Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 324.98
EUR / KZT - 378.34
CNY / KZT - 48.01
RUB / KZT - 5.53

Ақсақалдарымыз ұсақталып бара жатқан жоқ па?

13 Наурыз 2014, 16:07
0
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Табиғаты тамаша, таудың етегіндегі осы ауыл кезінде аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымен мақтанатын. Тентегін тиып ұстап, бұзақыларын бұғаулап, ауылдың  жаман атын шығармауға барын салатын. Ол кездің ақсақалдары қандай еді, шіркін... Аппақ ақ күмістей сақалдары омырауын жауып, жүздерін әжім әшекейлеген қариялар қырдың үстінде салиқалы сұхбат құрып отыратын. Бүгінігінің шалдарындай өкіметті жамандау емес, елдің, ұрпақтың болашағы болатын айтатындары. Кімнің үйі қара жамылса, кем кетігі білінсе ел болып, жұрт болып көтеріп алатын. Күрмеуі кертілмеген мәселе деген болмайтын ол кезде. Бәрі де ақсақалдардың алқалы жиынында шешілетін... Ауыл біткен бір нәрсе істерде ойланып «үлкендер не дер екен?» деп аяқ тартып тұрар-ды. 

 

Айтқанына бүкіл ауыл тоқтайтын баталы ақсақалдардың кезінде аяғын қия басқандар да, ауылдың жаман атын шығарғандар да болмайтын. Атқа мініп ауыл аралап жүретін ақсақалдардың мәртебесі қандай биік еді шіркін?! Соның өзі әлдеқандай күш беріп тұратын. Алдында арқа сүйер ақылшысы болғанға кейінгілер де сүйінетін. Бір үйде жиын бола қалса ақсақалдар келмесе сәні кірмейтіндей болғанын қайтерсіз? Ауылдың ажарын ашатын да солар-тын. Жөн сілтеп, жол көрсетер ақылшың болғаны да жақсы екен-ау, оны бүгінгілер енді ғана шындап сезінгендей. Қандай да бір қиын мәселе туындай қалса ауылдың үлкен қариясына баратын жүгіріп жұрт. Әрі солардың айтқан ақылы, сілтеген жолы тұпа-тура шығатынын қайтерсіз?! Ауылдың адвокаты да, тәртіп сақшысы да, ауылнайы да, үкім шығаратын соты да, прокуроры да өздері-тін... Қайбір жылдары солақай жүрісімен аты шығып қалған кісінің әйелі «кетемін де кетемінге...» салғанда ауыл ақсақалдары жиылып барып, ортаға алып, «ат айналып қазығын табар, орныңда отыра бер, сені ешкім де қуып жатқан жоқ, балаларың тұрғанда сен осы елдің адамысың, қайтесің, қайтып келеді, адаспа...» деп ақыл салған. Ашуға булығып отырған жеңгей ақсақалдардың сөзінен аса алмай ауылда қалды. Қариялардың айтқаны айдай келді, қызық қуып желігіп қала асып кеткен, бір шүйкебасқа алтындай алты баласын айырбастап  кеткен көкеміз жылға жетпей «кешір» деп әйелінің аяғына жығылып қайтып келді... Одан кейін ауылда сақалдылар қаптап бара жатқаннан кейін ақылдастар алқасын жиып жиын өткізген қариялар. Олардың жолы дұрыс еместігін айтқан да осы ақсақалдар болатын. Адамға қосылмай, жиынға бармай, осыған дейінгі ұстанған ілімді жоққа шығарып дау дамайға ұластырған сақалдыларды айтқанға көнбеген соң ауылдан түре қуып шыққан еді. Солай көшіріп барып ауыл тыншып қалған-тын. Елдің ішін алатайдай бүлдіріп бара жатқан соң осындай қадамға бармасқа амалдары қалмаған еді. Кеңестің дәурені жүріп тұрған шақтың өзінде бүткіл ауылды төбе басына жиып, нан пісіртіп дәмді көжедан ауыз тигізетін. Шолақбелсенділер қоқаңдап бастаса «уыз көже ғой» деп жақаурататын. Сөйтсек наурызкөже деген сол екен ғой. Қаншама уақыттан бері дәстүрдің тінінің  үзілмей бүгінгіге жетуіне септескен қайран қарттарым-ай... Желтоқсанның орта тұсында ауылды жиып «боздақтардың қаны төгілген күн» деп құран бағыштап, бет сипайтын. Ауылдағы жетім-жесірлерге қарайласып, шатырын жөндеп беріп, бірінің малы ұрланса ортадан ақша жиып мал алып беретін. Әрі солай етейік десе сіздікі дұрыс емес деп қарсы келетін бір адам болсайшы. Кәрі-жасы бәрі тік тұратын. Ақылман ақсақалдардың соңғы көші арғы бетке бет түзеп жардың жағасында тұрғандай көрінетіні бар кейде... Сонда олардың орнын кім басады. Салмағы ауыр, зілбатпан сұрақ???

 

Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай