24 ақпан 2016 14:55

Головкин қазақстандық журналистерді "менсінбейді" деуге бола ма?

ПОДЕЛИТЬСЯ

WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің елімізге жиі қонақ бола бермейтіні анық. Тиісінше, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да боксшы жайлы ақпараттарды көбіне шетел басылымдарынан алады.


WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің елімізге жиі қонақ бола бермейтіні анық. Тиісінше, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да боксшы жайлы ақпараттарды көбіне шетел басылымдарынан алады.

Таяуда Головкин Қазақстанға келіп, сапары барысында ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесті. Бұл кездесуден кейін спортшының сұхбаты жайлы бірқатар сыни пікірлер айтылып, әлеуметтік желіде кездесудің барысы қызу талқыланды. Нақтырақ айтқанда, Головкиннің сұрақтарға жауап беру мәнері отандық БАҚ өкілдерінің көңілінен шықпады. Тіпті отандасымыздың шетелдік БАҚ-тарға сұхбатты жоғары деңгейде беріп, қазақстандық тілшілердің сұрақтарына дұрыс жауап бермейтіні жайлы сөз қозғағандар табылып жатты.

Аты аңызға айналып үлгерген қазақстандық боксшымен эксклюзивті сұхбат өткізген едік. Тілшілеріміз сұрақты төтесінен қойып, оның шетелдік журналистер мен қазақстандық журналистердің сұрақтарына неліктен түрліше жауап беретіні сұралды. Мұндай сұрақты қоюға да өзіндік себеп бар еді. Себебі Головкин бірқатар сұраққа "иә" немесе "жоқ", "білмеймін" деген жауаптарды берумен шектелді. Тіпті бір жауабында "тіпті ештеңе айтқым келмейді" деп қалды...

Головкин өз кезегінде кәсіби боксқа қатысы жоқ сұрақтарға жауап бергісі келмейтінін және мылжың сөзге уақытының жоқ екенін айтты. Айтуынша, қазақстандық журналистердің сұрағы оның қарсыластарына баға беріп, жеке өмірі, бизнесі мен бала кезде көрген мультфильмдерінің төңірегінен шықпайды.

"Мен түсіндіріп берейін. Мынадай бір мәселе болған: бір блогер бір нәрсе көріп, бір нәрсе айтқан екен. Яғни нақты ештеңесі жоқ, шамалап, тұспалдап. Маған нақты сұрақтардың қойылғаны ұнайды, іс бойынша қойылатындары. Маған кәсібилік ұнайды. Тілшілермен осындай кездесулер неге болмайды? Тағы бір кездесу жасап, балалық шағымда қандай мультфильмдерді көргенім жайлы әңгімелеу маған түк те қызық емес. Нақты болуы керек. Мен кәсіби бокстың өкілімін. Иә, мен Қазақстан азаматымын, жеке өмірім бар. Әлеуметтік желілерге деген қызығушылығым - кәсіби бокс. Сұрақтарды нақты мәселе бойынша қойыңыздар. Кәсіби сұрақтарды қоюға дайындалыңыздар, өтінемін. Дәл осы бағыт - бокс - өте қысқа. Ол жақта бизнес жайлы және сол сияқты мәселелерді айтудың қажеті жоқ", - деді Головкин. Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.

Осы сұхбаттан кейін қызу талқы басталды. Әрине, қазақстандық спорт журналистикасы жайлы әңгіме де тысқары қалған жоқ. Осыған байланысты қазақстандық боксшының шетелдік ақпарат құралдары мен қазақстандық журналистерге берген сұхбаттарына шолу жасап шығуды ұйғардық. Мұндағы мақсат - еліміздегі ақпарат құралдарының өкілдеріне немесе спорт журналистикасы саласына күйе жағып немесе ақтап алу емес, тіпті боксшының айтқан сөздерін жіпке тізгендей тізіп беріп, ой-пікірін аңду да емес, Головкиннің шын мәнінде кәсіби боксқа қатысы жоқ сұрақтарға қалай жауап беретінін шолып шығу...

Шолу барысында Головкиннің Интернет желісіне жарияланған сұхбаттары қолданылды. Расында да Головкиннің сұхбаты айтарлықтай көп емес. Ол елімізге жасаған соңғы сапары кезінде де көп сөйлеуді ұнатпайтынын және өзін өзгелер сияқты жарнамалай беруді қаламайтынын ашық айтқан еді.

Алдымен шетелдік әріптестеріміздің қазақстандық боксшыға қандай сұрақтар қоятынына назар аударсақ. Шын мәнінде, қойылған сұрақтардың 10 пайызға жуығы ғана оның жеке өміріне байланысты немесе кәсіпқой боксқа қатысы жоқ сұрақтар. Мысалы, өткен жылдың күзіне таман сұхбат алған ESPN телеарнасының тілшісі қойған 13 сұрағының соңғысында ғана қалжыңдап, Давид Лемьенің шаш үлгісін айтып, "оны жеңсең шаш үлгісін ұрлап алғың келмей ме?" деп сұрады. Мұның өзі бокстың төңірегіндегі сұрақ дейтін болсақ, өзгелері тек кәсіби бокс шеңберінде қойылған. Ал Головкин өз кезегінде күле жауап беріп, "Жоқ. Мен ринг сыртында қарапайым жігітпін. Рингтің ішінде мен өзге адаммын", - деді.

Осыдан бір-екі жыл бұрын "Коре Ильбо" газетіне берген сұхбатында Головкинге "туған қалаңда немен айналыстың және корейлердің ұлттық тағамдарын жейсіз бе?" деген сұрақтар қойылды.

"Шын мәнінде уақытым тым аз болды. Бір апта өте шықты. Отбасымның жанында біраз уақыт болғым келді, бірақ үнемі кездесу, сұхбат, сапарлар... Тіпті үйде болғанымның өзін сезіне алмадым... Анам мен тәтем корей әйелдері болғандықтан дәстүрді сақтауға тырысады. Өкінішке қарай, қазір үйде жиі болмаймын, үйдің тамағын да сирек жеймін. Мен кәріс тағамдарын жақсы көремін, бірақ өздеріңіз де түсінесіздер, менде тамақтанудың арнайы тәртібі бар. Сондықтан жеңіл тағамдарды ғана жей аламын, чимчи немесе хенің әр түрін", - деп жауап берді боксшы.

Ал Vringe.com басылымы осыдан бір ай бұрын Головкиннің Қазақстанға келіп, сапары барысында өткізген журналистермен кездесуінде боксшының қазақ ақпарат құралдарының көңілін қалай қалдырғанын жазды. Жалпы, шетелдік ақпарат құралдарында Головкиннің жеке өмірі мен бизнесіне қатысты мәлімет жоқтың қасы деуге болады. Ендігі кезекті қазақстандық тілшілердің Головкинге қойған сұрақтарына берсек...

2014 жылдың аяғында боксшы елімізге қонақ болып кеткен еді. Ол кезде де Головкин БАҚ өкілдерімен және жанкүйерлерімен кездесті. Кездесу барысында қойылған сұрақтардың бір сыпырасы қарсыластарына баға беріп, балалық шағын еске түсіру шеңберінде болды. Мәселен, боксшыға мынадай сұрақтар қойылды: "Ұлыңыздың бокспен айналысқанын қалайсыз ба?", "Анаңыз бен туыстарыңыз Сізді қалай қарсы алады?", "Сізді мектепте үшке оқыған дейді ғой" тағысын тағы. Сұхбаттың толық нұсқасы мына жерде.

Өз кезегінде Головкин былай деп жауап берді: "Менің ұлым боксшы болмайды. Белестерді бағындыру спорттың түрі емес, өмірдің стилі. Мен сүретін өмірдегі жағдайда оның бокспен айналысқысы келмейтін шығар. Бұл менің өмірім. Мен қолымнан келетін нәрсемен айналысамын... Анам еркелетеді. Үйдің тамағын жақсы көремін. Ол тағамды өте дәмді етіп әзірлейді. Оны ренжіткім келмейді - оның әзірлеген тағамдарының барлығы дәмді... Мен мектепте ең нашар оқитын оқушы болған жоқпын. Тентек те болмадым. Мектеп маған ұнайтын. Тек жақсы естеліктер ғана сақталды. Керемет ұстаздар болатын".

Deluxe журналына берген сұхбатында Головкинге "Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?" деген сұрақ қойылды. Ол 2000 жылдардың басында танысқанын және ол кезде не бәрі 18 жаста болғанын айтқан.

"Мен жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта сәтті өнер көрсеттім, ол Венгрияда өткен еді. Бізді ортақ таныстарымыз таныстырды, бірден қызығушылық пайда болды. Осыдан кейін бірнеше рет кездесіп, бәрі ойдағыдай болды...менің жолым болды десем де болады", - деп жауап берді Головкин.

Ал 2014 жылдың аяғында берген сұхбатында "Хоббиіңіз қандай?", "Бала кезіңізде пір тұтқан адамыңыз болды ма?", "Өміріңіздегі ең бақытты күн қандай?", "Мектепте сабақтан қаштыңыз ба?" деген сияқты сұрақтар қойылды. Боксшының жауаптары мынадай:

"Әрине, хоббиім бар, бірақ мен бос уақытымның барлығын отбасыма арнаймын... Менің ойымша, адамды пір тұту дұрыс емес, қажет те емес. Үлгі болған жақсы, егер жақсы үлгі болса. Жақсы адам, жақсы үлгі десек те болады. Пір тұту дұрыс емес, менде кумир болған жоқ... Өмірімдегі ең бақытты күн - 8 сәуір. Туған күнім... Мектепте қарапайым бала қолдым. Әрине, өмірде не болмайды, сабақтарға қатыспаған кездерім болды, екі де, бес те алдым...", - деді ол. Боксшының өткізген кездесуінің толық нұсқасын мына жерден көруге болады.

Түйін. Әрине, боксшының өзі айтқандай, біреуге қатысты сын айтып, оған баға берген дұрыс емес шығар, әсіресе ол адамды жақын танымайтын болсаң. Отандасымыздың елге жасаған сапарынан кейін бірқатар адам түрлі пікірін жайып салып, әлеуметтік желіде қызу талқы болды. Ал біз өз кезегімізде қаншама сұхбатты тыңдап, шолу жасап шығып, бір нәрсені ұғынғандай болдық. Геннадий Головкин Қазақстанның азаматы. Ол елге келген сайын отандастары, жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері оған кәсіби бокс туралы ғана емес, жеке өмірі мен өмірлік ұстанымдары туралы сұрақтар қойып, сол сұрақтардың жауабын алғылары келеді. "Өз ұлымыз" дегендей ме, әйтеуір әр кездесуде бір дастархан басында бас қосқан отбасындай болып, қазақстандық жанкүйерлері оған түрлі қызық сұрақтарын қояды. Әрине, кәсіби бокстан хабары жоқ адамдардың Головкинге ұқсағысы келіп, еліктейтін жастардың ондай сұрақтарды қоюы заңды да. Ал тілшілерге қатысты айтар болсақ, елімізде расымен де тек бокс саласына арналған жеке арналар немесе осы салада ғана еңбек ететін журналистеріміз жоқтың қасы. Қазіргі өмірінің көп бөлігін шетелде өткізіп жатқан боксшымыздың құлағы тек бокс саласында жүрген шетелдік журналистердің сұрағын естіп үйреніп қалғанға ұқсайды. Сол үшін де сынын осылай жеткізген Головкинді де, оның мексикалық стилі мен өміріндегі қызықты деректерді білгісі келген халқын да түсінуге әбден болады.

Сандуғаш Әлімжанова

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети