Қазақстандағы медициналық сақтандыру жайлы не білу керек

31 Шілде, 19:00
0

2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің әрбір қазақстандық үшін маңызы жоғары әрі ел тарихындағы маңызды шешімдердің бірі болды. Оған дейін медициналық сақтандыру ерікті түрде болды. Бірақ басты болып саналатын екі функцияны: бүкіл халықты медициналық сақтандырумен қамту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін едәуір жақсарту жайын толық қамти алмады. Ал әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі үлкен өзгерістерге жол ашты. Алда тағы не күтіп тұр?

МӘМС жүйесін енгізу - әлемдік сәннен қалып кетудің амалы емес. Қазақстан халқын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және шығындарын азайту басты назарда. Тағы бір айта кететіні, қазіргі таңда дамыған елдерде медициналық сақтандыру жолға қойылған. Әрбір адам өмірі үшін бұл жүйені маңызды санайды.

Статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанда тегін медициналық көмек бойынша мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы жыл санап артып келеді. 2013 жылы 608,1 миллиард теңге болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 972,7 миллиард теңгеге артқан. Қаржының дәл осылай көп бөлінуінің де себебі бар: соңғы он жыл ішінде еліміздегі халық саны 15 пайызға өскен, егде тартқандар 27 пайыз болса, балалар - 24 пайыз. Сонымен қатар, жаһандық жағдайға байланысты кей созылмалы инфекциялық емес дерттерге (онкология, қант диабеті, қанайналым жүйесінің бұзылуы) шалдыққандар саны артып барады. Ал бұл науқастарды емдеу мемлекет есебінен жүзеге асып келеді, сондай-ақ науқастардың да шығыны артқан.

7 жыл ішінде халықтың медициналық қызметтерге жұмсайтын шығыны 3 есе артқан. 2010 жылы 187,2 миллиард теңге болса, 2017 жылы 626,9 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде 550 миллиард теңге халықтың өз қалтасынан шыққан. Бұл дегеніміз - денсаулық сақтау үшін тұрғындардың жеке шығыны қаржылық есеп бойынша 40 пайызға жеткенін аңғартады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) белгілеген көрсеткіштен (20 пайызға) екі есе асып түскен.

"Соңғы жылдары елімізде медициналық қызметке жүгінетін халықтың үлесі едәуір артты. Оның ішінде көпшілігі - егде тартқан жандар мен балалар. Одан өзге аурулардың да сипаты өзгеріп барады. Созылмалы бес ауру түрі бойынша соңғы он жылда дертке шалдыққандар саны 2,5 есеге артқан. Сонымен қатар, ем алу құны да өсуде, жаңа медициналық технологиялар пайда болуда, ал орташа медициналық шығындар сол қалпын сақтап келді. Денсаулық сақтау саласындағы шығындардан болған жетіспеушіліктердің әсері байқалды, сапасы жайлы да сындар айтылды. Мұның барлығы үлкен өзгерістерге бастау болды", - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ медициналық көмекті пайдаланушылармен жұмыс және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Осының барлығы 2020 жылы міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) жүйесін жасаудың алғышарты болды. ТМККК жаңа моделі медициналық қызметтің барлық негізгі түрлерін қамтиды және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға қарамастан, әрбір қазақстандыққа қолжетімді медициналық көмекпен халықты қамту қағидасын ұстанады.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) бойынша халыққа тегін медициналық қызметтер көрсетіледі, ал одан жоғары МӘМС сақтандырылған пакеті бар.

Мемлекет бюджет есебінен медициналық көмектің стандартты пакетін ұсынады. Яғни, халықты медициналық қызметтермен барынша қамту және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділік деңгейі сақталады. Медициналық қызмет шығындары мемлекеттік бюджеттен алынады. Бұл тарифтер жыл сайын қаралып, Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бекітіледі.

Атап айтқанда, 2019 жылдың басынан бері медициналық ұйымдардың бюджеттен медициналық қызметтердің барлық түрлеріне өтейтін мемлекеттік шығындары 15 пайызға өсті.

Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе мемлекеттік тарифтерді әртүрлі аймақтардағы нарықтық жағдайға сәйкестендіруді жалғастыруда. Бұл айырмашылықтар медициналық қызметтердің нарықтық құнын және мемлекеттік тарифтегі бағаны салыстыру кезінде айқын байқалады. Мысалы, бүйректі медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде УДЗ-ға түсіру - 804 теңге, ал сол мемлекетті медициналық ұйымдардағы ақылы қызметтерде - 2 230 теңге.

"Тарифтер - бұл біздің азаматтарға арналған мемлекеттің медициналық қызметтерге жұмсаған шығыны. Тарифтердің өсуі денсаулық сақтау саласындағы бұдан арғы өзгерістерге жол бастайды. Осылайша, жоғары тарифтер медициналық мемлекеттік тапсырысты іске асыруға емханаларды, соның ішінде жеке клиникаларды тартады. Сонымен қатар, медициналық бизнесте жаңа емханалардың ашылуына сеп болады. Емханалар санының артуы бәсекелестікті де жоғарылатады. Бәсекелестік бар жерде медициналық қызметтердің де сапасы арта түседі. Қызмет көрсету сапасы артып, ұзын-сонар кезек қысқарып, медициналық қызметтерді пайдалану қолжетімді бола түсері хақ. Әрине, қаржыландыру нәтижесінде қазақстандықтардың медициналық қызметтерге қалтасынан жұмсайтын шығыны азая түседі. МӘМС жүйесін енгізудің денсаулық сақтау саласына, нақтырақ айтқанда әр науқасқа пайдасын осылай қысқаша сипаттауға болады", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) моделі негізінде қазақстандықтар медициналық қызметтердің кең үлгісін пайдалана алады. Оған жедел және шұғыл көмек, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, санитарлық авиация, паллиативті көмек және ауруды бақылау сынды қызметтер кіреді.  Сондай-ақ бұл тізімге әлеуметтік маңызы бар ауру түрлеріне медициналық көмек көрсету және 25 созылмалы аурудың, оның ішінде онкологиялық және туберкулез ауруларын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету енген.

Әлеуметтік маңызы бар және негізгі созылмалы аурулар болған жағдайда консультативті-диагностикалық, стационарлық, жоспарлы медициналық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және туберкулезге қарсы медициналық оңалту қолжетімді болады.

Медициналық сақтандыру қоры мамандары бұл жүйеден жоғары нәтиже болатынына сенімді. Бәрінен бұрын медициналық қызметтерге қолжетімділік оңайлап, сапасы артып, дәрігерлердің де жалпы тәжірибесі толыса түсеріне назар аударуда.

2020 жылы ТМККК шеңберінде көрсетілетін қызметтерге 967,7 миллиард теңге бөлінді. Еліміздегі әр адам басына шаққанда 53,8 мың теңгеден келеді.

"ТМККК жаңа үлгісі барлық азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің тізбесін нақты анықтайды. Сонымен қатар, ТМККК шеңберіне бүкіл қоғам үшін ерекше маңызы бар, төтенше және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық қызметтердің барлығы кіреді. Әрине, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жалпыға ортақ қағидаларымен сәйкес келеді. ТМККК енгізу нәтижесінде барлығына базалық алғашқы медициналық көмек қолжетімді болады және әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдар емдеудің барлық түрін алады, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісов.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тіркелудің артықшылықтары мол. 2020 жылы бұл жүйеге бөлінетін қаржы - 652,8 миллиард теңге. Бір адам басына 43,5 мың теңгеден келеді. Медициналық сақтандыруға тіркелушілер саны күн санап артып келеді. Атап айтқанда, былтырдан бері 5,7 миллион қазақстандық үшін жұмыс берушілер жарналар аударуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын 100 мыңнан астам азаматтар бірыңғай жиынтық төлем жасап, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуда. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 800 мыңға жуық жеке кәсіпкерлер мен дербес төлеушілер жүйеге қосылады. 15 санатқа енетін 10,9 миллион тұрғындар үшін, оның ішінде зейнеткерлер, балалар, көпбалалы аналар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін мемлекет республикалық бюджеттен жарна аударады.


 
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС пакетінде консультативті-диагностикалық көмек, қымбат зертханалық қызметтер,  ТМККК-дан бөлек амбулаторлық жағдайдағы дәрі-дәрмекпен қамту, стационарды алмастыратын көмек, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық  оңалту және  қалпына келтіру емі бар.Бұдан өзге қазақстандықтар үшін консультативтік-диагностикалық көмек: дені сау ересектерді профилактикалық тексеру, балаларды мамандандырылған тексеру, 18 жасқа дейінгі балаларғастоматология қызметтері, мүгедектер, зейнеткерлер және көпбалалы аналар үшін бәрі қолжетімді болады.

Получить короткую ссылку




  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай