында сауда жандана түсті. Алайда өкімет ойластырған "тыныштық" орнамады, қазақтар өз қимылдарында дербестікті нығайтуға жəне Орынбор əкімшілігіне тəуелсіз болуға ұмтылды. Патша үкіметі Кіші жүзде жүргізіліп жатқан басқару реформасының күткендегідей нəтиже бермегенін көрді. Оның бірнеше себептері болды: Əбілқайыр ұрпақтарының осындай жолмен биліктен шеттетілуі əрине олардың қарсылығын тудырды. Хан билігін талап еткен Кіші жүз сұлтандарының күресі Орта жүз сұлтандарынан да қолдау тапты. Олар Кіші жүзде хан билігінің жойылуы таяу болашақта Орта жүзде де хан билігінің жойылуын туғызуы мүмкін екенін түсінді. Сонымен бірге, жаңадан құрылған билік органдары- "расправалар"- көшпелі өмір жағдайында өзінің тиімсіз екендіне көзін жеткізді. Осындай жағдайда патша өкіметі хандық билікті қалпына келтіруге бағыт алды. ХVIII ғасырдың 90-жылдарының басынан Орынбор əкімшілігінің отарлау саясаты бұрынғысынан да күшейе түсті. Орал казактарының бейбіт ауылдарға шабуылдары жиілеп кетті, ал жергілікті патша əкімшілігі оларды көтермелеп отырды. 1790 жылдың тамызында Нұралы хан Уфада қайтыс болды. Нұралыдан бастап, содан кейінгі Кіші жүз хандарының бәрі бұрынғы мағанасындағы хандар емес, аты "хан" болғанымен, іс жүзінде өзінде билік жоқ, тізгіні Ресей үкіметінде, Ресей патшасының наместнигі есебінде қызмет істеген хандар еді. Патша əкімшілігінің күш-жігері нəтижесінде 1791 жылдың қыркүйегінде оның інісі Ералы хан болып сайланды. Бұл көтерілістің жандануына себеп болды. 1792 жылдың жазына қарай көтеріліс бүкіл жүз аумағын қамтыды. Сол жылдың күзінде Сырым Датов Елек қалашығын шабуылмен алмаққа əрекет жасады, бірақ ол сəтсіз аяқталды. Көтеріліс партизандық соғыс сипатын алды. Халықтық қозғалыстың жаңа өрлеуі кезеңінде Сырым Датовтың жалтақтығы мен солқылдақтығы көрінді. Ол хан билігін жою талабынан бас тартты. Ералы ханға қарсы күрес жүргізе отырып, хандық биліктен дəмелі сұлтандар тобына қолдау көрсетті.

1794 жылдың жазында Ералы хан қайтыс болды, біраз уақыт патша үкіметі жаңа хан сайлауға шешім қабылдай алмады. Тек 1796 жылдың қазанында Нұралының ұлы Есім хан болып жарияланды. 1796 жылдың қысы аса ауыр болып, мал жұтқа ұшырады, халық арасында аштық жайлады. Осыған қарамастан Есім хан көтерілісті басу үшін белсенді əрекеттер жасай бастады. Оған жауап ретінде 1797 жылдың наурызының 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер отряды хан ауылына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді. Жағдай күрт шиеленісіп кетті. Игельстром қайтадан губернатор болып тағайындалды. Жаңа қалыптасқан жағдайда патша əкімшілігі өзінің тактикасын өзгертті - 1797 жылдың тамызында Əбілқайырдың ұлы Айшуақ басқарған Хан кеңесі құрылады. 1797 жылдың қазанында Айшуақ хан болып сайланды, оған сұлтандар мен старшындар қолдау көрсетті. Сұлтандар мен ру ақсақалдарының бітімге келуі Кіші жүздегі шиеленісті бəсеңсітті, көтеріліс бірте-бірте əлсіреп, тоқтады. Сырым Датов Хиуа хандығы аумағына көшіп кетті. Көп кешікпей сол жақтан Сырым Датовтың у беріліп өлтірілгені туралы хабар жетті. Аса күшті ұлт-азаттық қозғалыстар санатындағы Сырым Датов басшылық еткен қозғалыс осылай аяқталды. Халық көтерілісінің жеңіліс табуына сұлтандармен мəміле жасасқан билер мен ақсақалдардың сатқындығы, көтеріліс басшыларының, атап айтқанда, Сырым Датовтың солқылдақтығы мен жалтақтығы себеп боды. Оның үстіне патша үкіметінің Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етуі жайылымдар туралы мəселенің өткірлігін уақытша бəсеңдетті, көтеріліс себептерінің бір маңызды мəселесін алып тастады.

1783-1797 жылдардағы халық бұқарасының күресі қазақ халқының тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Қозғалыс ұлттық сана-сезімнің өсуіне жəрдемдесті жəне ұлт-азаттық сипатта болды.

Қорыта келгенде ХVІІІ ғасырдың аяғында Ресей империясының отарлауына қарсы күрескен Сырым Датовтың ұзақ жылғы күресі отарлауға қарсы соққы берумен қатар, Нұралы ханның билігін шайқалтты. Сырым бастаған күрес ХІХ ғасырда да өз жалғасын тауып, Жоламан, Кенесары, Исатай-Махамбет, Жанқожа, Әзберген, Сыздық сұлтандардың қарулы қарсылығымен жалғасып, азаттыққа деген күрес бір сәтте толастамағаны тарихтан белгілі.

Пайдаланған деректер

1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра. 1999. 296-б. 2. Тынышбаев М. История казахского народа. Алма-Ата: Қазақ университеті, 1993. - 224 с. 3. Рязанов А.Ф. Батыр Сырым Датов. // Советская Киргизия. 1924. №10; Соныкі, Сорк лет борьбы за национальную независимость казахского народа (1797-1838 гг.). Кзыл-Орда: Изд. о-ва Изучения Казахстана 1926. - 152 с. 4. Вяткин М.П. Батыр Срым. -М.-Л.: АН СССР 1947. - 392 с. 5. Мұқанов С. Қазақтың ХVIII-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. Алматы: Арыс. 2002. - 272 б. 6. Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в XVII - начале XX века (политико-экономический анализ). – Алма-Ата: "Наука", 1971. – 634 с. 7. Рязанов А. Батыр Срым Датов. // Советская Киргизия. 1924 №10; Вяткин М.П. Батыр Срым. -М.-Л.: АН СССР 1947. - 392 с. 8. Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. - Алматы: Ғылым. 2001. -258 б.

Оразов Рашид Ешенұлы

ҚР МСМ ОМА Архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің ғылыми қызметкері

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.73   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети