01 наурыз 2016 09:55

Арыстан ("Менің ағаларым" циклынан)

ПОДЕЛИТЬСЯ

Академик Өмірбек Арыс­тан­ұлы Жолдасбеков өзінің бүкіл болмыс-бітімімен азаматтың арыс­таны деуге әбден лайық-ақ жан болатын.


Академик Өмірбек Арыс­тан­ұлы Жолдасбеков өзінің бүкіл болмыс-бітімімен азаматтың арыс­таны деуге әбден лайық-ақ жан болатын.

Тастан қашап жасалғандай кесек тұлға, арыстанның жалындай бұйралан­ған қою қара шашпен көмкерілген қа­зандай үлкен бас, құлжа мойын, келістіре пішілген кең иық, қай жаққа бұрылса да сом денеге өршелене жол салатын өрдеш төс және бұған бұдырайған екі шеке мен үнемі күреңітіп тұратын дөңгелек жүзді қосар болсаңыз, азаматтың арыстаны осындай-ақ болар дейтін адамның келбеті келмей ме көз алдыңызға. Басқаны қайдам, оны өз басым ең алғаш көрген 1977 жылы дәл осылай кейіпте қабылдап, ойыма оралған сайын дәл осындай күйде көз алдыма елестетемін.

Алғаш дегеннен шығады. Ол кезде әр жыл сайын сарша тамыздың соңында Алматы жоғары оқу орындарындағы алашапқын аяқталып, жаз бойғы дода­ның қорытындысы шығарыла бастайтын. Дәл сондай күндердің бірінде – 1977 жылы тамыз айының соңында Қазақ мемлекеттік университеті бас ғимара­тының ең үлкен акт залында қазақ жо­ғары оқу орындарының қара шаңы­рағында “білмекке құмарлыққа” талпын­ған бір топ жастардың тағдыры таразыға түсті.

Бір кездері Үкімет үйі атанып, талай тартыстар мен қырғын айтыстарды бас­тан кешірген университеттің бас ғима­раты талапкерлерге лық толды. Бәріміз­дің көзіміз оң жақтағы есікте. Біздің ен­дігі тағдыр-талайымызды шеше­тін көке­леріміз сол есіктен енеді деп күтілуде. Сәл­ден соң дабырлай сөйлеген екеудің дау­сы естіліп, ректор мен декан акт за­лы­на кіріп келді. Біз дүр етіп орны­мыздан көтерілдік.

Мол денені оп-оңай үйіріп, аяғын алшаң-алшаң басқан ректор президиумға бастайтын баспалдақтың жанын шығара солқылдатып, төрдегі өзінің үйреншікті орнына жайғасты. Оның жанына аз уақыт ішінде көзіміз үйренісе бастаған факультет деканы келіп отырды.

Жаз бойы үміт пен күдіктің көк дө­ненін кезек мініп, сөреге әрең жеткен біз­дің ендігі тағдырымыз солардың қо­лын­да. Қорыққанға қос көрінгендіктен бе, бізге төрдегі екеу сол күні ерекше сұсты көрінді.

Әуелі байқағаным: ректор аузын тол­тырып сөйлейтін жан екен. Алдындағы тізімді сыпыра сүзіп шықпай, ара-тұра сұрақ қойып, қасындағы әріптесінің пікіріне де құлақ түріп отырды. Кезек менің фамилияма да жетті-ау, әйтеуір:

 – Бұл азаматқа сіздің сұрағыңыз бар ма? – деп деканға көз тастады. Оның “жоқ” деген жауабын естіген соң тізімнің жуан ортасында тұрған маған назарын аударып: “Қабылдандың” деген жалғыз ауыз сөз айтты.

Дәл сол сәтте өзімді жер бетіндегі ең бақытты адам сезінген маған айбыны бет қаратпайтын әлгі ректор әлемдегі ең әділетті, ең мейірбан жан сияқты көрініп кетті. Өзіме өзім келген соң әлгі сом тұл­ға, сұсты бейне мен жуан дауыс иесінің жылы жүз, ашық қалып, қамқор көңілді жайсаң азамат екенін де аңғара баста­дым. Бұдан кейінгі өміріме даңғыл жол ашқан Өмірбек Арыстанұлы дәл сол күннен бастап мен үшін жер бетіндегі ең жақын адамдардың біріне айналып кете барды.

Ойхой, шіркін, біз оқыған 70, 80-жыл­дары КазГУ-дің даңқы шырқау шың­ға көтеріліп, атағы аспандап тұрды-ау. Соның бәрі арыстан ректордың ар­қасы болатын. Қазір ойлап қарасам, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеттің (Қарағанды университеті тек 1972 жылы ашылды) бағын жан­дырған Арыстанұлы университет тізгінін қолына ұстағанда әлі қырыққа да толмаған қылшылдаған жігіт екен.

Күркіреп күндей өте шыққан қанқа­сап соғыстан кейін ширек ғасыр өтіп, ел есін жиып, еңсесін тіктеген сол кездегі Қазақстанда ғылымның сан алуан сала­сында кілең “сен тұр, мен атайын” дейтін докторлар мен профессорлар жеткілікті болатын. Сондықтан басшы­лық таңдауы 39 жасар ғылым кандида­тына түсіп, оның Т.Тәжібаев, А.Закарин, Т.Дарқанбаев сияқты “алыптардың” орнын басуы талай жұртты таң-тамаша қалдырды. Бірақ бұл қарымы мен қайы­ры мол таңдау болды.

Өмекең Қазақ университетіне кел­генге дейін-ақ жастығына қарамастан өмірдің талай өткелектерінен өтіпті.

Кеңес Одағының ең жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған соң Қазақ химия-техноло­гия­лық институты мен Қазақ политехни­калық институтында оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, профессор қызметін атқара жүріп, өзін кемел келешек иесі ретінде таныта біліпті.

Жақсыға жақсының жарығы түсуі сирек құбылыс қой. Жас ғалымның кейінгі өмірін күрт өзгерткен сол бір жарқын оқиға 1970 жылы болыпты. Иә, Жолдасбеков ректор болатын жылы сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың інісі Асқар Қонаев Қазақ политехникалық институтында доктор­лық диссертациясын қорғап, ұлан-асыр той жасайды. Кез келген бас қосудың көркіне айналып, әп-сәтте-ақ көрігін қыздырып жіберетін жас Өмірбек сол тойда асаба болады. Екі тілде бірдей ер­кін көсілетін, көксемсердей қылпып тұр­ған жас әрі Мәскеу мемлекеттік универ­ситеті ғұламаларының мектебінен өткен маман, жоғары оқу орнының қарапайым оқытушылығынан бастап, проректорлы­ғына дейінгі барлық баспалдақтарын тауыс­­қан жас ғылым кандидаты Димекеңе бір­ден ұнайды. Әр сөзін салмақтап сөйлей­тін ел ағасы той соңында асабаның қолын ерекше ризашылықпен қысып, інісіне қарата: “Силен твой Джолдасбеков” деген ишарасы мол жалғыз ауыз ғана сөз айтады. Осы бір ауыз сөз оның универси­тетке ба­рар жолын әп-сәтте нұрландырып жіберді.

Жолдасбеков КазГУ-ді, ал КазГУ Жол­дасбековті көтерді. Алатаудың баурайында құдды бір ертегідегі сияқты ай санап емес, күн санап өскен университет қалашығымен бірге жас ректор да өсті.

ҚҰдайҒа шүкір, қазір жер арқасы кеңіген заман. Дүниені кезіп, әлемді шар­лап әр дәуірде адамзат ақыл-ойының орта­лығы саналған сан алуан университеттер мен оның қалашықтарын өз көзімізбен көрдік. Бүгінгінің жастарына мұның бәрі дәл осылай орнай қалғандай көрінуі әбден мүмкін. Тарихтан тамыр тартар болсақ, батыс университеттерінің ондаған, тіпті жүздеген жылдық, ал кейбірінің мың жылға жуық тарихы барын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ал КазГУ-градтың тарихына не­бәрі 35-ақ жыл.

КазГУ-дің қалашығы батыстық үлгіде салынған Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Кеңес Одағындағы жалғыз қалашық болды. Сол кездегі күллі Кеңес Одағы оқу орын­дарына үлгі-өнеге ретінде ұсынылатын жүздеген жылдық тарихы бар Мәскеу, Санкт-Петербург университеттерінің фа­культеттері, олардың оқу ғимараттары мен жатақханалары айғай-шу, ызың-қуыңы мол қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Бір кездері Кеңес Одағы құрамында болған республикалар университеттерінің жағдайы да дәл осындай еді.

Ұлыбританияның әлемге әйгілі қос университеті Оксфорд пен Кембридж ел астанасында емес, осы университеттермен аттас екі шағын қалашықтарда орналасқан. Іргесі Шыңғыс хан дүниеге келмей тұрып қа­ланған Оксфорд университетіндегі 7 фа­культет, 39 колледжде 17 мыңға жуық сту­денттер оқып, 7000 мыңнан астам оқы­ту­шы-профессорлар мен үлкенді-кішілі қыз­меткерлер еңбек етеді екен. Ал тұрғын­да­ры­ның саны 170 мыңға жуық қала хал­қы­ның басым көпшілігі университеттің айна­ла­сында жұмыс істейді. Студенттері мен оқы­тушыларының саны осы шамалас Кем­бридж университетіндегі жағдай да дәл осындай.

Ал әлемдегі университет атаулының ту ұстаушысы – Гарвард университеті мен ең атақты америкалық техникалық жоғары оқу орны – Массачусетс университеті Бос­тонның іргесіндегі халқының саны 100 мың­ға жетер-жетпес Кембридж қаласында орналасқан.

Бұдан шығар қорытынды: батыстағы әйгілі университеттер саяси, қоғамдық, әлеуметтік қызуы бірде басылып, бірде көтеріліп тұратын үлкен қалаларда емес, сол қалалардың іргесіндегі жайма-шуақ шағын қалашықтарда орын тепкен. Бұл студенттердің алаңсыз білім алуы, жүріп-тұруы, бір-бірімен жақын араласуы, керек десеңіз шағын қалашықтағы ұстаз бен шәкірттің бір-бірін ұдайы көріп тұруы үшін жасалған. Әрине, аумағына он Ұлы­бри­тания еркін сиятын Қазақстанда жер жет­кілікті, бірақ университет қалашығын үл­кен қалалардан тым қашықтан салудың біздің ел үшін қажеті шамалы. Сондықтан 35 жыл бұрын Алатаудың жап-жасыл белдерімен ұштасып жатқан бау-бақшалы мекен жаңа университет қалашығын салу үшін таңдап алынды.

Сонымен 1970 жылдың тамыз айында Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Келді де өзінің тау суындай гүрілдеген даусымен КазГУ-дегі мүлгіген тыныштықты оятып, өзгеше арнаға түсірді. Дәл осы күннен бастап университет өмі­ріне өзгеше өрнек, соны серпін, тың тыныс бітіп, қайнаған тіршілікке толы жаңа кезең басталып кетті.

Жас ректор өз жұмысын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі университет қалашығын салу жөніндегі сонау 1966 жылы қабылдаған, әлдеқашан шаң басып, сарғыш тартып, ұмытыла бастаған ескі қаулыны тауып, оның жансыздана бастаған тамырына қан жүгіртуден бастайды. Ескі құжатты сілкіп-қағып, әлдеқашан ескірген есеп-қисаптарын қайта шотқа түсіріп, соның негізінде 1970 жылдың желтоқса­нында КазГУ қалашығын салу жөнінде республика Үкіметінің жаңа қаулысын шығартады. Қандай жұмысты болмасын жайнатып, жарқыратып жіберетін Жол­дасбековтің жобасымен түзілген бұл қаулы­ның арқасында болашақ қалашық үшін Алматының түстік бетінен 90 гектарлық жер ойып тұрып алынады. Сол-ақ екен қалашықтағы жұмыс қайнап шыға келді. Құрылыс қарқынының кереметтігі сонша­лық, біз оқуға түсетін 1977 жылы әсем қалашықта сол заманның ең үздік жоба­сымен салынған 10-нан астам бес қабатты жатақхана, биология және география факультеттерінің жаңа оқу корпусы пайда­лануға беріліп үлгерген еді. Ал біз оқыған 1977-1982 жылдары бұған қосымша заң, философия-экономика, журналистика, фи­лология, тарих факультеттері қоныс тойын тойлап, 18-қабаттық университеттің бас ғимараты салынды.

Университеттің бас жоспарына қарап отырып, оның бүгінгі үрдіс пен ертеңгі үде­рісті қатар ойлап жасалғанына қайран қаласың.

Біріншіден, қалашық 15 мың студенттің бір мезгілде білім алуына арналып жоспар­ланған. Салыстыру үшін дәл сол жылдары жоғарыда біз атаған Оксфорд, Кембриджде оқитын студенттер саны да дәл сол шамада болыпты.

Екіншіден, қалашықта студенттермен қатар 7 мыңға жуық оқытушы-профес­сорлар мен үлкенді-кішілі қызметкерлердің еркін еңбек етуіне то­лық жағдай жасалған. Мұндай екі студентке бір адамдық “ком­форт” ол кезде Кеңес Одағындағы бірде-бір университеттің маң­дайына жазылмаған молшылық еді.

Үшіншіден, қала­шық студенттің бар керегі бір жерден табы­латын біртұтас әмбебап организм ретінде са­лынған. Жолдасбеков басқарған жылдары мұнда 800 орындық ас­хана (күні бүгінге дейін республикада мұн­дай үлкен қоғам­дық тамақ­тандыру ор­ны салын­ған емес), фут­бол алаңы мен спорт түріне қарай түрліше залдары бар бірегей спорт ке­шені, кинотеатр, ап­тека, ка­фе­лерге дейін салы­нып, 1800 адам­дық Студенттер сарайы мен 5 миллионға жуық кі­тап қоры бар кітапха­наға арналған жоба қоса жоспарланды.

Төртіншіден, уни­верситеттің аспирант, оқытушы-профес­сор­ла­ры да ұмыт қалған жоқ. Аспиранттарға арнап отбасылық үлгі­дегі жатақхана, ал уни­верситет ұстаздарына арнап 6 бірдей тұр­ғын үй және олардың балаларына арнайы балабақша салынды. Соның арқасында Қазақстанның әртүрлі ғылыми-зерттеу инс­титуттары мен жоғары оқу орындарын­дағы баспананың зары өт­кен ең талантты ғалымдар мен тәжіри­белі ұстаздар КазГУ-ге қарай ағылып жатты.

Бесіншіден, ұстаздарға қамқорлық қана жасалып қоймай, оларға деген талап та күшейтілді. Соның нәтижесінде 1971 жылы университетте 52 ғылым докторы, 309 кан­дидат болса, 1986 жылы 30-дан астам ака­демик, 200-ге жуық ғылым докторы, 700-ге жуық ғылым кандидаттары еңбек етті.

Алтыншыдан, өзі техника саласының маманы болғандықтан университет кафед­ралары мен лабораторияларының мате­риалдық-техникалық базасын жаңартып, оны түбегейлі түрде жаңа техникамен жа­рақтауды қолға алды. Академик А.Лукья­новтың деректері бойынша, әрқайсысының құны 1 миллион сом тұратын БЭСМ-6 атты электронды-есептеу мәшинесінің екеуі бірдей университетке осы Жол­дасбеков тұсында алыныпты (ол кезде 2 млн. сомға 400 “Жигули” автомәшинесін сатып алуға болатын). Жалпы 70-80-жыл­дары университет бұдан басқа да ондаған миллион сомның ең озық үлгідегі жабдық­тарымен жарақталыпты. Соның арқасында 80-жылдары КазГУ ғалымдары өз елімізді былай қойғанда, АҚШ, Англия, Франция, ФРГ, Голландия, Финляндия сияқты батыстың аса дамыған елдерінде тіркелген 26 шетелдік патент алған.

Жетіншіден, университет Өмекең бас­қарған жылдары Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерімен қатар Үндістан, Пәкстан мемлекеттерінен келген талантты жастар оқитын халықаралық беделді жоғары оқу орнына айналды.

Міне, қайратты ректордың осындай қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ мемле­кеттік университеті 70-80-жылдары Мәскеу мен Ленинград университеттерінен кейінгі Одақтағы үшінші беделді университетке айналды. Мәселен, төрағасы Өмірбек Жолдасбеков болған мәшинелер мен механизмдер теориясы бойынша докторлық диссертация қорғауға арналған кеңес Кеңес Одағы бойынша Мәскеу мен Ленинградтан кейін КазГУ-де ашылды. Бұған дейін Алматы техникалық ғылым саласында Мәскеу мен Ленинградты былай қойғанда, ешуақытта Киев пен Новоси­бирскінің алдына түсіп көрмеген еді.

...Өмірбек ағамен 1977 жылдың қоңыр күзінде басталған таныстық шәкірт-ұстаз ретінде ағамыз дүниеден озғанша жал­ғасыпты.

БАЙҚАП отырсам, студент кезімде арыстан ректормен үш рет жақын келіп жүздесу бақытына ие болыппын.

Көктем шыға Алматының көшелерін жаңа ғана бүршік атып, гүл жарған алуан түрлі ағаштардың хош исі кернеп, өмірдің ең нұрлы шағының қуаныш құшағында толқып-шалқыған жастардың жарқын дауыс, күміс күлкілеріне көміледі. Дәл осы кезде “Студент көктемі” атты өнер фес­тивалі басталады. КазГУ студенттері осы фестивальдің алдын бермейтін. Енді ше, университет студенттерінен құралған 120 адамдық қазақ және орыс халық аспаптар оркестрі мен халық биі ансамбльдері кәсіби деңгейдегі өнер ұжымдарына берілетін “халықтық” атағына дейін ие болса. Өйт­кені университеттің әрбір студентіне өнер мен спорт түрінің бірімен айналысу міндет есебінде жүктелетін.

Әдебиетке біртабан жақындау болған­дықтан мен 1-курста драма үйірмесін таң­дадым. Студенттер театры режиссеріміздің ұсынысымен И.Куприянов дейтін аты бел­гісіздеу бір драматургтің “Вьетнам жұл­дызы” атты пьесасын сахналады. Әлі есімде, маған Фрэнк дейтін америкалық ұшқыш­тың рөлі тиді. “Халықтық” атағына ұсы­нылған студенттер театры қойылымының механика және қолданбалы математика факультетінің акт залында өткен қоры­тынды репетициясына ректордың өзі қа­тысты. Спектакль басталғаннан-ақ жанын­дағы проректормен әлденені қызу талқы­лап, қайсыбір қағаздарды аударыстырып отырған ректор соның өзінде бәрін жіті көзбен байқап, бағамдап отырыпты. Репе­тиция біткен соң біздің қасымызға келіп, театр өнері жайлы талай-талай тұщымды әңгімелер айтты. Біз механик-ректордың драматургия, театр өнері саласындағы көл-көсір біліміне таң-тамаша қалдық.

Үлкен театрдың 50-жылдардағы репер­туарын жаңғақша шағып, әйгілі әншілер И.Архипова, Г.Вишневская, И.Петров­тар­дан бастап, балет бишілері Г.Уланова, О.Лепешинская, М.Плисецкая, М.Лиепа­лар­дың қай балет пен операда қандай партияларды орындағанын майын тамыза айтып шығып: “Мүмкін сендердің ұлты­мыздың ән-күй өнеріне негізделген музы­калық драма қойғандарың жөн болар. Біз­дің халыққа осы жақындау емес пе”, – деп бір ой тастап өтті.

Академик мұнымен де тоқтамай, Мәс­кеу­дің әйгілі МХАТ, Кіші театр, Маяков­ский атындағы театрларының үздік қойы­лымдары мен әртістері жайлы да әсерлі әңгімелер айтты.

Жастық шақта көргендері мен көңіл­дегілері туралы көсіліп шапқан ректор, сәлден соң:

 – Бұл пьесаны қайдан тапқансыңдар. Вьетнам соғысы баяғыда-ақ келмеске кет­кен жоқ па. Әлдеқашан ескірген тақырып. Оның үстіне көркемдігі де шамалы. Сен­дерге Қалтай Мұхамеджановтың “Бөлті­рігін” қою керек. Сонда өз өздеріңді ойнап шығасың­дар. Солай, балақандар. Келесі жы­лы қапы қалмаңдар, – деп оң қолын сәл көтеріп, бәрімізбен қоштасу ишарасын жасаған бойы кері бұрылып, залдан шығып кетті.

Біз кейде аға буынның бойындағы бар асыл қасиеттерді өз биігінде бағалай алмай жатамыз. Өзіміз дәл осы күйімізде төбеден түсе салғандай, бәрін кінәлап, күстаналап шығатынымызды қайтерсің. Ал шынды­ғы­на келер болсақ, олардың бойынан табы­ла­тын ғылым-білім мен өнерге деген іңкәр­лік біздің бойымыздан көбіне көп табыла бермейтін сияқты. Тіпті табыла қалған күннің өзінде аға буынның бойындағы көл көсір құштарлықтың жұқанасындай ғана.

Өмекеңнің өнер тақырыбына ағып тұ­руының сырын мен кейін Мая апамыздың мына бір естелігінен аңғардым: “Өмірбек қалт еткен бос кездерінде “Москва – То­вар­наяға” барып жұмыс істеп, күреп ақша табатын. Соның арқасында киіміміз де бүтін, қарнымыз да тоқ болып, сенбі, жек­сенбі күндері мұражайларды, қала сыр­тындағы тарихи орындарды аралап, спек­такльдер мен концерттерді де құр жібер­мейтінбіз. Өмірбек театрлардың алдыңғы орындарындағы ең қымбат билеттерді сатып алып келетін”.

Келесі жылы біз ректорымыздың ұсы­ны­сын жүзеге асырып, Қалтай ағамыздың “Бөлтірік бөрік астындасын” сахналадық. Жастар театрының актері Жақсыбек Құр­манбековтің режиссерлігімен (мен – ас­систент) Марфуғаны – Салтанат Айбер­генова, Сұңғатты – Бейбіт Сапаралин, Арыстанды – Нұртөре Жүсіп, Бекенді – Сағатбек Медеубеков ойнап, студенттер қауымын күлкіге қарқ қылып, қалалық конкурста бас жүлдені жеңіп алдық.

Ректормен екінші кездесу 1979 жылдың қысында өтті. Бұл жаз бойы – құрылыс, күз бастала ауыл шаруашылығына жегіліп, күзде ғана университет аудиториясында бас қосып, қыс ортасына қарай спорттық бабына енді келетін студенттер арасында түрлі спорт жарыстарының қызатын кезі. Сондай күндердің бірінде университет самбошылары бас бапкер Темірхан Мы­ңай­дарұлы Досмұханбетовтің жетекшілігі­мен ақ тер, көк тер болып қалалық спарта­киадаға дайындалып жаттық. Кенет есік ашы­лып, С.Л.Либерман дейтін денешы­нық­тыру кафедрасының меңгерушісімен бірге залға ректор кіріп келді.

Біз дереу жаттығуды доғарып, назары­мызды келгендерге аудардық.

 – Иә, батырлар, халдарың қалай. Те­мірхан ағаларың тұрғанда қалалық чемпио­натты қалпақпен ұрып алатындарыңа күмән жоқ. Бізге КСРО, Еуропа, керек десең, әлем чемпиондары керек. Әлі күнге дейін самбодан бір қазақ не Еуропаны, не әлемді ұтқан жоқ. Сондай чемпиондар шыға ма сенің мына батырларыңнан, Темірхан, – деді ректор бас бапкердің қолын алып жатып.

 – Шығарамыз, Өмірбек Арысланович. Міндетті түрде шығады, – деп Темекең нық сеніммен жауап қатты.

Осы кезде Өмекең:

 – А, ну-ка, давайте тряхнем стариной, – деп үстіндегі костюмі мен галстугін шешіп, аяқ киімін тастап кілемнің орта­сына шықты.

Аң-таң қалған біздер үрпиісіп шетке қарай ығыстық.

Кілең шиыршық атқан спортшы жі­гіттерге асықпай көз жүгіртіп шықты да:

 – Дәу де болса түйе балуан сен бо­ларсың. Келе ғой мұнда, – деп салмағы 100 келіден артық Зиядын Исабековты кілемге шақырды.

Имене басып ортаға шыққан Зиядын сәл еңкейіп ағасына қос қолын бірдей ұсынып сәлем берді де жарты адым кейін шегінген күйі сол орнында тұрып қалды.

Әншейінде бізге таудай болып көрі­нетін ректордың тұлғасы қанша зор бол­са да бойы біздің Зиядыннан әжептәуір кіші екен.

Бірақ оны елең қылайын деп тұрған ректор жоқ. Аяғын алшаң басып, алға жылжыған ағамыз кимоно киген Зия­дын­ның қос қолын білек тұсынан қысып ұс­тап өзіне қарай тартып қалды. Сөйтті де қарсыласының сол қолын кейін сер­піп, оң қолын иығына қысқан күйі жалт бұрылып, ширақ қимылмен түйе ба­луан­ды қос жауырынымен кілемге топ еткізді.

Белдесудің дәл осылай аяқталғанына риза болған Зиядын да атып тұрып, ректордың қолын қысты.

 – Иә, ағаңа жол бергеніңді ішім сезіп тұр. Рахмет, айналайын. Жортқанда жолың болсын! – деп шәкіртінің арқа­сы­нан қағып, бауырына басты да Темір­хан Мыңайдарұлына қарата:

– Ал, Темеке, жаңағы уәдеңді сен ұмыт­с­аң да, мен енді ұмытпаймын, – деп бапкердің де қолын алып, құшағына басты.

Шығып бара жатып, Темірхан Мы­ңай­дарұлына күлімсірей көз тастап:

– Чидаоба, – деген жалғыз ауыз сөз айтты.

– Түсіндім, түсіндім, – деді Темекең.

Ал біз ештеңені де түсінген жоқпыз.

Ректор шығып кеткенше көрген түс­тей болған әлгі оқиғаға сенер-сенбе­сі­мізді білмей аңтарылып тұрған бізге бапкеріміз:

– Өмірбек ағаларың жас кезінде самбодан Мәскеудің чемпионы болған. Ол кісі МГУ-де оқыған 50-жылдары сам­бо­дан халықаралық жарыстар өткізіл­мей­тін. Ең алғашқы Еуропа чемпионатының өзі 1972 жылы ғана өтті. Егер бұл спорт тү­рі ертерек халықаралық дәрежеде та­ныл­ғанда ағамыздың үлкен-үлкен жарыс­тарда топ жаруы да әбден мүмкін болар еді. Сондықтан ректордың жаңағы сөзін­де оның жас күніндегі үлкен арманы жа­тыр. Ал оны жүзеге асыру сендердің па­рыздарың. Оның үстіне жаңа уәде бердік, ал уәде – жігіт сөзі екенін ұмытпаңдар, – деді батыр тұлғалы ректордың балуан­дығы жайлы шешіле сөйлеп.

Біз оның шығып бара жатып айтқан сөзінің құпиясын сұрадық.

– Ә, ол сөзде ешқандай құпия жоқ. Самбо – күрес өнерінің ең жас түрі. Оның негізі тым бертінде, 30-жылдары қаланған. Самбоның атасы А.Харлампиев күрестің айла-тәсілдерін жинау үшін бүкіл Кеңес Одағын кезіп, ұлттық күрес түрлерін зерттеген. Біле білсеңдер, онда қазақша күрестің де амалдары аз емес. Ал грузиндердің ұлттық күресі “чидаоба” деп аталады. Ағаларыңның жаңағы қолданған әдісі сол чидаобадан алынған, – деп бізге құпия болып көрінген сөздің сырын да айтып берді.

Темірхан ағамыз да ер екен. Уәде­сінде тұрып, сексенінші жылдары КазГУ-дің ғана емес, бүкіл Қазақстан­ның атын әлемге танытқан Мадлен Қалиеков пен Айтжан Шаңғараев атты екі әлем чем­пио­нын шығарды. Зиядын досымыз да бүкілодақтық жарыстарда топ жарып, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Өзі де жас күнінде самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған Т.М.Досмұханбетов кейін КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тықтырушысы, ал еліміз тәуелсіздік алған жылдарда екі рет Спорт және туризм министрі қызметіне тағайындалды.

РЕКТОРМЕН үшінші кездесу университеттің соңғы курсына өткен жылы болды. Жалғанды жал­пағынан басып жүретін жастық шақ­тың желігімен желпініп жүрген күндердің бірінде жазалы болып Джо ағайдың ал­дынан бір-ақ шықтым. “Жазалы” деп жұм­сартып айтқаным болмаса, менің уни­верситетте қалу-қалмауым қыл үстін­де тұр.

– Иә, не болып еді, өзі. Бірақ тек шындықты айт, – деп академик маған қаһарлана көз тастады.

Мен қалыңдығымның құрбысына тіл тигізген тентекті “тезге” қалай салға­нымды қаз-қалпында баяндап бердім.

Айтқан сөзім әсер етті ме, әлде есіне бір­­деңе түсті ме, ректор орнынан тұрып, ка­бинетінің сол жағындағы терезенің ал­ды­­на келді де, естілер-естілмес бәсең дауыспен:

 – Осыған ұқсас жағдай менің де басымда болып еді, – деп күбірлегендей болды. Сәлден соң маған жалт бұрылып:

– Ұстазың Темірхан Мыңайдарұлы да араға түсіп жатыр. Бірақ сен бұдан былай жұдырық өзімдікі деп оңды-солды жұмсай бергеніңді қой. Бір жолға кеші­рейік. Келесі жолы өз обалың өзіңе. Ал қазір деканыңа бара бер, – деп орнына келіп отырды.

Джо ағайдың дауысы қатқылдау шық­са да, ар жағында зілі жоқ сөзі маған “айналайын” деп маңдайымнан сипаған­нан кем бола қойған жоқ.

Ректордың терезе алдындағы сөзінің сырын кейін білдім. Өмекең Мәскеуде оқып жүргенде тұмсығының астынан басқаны көрмейтін тоңмойындар трам­вайда келе жатқан қазақ қыздарын бала­ғаттап, тіл тигізіпті. Намысқой Өмірбек бірден әлгілерді сабасына түсіріп, сыба­ғасын қолына ұстатып жіберген екен. Бірақ іс насырға шауып, оның оқудан, тіпті комсомолдан шығу қаупі туады. Студент Жолдасбеков “тентектігінің” тарихы тінтіліп, Шымкент қаласының комсомол комитетіне анау-мынау емес, Мәскеу қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сизовтың атынан қатынас қағазы түседі. Сол кезде қалалық комсомол ұйымын басқарған Тәжігүл Серікбайқы­зының деректері бойынша, сұрау салған орынға Ө.Жолдасбековті мақтап, мадақта­ған жауап хат жолданады. Осылайша аяқ астынан университетпен, комсомолмен қоштаса жаздаған Жол­дасбеков әрең дегенде үйіріне қайтып оралыпты.

Сексен екінші жылы біз қолымызға арыстан ректор қол қойған диплом алып, КазГУ-ден қанаттанып ұштық.

Сексен алтыда күллі Кеңес Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі болды.

Мәскеуден шығатын “Правда”, “Из­вестия”, “Комсомольская правда” газет­те­рінде қазақ ұлтшылдығы туралы зәр-заһары бірінен-бірі өтетін материалдар шығып жатты. Іле-шала Қазақстанға СОКП Саяси Бюросының мүшесі М.С.Со­ломенцев бастаған қылышынан қан тамған комиссия келіп, “кіші реп­рес­сияны” бастап кеп жіберді.

Бұл өзі “кіші репрессия” десе деген­дей-ақ еді. Университет архивінен алын­ған нақты деректер бойынша, желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін КазГУ-де 270 студент оқудан шығарылып, 5 студент 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы­нан айырылды.

Кейін Өмірбек ағаның өзі айтқандай, бұл цифр бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екен. Ол КГБ-ның сумаңдаған қыз­меткерлері алаңда болған студенттер­дің суреттерінен тұратын салақұлаш аль­боммен факультет аралауға кіріскенде, ректор өзі ерекше сенімді декандар ар­қылы тұзаққа түскелі тұрған студент­тердің бір тобына “денсаулығы”, “үлге­рімі”, “отбасылық жағдайы” деген түрлі желеулермен бір-екі жылдық академия­лық демалыс беріп, құтқарып жіберген. Кейін қуғын-сүргін бәсеңсіген кезде олардың барлығы дерлік университетке қайтып оралыпты.

Комиссияны өзі бастап келген Соло­мен­цев “КазГУ – рассадник национа­лизма, пора навести здесь порядок” деп бар қаһарын бас университетке төкті. Университет ректоры Ө.Жолдасбеков пен декан Т.Қожакеев партиядан шығары­лып, қызметінен қуылды. Мұның өзі қып-қызыл науқанға айналып, га­зеттерге “Жолдасбеков не үшін партия­дан шығарылды?” деген алаулатып-жалаулатқан материалдар басылды.

Қорқау қасқырлар Арыстанды сексен рет тергеуге алып, жабыла таласа да жеңе алған жоқ. Басына – жаза, жанына – жара түскен Жолдасбеков бар қиындық­қа қасқая қарсы тұрып, жағадан алып, етектен тартқан қорқауларды шашып тастап, қайтпас қайсарлықпен алға жылжыды.

 “Соқтықпалы, соқпақты” заманда ол жалғыз қалған жоқ. Жанында қашанда шындықтың жолынан табылатын акаде­мик Зейнолла Қабдолов бастаған қамқор ағалары, профессор Бақытжан Жұмағұ­лов­тың төңірегіне топтасқан ізбасар інілері болды.

Ө.Жолдасбековті партиядан шығаруға арналған ашық партия жиналысында, қанша дегенмен Махамбеттің тұқымы емес пе:

– Өмірбек Арыстанұлы құбылыс қой. Оны даттаудың орнына мақтау керек, – деп Зейнолла ағамыз ақырып теңдік сұрапты.

Көз алдында шындықтың атасы өліп жат­қанына шыдамаған профессор С.Ли­берман комиссияның алдына универ­ситет­тің телефон анықтамалығын жайып салып:

– Сіздердің айтып отырғандарыңыз қайдағы ұлтшылдық. Мынаған қарасаң­дар­шы, жарқындарым-ау: Пуриц, Шварц­ман, Генкин, Горенман, Слуцкий, Розенфельд, Агучевич, Сперанская, Мир­­кин, Ульман, Либерман. Қазақстан­ның бір де бір жоғары оқу орындарында осыншама еврей істеген емес, – деп ашынып айғай салыпты.

Университет профессорлары Арыстан ректорды көп қорқаудың талауына бер­мей, “қатаң сөгіспен” аман алып қалды. Бірақ қадалған жерінен қан алатын ко­миссия қалалық партия комитетінің бю­росы арқылы Ө.А.Жолдасбековті ақыры партиядан шығарып, дегеніне жетіп тынады.

Арыстанды талау науқаны мұнымен тоқталмайды.

Көп ұзамай Соломенцев бастаған ко­миссияны КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды істері жөніндегі тергеушісі А.Калиниченко басқарған жаналғыштар тобы алмастырады.

“Жолдасбековтің ұлтшылдығы” оны абақтыға жабуға желеу болып жарытпай­тын­дықтан, олар ректордың кабинеті, үйі, саяжайы, көлігі төңірегін түгел тіміс­кілеп, көр-жерден ілік іздеп, іс қозғай бастайды.

Сөйтіп жүргенде комиссияның көк­тен іздегені жерден табылғандай болып, уни­верситетке алынған, құны 200 мың сомдық  жиһаздар топтамасы “жоқ” болып шығады.

– Ол бар, кілті менің сейфімде. Топтаманы сол кілттермен түгендеуге болады. Дұрыстап қарасаңыз бәрі орын-орнында тұр, – деп жұмбақтап жауап береді ректор алғашқы тергеуде ағынан жарылған болып.

Сейфтен бір бума кілтті алғанымен жиһаздың төрттен бірін ғана ректордың кабинетінен тауып, қалғанын қолына шам алып іздесе де таба алмаған тергеуші оны қайта шақырады:

– Бұл өзі бөліске түсіп кеткен жиһаз. Қал­ғаны менің орынбасарларымнан шығып қалуы мүмкін, – дейді жұмбақ­тың тағы бір ұшын шығарып.

Тергеушілер университет проректор­ла­ры­ның үйін түгел тінтіп, өздерінен қай­та-қайта жауап алса да, еш нәтиже шығара алмай Жолдасбековті қайтадан тергей бастайды.

 – Мүмкін емес. Солардың алғаны айдан анық. Дұрыстап іздей алмаған­сың­дар ғой. Тіпті жиһазды бөліске салуға бас корпуста істейтін екі деканның да қаты­сы бар. Мүмкін солар мойындап қалар, – деп тергеушілерді тағы бір сүрлеуге салып жібереді.

Шаш орнына бас алуға дайын тұрған әлгілер әп-сәтте екі деканның үйін әп­тер-тәптерін шығарып, өздерін сұрақтың астына алады. Бұдан да ешнәрсе шықпа­ған соң Жолдасбеков тағы да тергеуге шақырылады. Бұл жолы Калиниченко қатты кетіп:

– Мазағыңызды доғарыңыз, жолдас Жолдасбеков. Мен сіздің тергеу ісіне кө­мектесуге ниет білдіргеніңіз үшін жаза­ңыз­ды жеңілдетейін деп жүрсем, сіз мені ақы­мақ қылғыңыз келеді екен ғой. Қыл­жақ­ты қойып, жиһазды қашан, кімге, қан­дай жағдайда бергеніңізді ашық айтыңыз. Әйтпесе бұл күніңізге зар боласыз, әлі, – деп қоқан-лоқы жасауға көшеді.

 – Жолдас тергеуші. Бұған дейін айт­қан бір де бір сөзімнен қайта алмаймын. Ондай қымбат жиһаздың алынғаны рас. Оның мәжіліс өткізетін үстелі мен екі кітап шкафы менің кабинетімде, ал диваны қа­был­дау бөлмемде тұр. Оны өзіңіз көрдіңіз. Ал қалғаны менің орынбасарларым мен екі деканның сіз іздегендей үйінде емес, кабинетінде тұр. Ал сіздің адамдарыңыздың оны көрмеген себебі, олар жиһаз емес, пәле іздеген, – деп ызадан жарылардай болған тергеушіге жайбарақат қана жауап қатыпты.

Академиктің үнемі осындай қитұрқы комбинациялармен бір емес, бірнеше рет әбден ақымақ қылғанына ыза болған А.Калиниченко:

 – Этот Джолдасбеков, не компьютер, а система компьютеров, который предви­дит на 20 ходов вперед, – деген екен.

Мұның алдында әйгілі “мақта ісі” бой­ын­ша өзбек ағайындарды қалпақпен ұрып алуға үйренген мәскеулік тергеушілер арыстандай айбат шеккен Жолдасбеков, көкжалдай қайсар мінезді Қожакеевтерді қанша әурелесе де еш нәтиже шығара алмай, әбден салы суға кетеді.

ӨМЕКЕҢ қуғын-сүргінге іліккен жылдары мен Қазақ энциклопе­диясының Бас редакциясында

қызмет істейтінмін. Орталық Комитеттің зіл­ді бұйрығымен республикамыздың ғы­лым-біліміне арналып 1988 жылы жарық көрген “Қазақ ССР” қысқаша энциклопе­диясындағы академик Өмірбек Жолдас­беков туралы есімнамалық мақала алынып тасталды.

Осы бір әділетсіздік үшін өзімізді қарадай кінәлі санап жүргенде Өмекең телефон соғып:

– Бұған сендердің еш кінәларың жоқ. Мен туралы мақала 12 томдық қазақтың тұңғыш энциклопедиясында шыққан. Оны бұл сүмелектер балталаса да бұза алмас. Бұдан кейін де өмір бар шығар. Аман бол­сақ, сонда тағы шығармыз. Ал сен жеңгең туралы мақаланы қадағаларсың. Ол доктор­лықты таза, өз еңбегімен қорғаған адам. Жеңгең үшін кіммен болса да майдандасуға әзірмін, – деді.

Өмекең тар заманда табысқан жары Мая Михайловнаны ерекше жақсы көруші еді. Мая жеңгеміздің әкесі Мұхаметәлі отызыншы жылдарда Оңтүстік Қазақстан об­лыстық партия комитеті ауыл шаруашы­лығы бөлімінің бастығы қызметін атқарған беделді адам болыпты. Қазақ зиялылары­ның алғашқы легі репрессия тырнағына іліккенде Мұхаметәлі ағамыз солардың қатарында 37-нің қанды қасабына түсіп, ал жары Сұлухан Карлагтан бір-ақ шығады. Соғыстан кейін сталиндік құрсау сәл бо­саң­сыған кезде Сұлухан апамыз тұтқыннан босатылып, Шымкентте тұруға рұқсат алады. Осы қаладағы орыс орта мектебінде оқып жүрген Мая 9-сыныпқа келгенде Шымкенттегі Қ.Сыпатаев атындағы қазақ мектебінде оқитын Өмірбекпен танысады.

Мектеп бітіргенше Қозы мен Баяндай жұбы жазылмаған екі жас – Өмірбек – Мәскеу, ал Мая Ленинград университетіне оқуға түседі.

Сол кездің өзінде еті тірі Өмекең уни­вер­ситет басшылығына қайта-қайта кіріп жүріп, болашақ жарын МГУ-дің филология факультетіне ауыстырады. Күндіз оқып, кешке жұмыс істей жүріп өзін де, қалың­дығын да асырайды. Тіпті артық-ауыс тиын-тебенді алыстағы анасына да жіберіп отыруды ұмытпаған. Екі жас бесінші курс­қа көшкенде шаңырақ көтеріп, МГУ-дің енді ғана пайдалануға берілген көп қабатты бас корпусында үйлену тойларын өткізеді. Тойға сол кезде Мәскеуде гастрольдік сапар­мен жүрген, атағы жер жаратын әйгілі әнші Роза Бағланова қатысып, жастайынан жетімдіктің зарын көп тартқан қос мұң­лыққа мәңгі ұмытылмас сыйлық жасайды. Бағланова ән шырқаған бұл той кейін та­лай адамдар тамсана айтып жүретін тағы­лымды той болыпты. Осылайша бала кү­нінде, балапан кезінде табысып, мәңгілікке тағдыр қосқан аса нәзік жаратылысты жары – Мая жеңгемізді Өмекең өмір бойы алақанына салып өтті.

...Көп ұзамай энциклопедияның үшінші томы шығып, онда ғылым докторы, про­фес­сор М.М.Бағызбаева туралы мен жазған арнайы есімнамалық мақала жарияланды.

Кере қарыс қалың кітапты қолына ұстап тұрып Өмекеңнің сондағы қуанғанын көрсең:

– Мая, Маечка! Бүгін сенің күнің. Та­рихқа кірген деген осы. Мен бұрынғы эн­циклопедияға кірсем, сен мына су жаңа эн­циклопедияға ендің. Бұдан артық қандай құрмет керек. Жалпы энциклопедияға бір үйден бір профессор кірсе де жетпей ме? – деп қанша көңілі жарым болып жүрсе де, жарының қуанышына жас баладай қуа­нып, соңын кішігірім тойға айналдырып жіберді.

Сексен сегіздің соңында төрт томдық қысқаша энциклопедияның 4-томы өнді­ріс­ке кетті. Бұл кезде Жолдасбековтің пар­тия­лылығы әлі қалпына келтірілмеген еді.

Бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін: ол кезде партиядан шығу қоғамдық өмірден аластатылумен бірдей еді. Партиядан шық­қан адамға есік атаулы тарс жабылып, би­лік атаулы жонын ғана көрсететін.

Сексен сегіздің соңында қысқаша энци­к­лопедияның көлемі 138 баспа табақ­тық 4-ші қорытындылаушы томы өндіріске жіберіліп, версткалары келе бастады. Бұл 89-жылдың ортасына дейін жалғасып, жаз ортасы ауғанда том негізінен түптеуге дайын болды.

Сол кезде Қазақстанды екі жарым жыл бойы алашапқынға салған Г.Колбин кетіп, республика басшылығына Нұрсұлтан Назар­баев келді. Республика Министрлер Кеңесін басқарып жүрген кезде-ақ КазГУ-ге бірнеше рет арнайы келіп, қалашық құрылысымен танысқан, Өмекеңнің өзін де, іскерлігін де жақсы білетін Нұрсұлтан Әбішұлы кесек мінез танытып, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың партия билетін қайтартып берді. Ө.А.Жолдасбе­ков­тің партиялылығының қалпына келтірілуін республика жұртшылығы оның толық саяси ақталуы ретінде қабылдады.

Бұл кезде 4-том түгелдей дерлік верст­ка­ланып, соңғы қосымшалары ғана өнді­рістен келіп жатқан. Энциклопедияның жауапты хатшысы ретінде мен осы томдағы КазГУ-дің оқытушысы, кейін Қазақстан­ның Әділет министрі болған К.Колпаков­тың “Жариялылық” атты мақаласынан 1500 таңбалық көлемді ойып отырып алып, оның орнына академик Ө.А.Жолдасбеков туралы мақаланы жайғастырдым. Бас редакторымыз, академик Рымғали Нұрғали менің бұл “тапқырлығымды” қуана құп­тады. Сөйтіп, 1989 жылдың соңында жарық көрген “Қазақ ССР” қысқаша энцикло­пе­диясының 4-томында Ә.Бөкейханов, А.Бай­­тұрсынов бастаған Алаштың қайтып орал­ған арыстарымен бірге Ө.А.Жолдас­беков туралы энциклопедиялық мақала жарқ ете қалды.

– Это уже не только политическая реа­би­литация, а политическое признание моих заслуг. Посмотри, в какой компании оказался. Теперь мы им покажем, кто есть кто, – деді академик қуаныштан қызыл шырайлы жүзі бал-бұл жайнап.

Дәл сол кезден бастап академик Жол­дас­бековтің есімі газет-журнал беттерінде, теле-радио эфирлерінде жиі-жиі аталып, азаматтың ардақты аты қалпына келтіріле бастады.

Арыстан тағы да жортуылға шықты.

КЕЛЕСІ 1990 жылы Қазақстан тари-хында тұңғыш рет демократиялық жолмен Парламент сайлауы өтті. Өмірбек Арыстанұлы өзі 16 жыл қызмет істеген университет округінен баламалы негізде депутаттыққа түсті. Округтің аты “университет” дегені болмаса, онда КазГУ, КазПТИ, Қазақ энергетикалық институт­тары мен басқа да толып жатқан мекемелер орналасқан өте үлкен округ болатын. Оның үстіне жоғарыда аталған үш оқу орнының ректорлары да Өмекеңнің басты қарсылас­тары ретінде сайлауға түсті. Оның бер жағында С.Дуванов, Г.Ерғалиева сияқтылар да дәл осы округтен тіркеліп, сайлау алды насихаттың көрігін қыздырып-ақ жіберді. Бұл өзі қырғын сайлау болды.

Бұл жолы да академиктің сайлау шта­бын өзі “мой могучий человек” деп ерке­лете жақсы көретін шәкірті Б.Жұмағұлов басқарды. Бір күні Бақытжан телефон соғып:

 – Мұха, Өмекең өзіңе бір шаруа тап­сырып еді. Көзбе көз кездесіп, ақылдас­сақ қайтеді, – деді. Мен бірден келістім. Көп ұзамай ол энциклопедияға келді. Телефон­ды, кабинеттегі әңгімені тыңдау дегеннен әбден зәтте болған біздер далаға шығып сөйлестік.

Ол кезде баспахана атаулы түгелдей мемлекет меншігінде болатын. Көшіру аппаратураларын былай қойғанда, жазу машинкалары қаріптерінің үлгілеріне дейін КГБ-ның есебінде тұрушы еді. Ба­қытжанға Өмекеңнің сайлау парақшаларын көбейту керек болған. Және анау-мынау емес – 10000 дана. Ондай мүмкіндік бізде бар. Бірақ оған энциклопедияның үш айға мөлшерленген көшіру ұнтағы кетеді. Мен қолдан келгенше көмектесетінімді айтып, нақты жауабымды ертең беретін болып уағдаластық. Ертеңінде Бақытжан екеуіміз энциклопедияның подвалындағы ротап­ринт бөлмесінде құдды бір астыртын ұйым мүшелеріндей есікті ішінен іліп алып, болар болмас жарықта түні бойы жалғыз беттік сайлау парақшасын 5000 дана етіп көбейтіп, сайлаушыларға тараттық.

Өмекең алғашқы турда-ақ суырылып алға шығып, Энергетикалық институттың ректоры А.Богатыревпен екінші кезеңге өтті. Екінші турда да ескі ротапринттің пай­дасы тиді. Сол жолы Өмекеңнің жұл­дызы оңынан туып, 12 шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл оның үлкен саясат сахнасына ақбоз атын ойқастата салтанатпен оралуының басы еді.

Тоқсаныншы жылдар Өмірбек аға үшін табысты жылдар болды. Оның төңірегіне бір кездері қатары сирей бастаған алыс-жақын ағайындары мен достары жинала бастады. Сонда: “Абайласаңшы, сенің досыңнан қасың көп” деген жанашырына: “Қас санауға уақыт жоқ, дос түгендеп жүр­мін”, деп жауап қатыпты. Кейін оның бұл сөзі ел арасына афоризм ретінде тарап кетті.

Академик Ө.Жолдасбеков 1991 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Инже­нер­лік академия құрып, оның тұңғыш президенті болып сайланды. Ағыны қатты ақ дариядай үнемі алға жылжитын акаде­мик оның да жұмысын аз ғана уақыт ішін­де дөңгелетіп жіберді.

Бұл жылдары мен энциклопедиядағы қызметтен кетіп, кәсіпкерлік жолына түс­кен едім. Сол кездегі мына бір оқиға да әлі күнгідей есімде.

Мен кәсіпкерлікті өзім қыр-сырын әб­ден жақсы білетін баспагерліктен бастадым. Бұл 1992 жылдың көктемі еді. Жұмысымды жоғары оқу орындарына түсетін талапкер­лерге арналған көмекші оқу құралдарын шығарудан бастадым. Соның ішінде “Орыс әдебиеті” бойынша оқу құралын жазуды М.М.Бағызбаевадан өтіндім. Ол өзінің Журав­лева дейтін әріптесін қосалқы автор ретінде қасына алып, бас-аяғы 1-2 айдың ішінде қолжазбаны дайын етті.

Оқу құралы баспаханадан жаңа ғана шығып, сүйінші данасы келген күні Мая Михайловнамен хабарластым. “Түс кезінде үйге келсең қайтеді. Ағаң да сені іздеп жүр еді”, – деді ол қашан көрсең жазбайтын сол баяғы биязы дауыспен.

Жолдасбековтер академик М.Қозыбаев­пен бір үйде, бір подъезде: Манаш аға – үстіңгі, Өмекеңдер астыңғы қабатта тұратын.

Үйге келсем дастархан жаюлы, жанында мен жыға танымаған қонағы бар Өмекең ерекше көңілді екен:

 – Мұхтаржан біздің үйге тек қуаныш сыйлап қана келеді. Бүгін менің Маеч­камның кітабы шықты. Қане, көрсетші өзін, – деп мен ұсынған алқызыл түсті, жұқа мұқабалы кітапшаны мейірлене қолына алды.

– Мая, мынау тіпті өзің сияқты үлбіреп тұрған не деген әдемі кітап. Құтты болсын. Сүйіншісі менен. Ал, Мұхтар, сен де сүйін­шіңді дайындай бер. Ағаң бүгін Междуна­родная инженерная академияның 1-вице-президенті болып сайланды. Сондықтан бүгін біздің үйде двойной қуаныш, – деді орысша-қазақшаны араластыра сөйлеп, бізді дастарханға шақырды. Өмір бойы орыс тілді ортада қызмет істеп, еңбек етсе де Өмекең қазақшаны келістіріп-ақ сөй­лейтін, бірақ көңілді сәттерде орысшаны да кесек-кесегімен тоғытып жіберетін және мұнысы өзіне ерекше жарасып тұратын.

Ағамыз сол жолы ерекше шешіліп сөйледі. Менің кәсіпкерлікке ауысқанымды қуана құптап, талай-талай тағылымды ақыл-кеңестерін айтты.

“Купи-продайдың” заманы әлі-ақ өтеді. Осы бағытыңнан айныма. Көп оқитын елге көп кітап керек”, – деп үнемі жігерлен­діріп отырды.

Тоқсаныншы жылдары Өмекең өзі құр­ған Инженерлік академияны аяғынан нық тұрғызды. Ол аз десеңіз, Халықаралық ин­же­нерлік академиясының қаз тұрып, бүкіл дүние жүзіне қанат жаюына аса зор ықпал етті. Оған осы академияның бүгінгі прези­денті, аты әлемге мәшһүр ғалым, академик Б.В.Гусевтің: “У.А.Джолдасбеков не только великий ученый и инженер, по­лу­чивший признание в России, Казахстане, Азии и Европе, но и выдающийся организатор ин­женерного движения в мире, один из соз­дателей Международной инженерной ака­демии, авторитет которого получил под­держ­­ку целого ряда стран мира... США, Гер­мании, Англии, Фран­ции, Китая, Юж­ной Кореи, Японии, Пакистана, Египта и многих других”, – деген сөздері куә.

Менің Қазақстанда академик Ө.А.Жол­дасбеков негізін салған мәшинелер мен механизмдер теориясынан хабарым жоқ. Бірақ академиктің осы сала бойынша 70-тен астамы шет елдерде жарық көрген, жалпы саны 400-ге жуық ғылыми еңбектің авторы атанып, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттер алуы оның аса үлкен ақыл-ой иесі болғандығының айқын айғағы деп білемін.

Өмекең әлем ғұламалары мойындаған абырой-атақтарға атағы аспандап тұрған сексенінші жылдары емес, әлі елуге де тол­маған жетпісінші жылдары-ақ жетіпті. Егер сіз Үлкен Кеңес Энциклопедиясынан бас­тап, бүгінгі Ресейде шығып жатқан кез кел­ген әмбебап энциклопедияны ашар болса­ңыз, одан міндетті түрде “Артоболев­ский И.И.” деген есімнамалық мақаланы таба­сыз. Сонау 1946 жылы академик сайланып, 1969 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған, сөйтіп 1977 жылы дүние салған осы бір ғұлама ғалым туралы барлық энцикло­педия­ларда ешбір өзгеріссіз қайталанып келе жатқан бір ғана дефиниция бар. Ол: “мәшинелер мен механизмдер теориясы саласындағы ғылыми мектептің негізін са­лу­шы” деген анықтама. Міне, осы аты аңызға айналған академик И.И.Артоболев­ский 1976 жылы (ол кезде Өмекеңнің жасы 45-те): “Академиком У.А.Джолдасбековым, выдающимся ученым, проведены широко­масштабные научные исследования по разработке теории механизмов высоких классов и созданы принципиально новые, не имеющие аналогов в мировой практике, механизмы и манипуляционные устройства высоких классов, которые защищены ав­торскими свидетельствами СССР на изоб­ретения и запатентованы за рубежом”, – деп жазыпты. Ұстаздың шәкіртіне қанша талантты болса да “аса көрнекті” деген эпи­тетті қолдануы сирек. Өмекең соны Артоболевскийге айтқызды. Айтқызған – оның әлемдік практикада теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтары. Бәлкім, оның бәрін академик Ө.Жолдасбеков жеке-дара ашпа­ған болар. Мүмкін ол теңдесі жоқ техни­каларды талантты шәкірттерімен бірге жа­са­ған болар. Мәселе – соның ашылға­нында, мойындалғанында, адамзат игілігіне асқандығында. Ал оның бәрінде, сөз жоқ, академик Ө.Жолдасбековтің қолтаңбасы бол­ғандығында өз басымның еш күмәні жоқ.

АКАДЕМИК Ө.А.Жолдасбеков 1993 жылы өзі туған оңтүстік өлкесінен  Жоғарғы Кеңеске тағы да депутат болып сайланды. Сайланып қана қойған жоқ, оның ғылым, білім және жаңа техно­логиялар жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

Келесі 1994 жылы қоғамдық-саяси қыз­меті тағы да үздіксіз өрлеу жолына түскен Өмекең ойламаған жерден сүрініп кетті.

Сол жылы 2 ақпанда Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысына қатысып, оның президент­тігіне академик-депутат Ө.А.Жолдасбеков­тің кандидатурасын ұсынды.

Осы тұста өткенге сәл шегініс жасап, мына бір жайдың басын аша кеткен жөн сияқты. Өмекең КазГУ-ді басқарған жыл­дары университет пен академия арасында бәсекелестік, тіпті бақталастық орнықты. Сол кезде Ғылым академиясын басқарған енжарлау президенттің жанында, үнемі шалқып-тасып, жанып-жарқылдап жүретін ректор жұртшылықтың да, ғылыми қауым­ның да назарын өзіне аудара білді. Соның нәтижесінде университетке болашағы зор жас ғ­алымдар ағылып келе бастады. Алым­ды ректор оларды келген бойда қамқор­лыққа алып, басына баспана, алдына кафедра, лаборатория беріп, ғылыми жұмыспен емін-еркін айналысуына барын­ша жағдай жасады.

Бұрындары консервативтік академияда кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жолында жылдар бойы жүретін ғалымдар, динамикалық даму жолындағы университетке ауысқаннан кейін тез арада қорғап, үлкенді-кішілі атақ-абыройларды алып жатты. Сол жылдары, әсіресе жасы 30 бен 40-тың ар жақ-бер жағындағы университеттің жас ғалымдары кандидат пен докторлықты қорғауды былай қойып, Қазақстан мен КСРО мемлекеттік сый­лықтарына ие болды.

Міне, Өмірбек Арыстанұлы сайлауға түскенде осы ескі бәсекелестік қайта қозып, Елбасының өзі ұсынып отырған құлагер кандидатура орта жолдан құла­тылды. Егер дәл сол жолы президент­тікке Ө.Жолдасбеков сайлана қалғанда Ұлттық академияның кейінгі тағдыры мүлде басқаша болуы әбден мүмкін еді.

Дауыс беру қорытындысы жария етілгенде: “Таққа емес, тазалыққа тала­сым бар”, – деген Өмекеңнің кезекті сөзі осы жолы туып, қанатты сөзге айналып кете барды.

1995 жылы еліміздің жаңа Консти­туциясы қабылданып, соның негізінде қос палаталы жаңа кәсіби Парламент сайланғанда Ө.Жолдасбеков тағы да туған өлкесінен додаға түсіп, жеке-дара топ жарды.

Көп ұзамай республика Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағалығына сайланды. Осы жылдары академик-депутаттың дауысы Парламент мінберінен жиі есті­летін болды.

Тоқсан жетінші жылдың желтоқсан айында ел ордасы Алматыдан Астанаға көшіріліп, Арқаның ақырған аязы салтанат құрып тұрған шақта жаңа астанада дүркіреген той өтті.

Осы түнгі “Меруерт” мейрамхана­сында өткен банкеттен соң тойшыл қауым тобымызды жазбай арнайы ұшақпен Алматыны бетке алып қайта ұштық. Әуелі Алматы, кейін Тараздың әуежайы қабылдамаған біздің ұшағымыз түн ортасы ауғанда Шымкентке келіп қонды. Айналайын, оңтүстіктегі ағайын­дар-ай, ұлтымыздың ұлы қайраткері Бәйкен Әшімов бастаған той қонақтарын түн іші болса да, жайылып жастық, иіліп төсек болып қарсы алды. Ойхой шіркін, кім болмап еді сол топтың ішінде: Қ.Мұхамеджанов, Е.Серкебаев, А.Әші­мов, С.Оразбаев, Ш.Уәлиханов, М.Ма­ғауин, Т.Садықов, Н.Мамыров, Алексий... небір жақсы мен жайсаңдар. Шымкенттік бауырлар бәрімізді құшақ жая қарсы алса да, бір кісіге деген ерек­ше құрметі айрықша сезіліп-ақ тұрды. Әрине, ол осы қалада мектеп бітіріп, ғылымдағы, өмірдегі жолын тура осы жерден бастаған Өмірбек аға болатын. Сол кезде денсаулығы сыр беріп, шар­шап-шалдығып жүрсе де, соның бірін де сездірмеген сырбаз қалып танытып, көппен бірге дастархан басын әп-сәтте-ақ мереке-думанға айналдырып жіберді.

– Бүгін бәріңіз де менің туған қалам­ның қонағысыздар. Қонақ болғанда мың шақырып келтіре алмайтын қадірлі меймансыздар. Сондықтан дәм айдап келген сіздерден осы дастархан басынан кетпеулеріңізді өтінемін, – деп өзі асаба, мені орынбасар етіп дастархан басын думандатып жіберді.

Бұл өзі естен кетпес ғажап түн болды. Ән де айтылды, күй де шертілді, әңгіме де ағытылды, шарап та ішілді. Дастархан да дәл бір ертегідегі сияқты Өмекең шапалақ қаққан сайын алуан түрлі дәмге толған үстіне тола берді. Қонақтарға зыр жүгіріп қызмет істеген інілерінің іс-әрекетіне мәз болып, қарқ-қарқ күлген академик ағаларына інілік ізетпен қыз­мет етумен болды.

Дария-дастарханның жағасында Өмекең патша болған сол түн менің жадымда мәңгілік қалып қойды.

Шапқан аттай, атқан оқтай көзді ашып жұмғанша өте шығатын қайран өмір-ай, десеңші. Келесі жылы Қара­тауда өніп, Алатауда өркен жайған қазақтың алып бәйтерегі құлады деген суық хабар жетті.

Мен ауруханаға келгенде ағаның құлжаның асығындай құрыш денесі босаңқырап, күрең жүзі қуқыл тартып, әшейінде от шашып тұратын қос жанары шүңірейіп, жағы суалыңқырап қалыпты.

Қарасынан ағы көбейе бастаған қасын сәл көтеріп, “жеттің бе, бауырым” дегендей белгі берді. Мен үнсіз келіп оның ақ сейсептің сыртында жатқан сол қолын сәл ғана көтеріп, қос алақаныма салдым. Еті қаша бастаған ағаның салалы саусақтары маған жұп-жұмсақ сезілді. Ол сұлық жатқан оң қолын баяу ғана көтеріп менің қолымның үстіне қойды.

Осы сәтте ағаның аялы алақандары арасында қалған менің қолдарым арқылы өне бойыма ерекше бір шуақ шым-шымдап тарап жатқандай әсерде болдым.

Бұл үнсіз қоштасуды ту сыртымда тұрған дәрігердің оң иығымнан жайлап қана түртуі бұзды. Мен бойыма жып-жылы нұр құйған ағаның алақандарын жайлап қана ақ жайманың үстінде қалдырып, оның мейір-шапағат шашқан жүзінен көз алмастан біртіндеп кейін шегіндім. Бұл біздің ең соңғы бақұл­дасуымыз еді.

Арыстанның алып тұлғасы тура кел­ген ажалмен тоғыз ай бойы арпалысып, келер жылдың ортасында сұм ажал ақыры алып тынды.

Қарт Қаратау күңіреніп, ақбас Алатау аңырады. Ел азаматын жоқтап, Елбасы қайғырды. Қайғырған емей немене Өмекең өмірден озғанда Нұрсұлтан Әбішұлы: “Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, есімі әлемге танымал ғалым, еліміздің ғылымы мен жоғары мектебінің іскер ұйымдастырушысы, жаны жайсаң ақжарқын азамат Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің дүниеден өткеніне қатты қайғырамын”, – деп елмен бірге егіліп, марқұмның отбасына жеделхат жолдады.

... Алматыға келген сайын Есентай­дың жағасындағы құтты мекен – үйім­нің терезесін ашып қалсам Алатаудың бар жұпарын бойына сіңірген тап-таза ауа бөлмеме лап қояды. Жан сарайымды бірден ашатын хош иісті сіміре жұтып, терезеден студенттік сергек күнім, сері шағымды еске түсіретін әдемі қалашыққа көз тастаймын.

“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді”. Жақсы ағаның өлместей, өшпестей етіп салған қалашығы сол баяғы қалпында. Жоқ, аздаған өзгеріс бар сияқты.

Алатаумен иық таластыра бой кө­терген бас корпустың алдында әл-Фара­бидей әз бабадан садаға кеткір әлдебір қайыршы-қалендердің сөлбірейген сүлдесі тұр.

“Орнаттым мен өзіме сом ес­керткіш”.

Иә, Жолдасбеков көзі тірісінде-ақ өзіне КазГУград дейтін еңселі ескерткіш орнатып кеткен кесек тұлға.

Енді сол қалашықтың төрінде күн сүйген торсық шекесінде үнемі толқын­данып тұратын арыстанның жалындай бұйра шашын артқа қарай сілкіп тастап, Арыстанұлының құрыштан құйылған құдіретті бейнесі тұрар болса қалашық қалай көркейіп, Алатау қалай айбаттанып кетер еді...



Авторы: Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети